19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Асарды жаңғыртып, бірлікті нығайтайық

Мінбер

Асар– ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, бір-біріне ақысыз көмек көрсету, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. Халқымыз  қол күшін керек ететін, көпшіліктің қатысуымен іске асатын үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырған. Осылайша бірлесе білек сыбанып, «жұмыла көтерген жүкті» асар деп атаған.

Көмекке келген адамдар еңбек ақы сұрамаған. Үй иесі оларға арнайы мал сойып, ас әзірлеп, жағдайын жасаған. Асар халқымыздың бірлігін, көмек қолын беруге, жақын дос адамдарға қамқорлық жасаудағы ұйымшылдығын көрсетеді. Қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ бұл дәстүрдің өте ертеде пайда болғандығы жайында деректер бар.

Асар жасаудың екінші атауы – үме, серне. Сондықтан болса керек, ата-бабамыздан  «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген мақал қалған.

Ата салтымыз адамдарды ынтымақ-бірлікке, ұйымшылдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеп, еңбек етуге баулитын қоғамдық және әлеуметтік маңызы зор, пайдасы мол, мәні терең іс екендігі сөзсіз.

Бірлесе отырып, бір-біріне қол ұшын созу —  мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындаған қазақ халқының дүниетанымындағы маңызды ұғым. Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Бабаларымыз әрқашанда «бірлік болмай – тірлік болмас», «бірлік түбі — береке»  деп, келер ұрпақты ұлағаттылыққа тәрбиелеп отырған.

Иә! Қазақ мәдениеті және салт-дәстүрі мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде екендігі айдан анық. Осы орайда, дәстүрімізбен астасқан асыл дініміз Исламда бауырмалдықтың, ұйымшылдықтың, Алла жолында көмек қолын созудың  маңыздылығына тоқтала кетуді жөн көрдік.

Шын мәнінде, бірлік пен ынтымақтастық әр қоғам мен үмбеттің күші және дамуының  басты себепшісі.Ислам адамдарды бір-бірін жақсы көруге, бір-біріне жәрдемдесуге шақырады. Құран Кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

      «Шын мәнінде мүміндер туыс қой[1]...»,- деп мұсылман халқының бір-біріне бауыр екендігін ескерткен. Әбу Мұса (р.ғ.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.):

عن أبي موسى الأشعري -رضي الله عنه- قال:قال رسول الله صلى الله عليه وسلم-  المؤمن للمؤمن كالبنيان يشد بعضه بعضا، وشبك بين أصابعه

        «Мүмін мен мүмін (яғни, мұсылман қауымы) бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің құрылысы секілді – деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды[2]» – деген. Сондай-ақ, тағы бір хадисте ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.):

وَمَنْ كَانَ ف۪ي حَاجَةِ أَخِيهِ كَانَ اللّٰهُ ف۪ي حَاجَتِهِ، وَمَنْ فَرَّجَ عَنْ مُسْلِمٍ كُرْبَةً فَرَّجَ اللّٰهُ عَنْهُ بِهَا كُرْبَةً مِنْ كُرَبِ يَوْمِ الْقِيَامَةِ،

        «Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады[3]»,- деп айтқан.

         Жоғарыдағы аят-хадистерді зерделеген ғұламалар: «Бір-бірін Алла үшін жақсы көрген пенделерге иненің тесігі де тар болмайды. Бірін-бірі жек көрген адамдар үшін дүниенің кеңдігі де түк болмайды», – деп, мұсылмандарды бірін-бірі жақсы көруге, жанашырлық танытып қол ұшын созуға үндеген.

       Ежелден «аят-хадис сөздің басы» деп білген қазақ халқы бір істе ынтымақтасуда алдарына жан салмайтын, бауырмалдыққа ерекше көңіл бөлген ел. Демек, халқымызда қалыптасқан ұйымшылдық пен өзгеге көмек қолын созудың  түп  негізі Алланың кәләмі мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде жатыр десек дөп басарымыз ақиқат емес пе?

       Ендеше, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміздің тізгіні өз қолымызға беріліп, ата-баба дәстүрімен қайта қауышып «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда Жаратқанға жақындататын ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту сіз бен біздің борышымыз.

Нұрлан БЕКБОЛАТҰЛЫ,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің  наиб имамы 



[1]«Хужурат» сүресі, 10- аят

[2]Бұхари, саләт 88; Муслим, бирр 65

[3]Бухари, Муслим риуаят еткен

Бөлісу: