20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

«Саған Жәннаттық әйелді көрсетейін бе?»

«Саған Жәннаттық әйелді көрсетейін бе?»

Ислам жұлдыздары

«Сабыр етем, шыдаймын, уа, Алланың елшісі! Аллаға мені бұдан айықтырмауын сұрап дұға қыл».

Умму Зуфар Хадиша анамыздың күтушісі болатын. Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктеліп, адамдарды Исламға үндей бастағанда өз ханымының күйеуі жалған сөйлемейтін, ақиқатқа ғана шақыратын адал кісі екенін білетін Умму Зуфар Аллаға иман келтіріп, жаңа сенімді қабылдайды.

Умму Зуфардың көп жылдардан бері мазалайтын ұстамалы жүйке ауруы бар еді. Осы ауруы ұстағанда Умму Зуфар есінен танып жығылып, қалтырап-дірілдеп қатты қиналатын. Науқасы жанына батқан ол бірде Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, Алладан өзін бұл дерттен айықтыруын сұрауды өтінеді.

– Менің ұстамалы жүйке ауруым бар. Мені бұдан айықтыруын сұрап Аллаға дұға қыл, уа, Алланың елшісі! – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған:

– Қаласаң, (науқасыңа) сабыр қыл, саған жәннат бұйырады. Егер қаласаң, сені айықтыруын сұрап Аллаһқа дұға етейін, – дейді.

«Жәннат» деген сөзді естігенде, Умму Зуфарға жанын жегідей жеп, қор қылып жүрген сырқаты дәнеңеге тұрмай қалады. Ол жәннатты аңсап, оған жету жолында барлық қиыншылыққа төтеп беретін Исламның алдыңғы буын өкілдерінен болатын. Бір хадисте: «Алла тағала періштелерден: «Құлдарым Менен не тілейді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Олар Сенен жәннатты сұрайды», – дейді. Алла тағала: «Олар оны көрген бе?» – деп сұрағанда, періштелердің әрқайсысы:«Алланың атымен ант етемін! Уа, Тәңірім! Олар оны көрмеген», – деп айтады. Алла тағала: «Егер олар оны көрген болса, не істер еді?» – деп сұрайды. Періштелер айтады: «Егер олар оны көрген болса, оған жетуге барынша күш салар еді және оған бұрынғыдан да үлкен табандылықпен ұмтылар еді. Сондай-ақ оны әуелгіден де көбірек қалар еді», – дейді», – делінген.

Міне, Умму Зуфар періштелер осылай деп сипаттаған пенделерден еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған жаннатты уәде еткенде, сұрай келген өтініші болмашы нәрсеге айналып:

– Сабыр етем, шыдаймын, уа, Алланың елшісі! Аллаға мені бұдан айықтырмауын сұрап дұға қыл, – деп өтінеді. Бірде белгілі ғұлама сахаба Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) шәкірті Ата ибн Әбу Рабахқа: «Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе?» – деп Умму Зуфарды көрсетіп, Ибн Әбу Рабахқа оны мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) арасында болған әңгімені айтып берген-ді. Міне, Абдуллаһ ибн Аббастай ғұлама сахабалар өз шәкірттеріне Умму Зуфар сияқты әйелдерді өнеге етіп айтатын. Шынында да, түсінген адамға бұл әйелдің әңгімесі өнеге қылуға, үлгі етуге тұрарлық емес пе?!

Ол жәннатты аңсап, оған жетудің жолында жанын жегідей жеген науқасқа да сабыр қылуға бел шешкен. Уақытша ауыртпалықты көтеріп, Аллаһтың мәңгілік сыйына ұмтылған. Бүгінгі күні болмашы қиыншылыққа шыдамай, жаннат жолынан тайқып кететін мұсылмандарға осындай мәңгілікке ұмытылмас нәзік жандар үлгі болмақ. Әсіресе әйел-қыздарымыз үшін олараса қастерлі өнеге болмақ. Мұсылман ұрпаққа осындай өшпес із қалдырған Умму Зуфарға Аллаһ разы болсын!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: