20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Алла Елшісінің (с.ғ.с) жиі айтқан истиғфары

Алла Елшісінің (с.ғ.с) жиі айтқан истиғфары

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Пайғамбарымыз алейһиссалам жаратылғандардың ең үстемі болумен қатар Алла Тағаланы ең жақсы таныған жəне Одан ең қатты қорқатын. Хақ тағала оны күнə істеуден сақтаса да ол əрдайым үздіксіз ғибадат етіп Алла Тағалаға дұға етіп, истиғфар айтатын. Түннің алғашқы уақытында (құптаннан кейін) ұйықтап, соңғы уақытында ғибадат жасайтын.

Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) айтады: «Бір түні мүминдердің анасы хазреті Мәймунәнің (радиаллаһу анһа) үйінде қонақта болдым. Расулулла түннің ортасына дейін немесе біраз бұрын немесе кейінгі уақытқа дейін ұйықтады. Сосын оянып отырды, қолымен бетін сипап ұйқысын ашты. Тұрып, ілініп тұрған құманды алып, дәрет алды. «Али Имран» сүресінің соңғы он аятын оқып, намазға тұрды. Мен де тұрып, Расулулла сияқты дәрет алып, оның қасына барып намазға тұрдым. Расулулла екі рәкат намаз оқыды. Сосын тағы екі рәкат оқыды. Содан кейін тағы екі рәкат оқыды. Сосын үтір намазына тұрды. Содан кейін, бамдат намазының азаны шақырылғанға дейін жатты. Сосын тұрып, тағы екі рәкат намаз оқыды да мешітке барып, бамдат намазының парызын оқыды.»

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) анамыз айтады: «Расулулла алейһиссалам бір түні ұйқыға жатқан болатын. Оянып, «Йа, Айша! Рұқсат етсең бұл түні Раббыма ғибадат жасайын»,- деді. Сосын тұрды. Құран кәрім оқып, жылады. Тіпті, аққан көз жасынан екі тізесі су болып кетті. Ол оқуын жалғастыра берді, оқыған сайын мүбәрәк көз жасы денесінің барлығын сулады. Бұл жағдай таңға дейін жалғасты. Таңертең Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) келіп жағдайды көріп, «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулалла! Алла Тағала сіздің өткен және болашақтағы қателеріңізді кешірмеді ме?» дегенінде Расулулла: «Ей, Біләл! Мен шүкір етуші құл болмайын ба, Алла Тағала бұл түні «Көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күндіздің бір-бірінен кейін келуінде ақыл иелері үшін әрине көптеген белгілер, ишаралар бар» деген («Али Имран» сүресі, 189) аят кәримәсын түсірді»,- деді».

«Мүслім»-де білдірілген хадис шәрифте болса: «Жүрегіме сондай нәрселер келеді, әр күн мен түн сайын бұлардан Алла Тағалаға жетпіс рет истиғфар етемін» және «Жүрегімде (илаһи нұрдың келуіне кедергі болатын) перде пайда болады. Сондықтан күніне 70 рет истиғфар етемін» және «Алла Тағалаға күніне 100 рет истиғфар айтамын» деген. Пайғамбарымыздың алейһиссалам Алла Тағаладан қорқатындығы соншалық, қарқылдап күлгені көрілмеген.

Имам Тирмизидің Әбу Зәрден (радиаллаһу анһ) алған хадис шәрифінде «Күмәнсіз, сендердің көрмегендеріңді мен көремін. Естімегендеріңді естимін. Көкте періштелер сәжде етпейтін төрт елі де бос орын жоқ. Уаллаһи, менің білгенімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер. Жолға түсіп, бар дауыстарыңмен Алла Тағалаға жалбарынар едіңдер» делінген. Әбу Хурайраның (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифінде Расулулла «Ешкімді амалы жаннатқа апармайды» деген. «Сізді де ме, йа Расулалла?» деп сұралғанда «Иә, мені де амалым жаннатқа апармайды. Тек Алла Тағалааның мейірімі мен рақымдылығы мені бүркейді» деген.

Ибн Омар (радиаллаһу анһ) айтады: «Расулулламен бірге жиналып отырғанымызда «Йа Раббым! Мені кешір және тәубемді қабыл ет. Сен тәубелерді қабыл етушісің және рақымдысың» деп жүз рет айтқанын санап отыратынбыз» Әнəс бин Малик (радиаллаһу анһ) «Расулулла (с.ғ.с) үнемі «Аллаһуммә йа муқаллиб-әл-қулуб, сәббит қалби ала диник» деп айтып жүретін» дейді. Тирмизидің Әбу Саид-ил Худриден (радиаллаһу анһ) жеткізген хадис шәрифінде пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген: «Төсекке жатқан кезінде үш рет «Әстағфируллаһ-әл азыйм әллəзи лә илаһә иллә һуәл-хаййул-қаййум уә әтубу иләйһ» деп айтқан адамның күнәлары теңіздің көбігіндей немесе Тәмим аймағының құмындай немесе ағаш жапырақтарының санындай немесе дүниенің күндеріндей көп болса да Алла Тағала оның күнәларын кешіреді».

Бұхари мен Мүслим хазреттерінің нақл еткендері бойынша Расулулла былай истиғфар айтатын: «Аллаһуммағфирли хатиәти уә жәхли, уә исрафи фи әмри уә мә әнтә аләму биһи минни». (Аллам! Сен білетін және менің біліп немесе білмей, шектен шыққан қателерімді кешір). «Аллаһуммағфирли хәзли уә жидди уә хатаи уә амди уә куллу заликә инди. Аллаһуммағфирли мә қаддамту уәмә аххарту уәмә әсрарту уәмә аләнту уәмә әнтә аләму минни әнтәл муқәддәму уә әнтәл муаххару уә әнтә ала кулли шәйин қадир». (Аллам! Әзіл, шын, ұмытып және біліп жасауым мүмкін болған барлық кемшіліктерімді кешір. Аллам! Бұрын және кейін, жасырын және ашық істеген, Сен білетін барлық кемшіліктерімді кешір. Ең әуелгі мен ең соңғы болған - Сенсің. Барлық нәрсеге күші жететін – Сенсің).

материал «Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: