Бүгінгі күнде «әл-Әзһар» университетінің ақида саласы бойынша шейхы, қазіргі тілмен айтқанда профессор-докторы Мұхаммад Рабиғъ әл-Жәуһари «ақидатуна» («біздің ақидамыз») деген еңбегінде былай дейді:
«Қиямет күнінің белгілері екі түрге бөлінеді:
– الْعَلاَمَاتُ الْصُغْرَى – кіші белгілері. Бұл белгілер Ақырет күнінен қашық және ұзақ уақыт аралығында көрініс табады.
– الْعَلاَمَاتُ الْكُبْرَى – үлкен белгілері. Бұл белгілер Сүр үрлейтін мезетке жақын және Ақыреттің қарсаңында қысқа ғана мерзімде көрініс табады. Егер де үлкен белгілердің бірі көрініс тапқан жағдайда, қалғандары оның ізінше бірінен соң бірі лезде жалғасады. Оның мысалы, жіпте тізілген моншақтар тәрізді. Егер бірі үзіліп құласа, қалған барлығы оның ізінше төгіле жөнеледі. Қиямет күнінің үлкен белгілері басталған сәтте; кәпірдің иманға келгені, күнәһардың тәубе етуі, жамандық жасаушы пенденің жақсы іске бет бұруы қабыл етілмейді. Алла Тағала:
هَلْ يَنظُرُونَ إِلاَّ أَن تَأْتِيهُمُ الْمَلآئِكَةُ أَوْ يَأْتِيَ رَبُّكَ أَوْ يَأْتِيَ بَعْضُ آيَاتِ رَبِّكَ يَوْمَ يَأْتِي بَعْضُ آيَاتِ رَبِّكَ لاَ يَنفَعُ نَفْساً إِيمَانُهَا لَمْ تَكُنْ آمَنَتْ مِن قَبْلُ أَوْ كَسَبَتْ فِي إِيمَانِهَا خَيْراً
«Олар, өздеріне періштелердің келуін, немесе Раббыңның (әмірі) келуін, не Раббыңның кейбір белгілерінің келуін ғана күте ме? Раббыңның белгілерінен кейбірі келген күні ешбір жанға, егер ол алдын сенген болмаса, не иманымен бір игілік істеген болмаса, оған сенімі пайда бермейді».(Әл-Әнғам сүресі, 158 аят),-деп ескертті».
Ақырет күні қашан болады? Бұл сұрақ адамзат тарихы бойында көптеген адамды мазалап келеді. Ал, бұл сауалға қатысты Жаратушы Иеміз былай деген:
يَسْأَلُونَكَ عَنِ السَّاعَةِ أَيَّانَ مُرْسَاهَا ۖ قُلْ إِنَّمَا عِلْمُهَا عِندَ رَبِّي ۖ لَا يُجَلِّيهَا لِوَقْتِهَا إِلَّا هُوَ ۚ ثَقُلَتْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ ۚ لَا تَأْتِيكُمْ إِلَّا بَغْتَةً
«(Уа Мұхаммад с.ғ.с) олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды: «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін Ол ғана білдіреді. Ол (қиямет) аспандарға және жерге ауыр. Ол сендерге тосыннан келеді»,- де». (Ағраф сүресі, 187 аят).
Осы аяттың тәпсірі жайында Ибн Кәсир (р.х.): «Алла Тағала Өз пайғамбарына (с.ғ.с.) Ақырет күнінің уақыты сұралған кезде, оның ілімі Алла Тағаланың қасында деп жауап қайтаруды әмір етті. Өйткені, Алланың Өзі ғана оның уақытын анық білдіреді. Демек, Алладан өзге ешкім оның уақытын біле алмайды»,-деп түсіндірген.
Сондай-ақ, жоғарыдағы: «Ол (қиямет) аспандарға және жерге ауыр»,-деген аят жөнінде Қатада (р.х.) мен ибн Жарир (р.х.):
«Аспан мен жердің тұрғындарына оның (қияметтің) уақытын білу ауыр тиеді. Себебі, олар білмейді»,-деп түсіндірді.
Ал, Даххак (р.х.) сахаба ибн Аббас (р.ғ.)-дың: «Ол (қиямет) аспандарға және жерге ауыр»,-дегені, қандайда бір жаратылыс болмасын, оған қиямет күнінің зарары тиеді»,- деп тәпсірлегенін жеткізді.
Жәбрайл (ғ.с.) Қияметтің басталуы жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нан сұраған кезде ол (с.ғ.с.):
مَا الْمَسْئُولُ عَنْهَا بِأَعْلَمِ مِنَ السَّائِلِ
«Бұл мәселе жайында сұралушы сұраушыдан артық білмейді»,-деген болатын. (Мүслим риуаят етті).
Қияметтің хадисте келген үлкен белгілері:
Қиямет күні жақындауының үлкен белгілеріне келер болсақ, Хузайфа (р.ғ.) айтады:
اِطَّلَعَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم عَلَيْنَا وَنَحْنُ نَتَذَاكَرُ، فَقالَ: مَا تَذَاكَرُونَ؟ قالوا: نَذْكُرُ الساعةَ، قال: إِنَّهَا لاَ تَقُومُ حَتَّى تَرَوْا عَشَرَ آيَاتٍ فَذَكَرَ الدُّخَانَ وَالدَّجَّالَ وَالدَّابَّةَ وَطُلُوعَ الشَّمْسِ مِنْ مَغْرِبِهَا وَنُزُولَ عِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَيَأَجُوجَ وَمَأْجُوجَ وَثَلاثَةَ خُسُوفٍ خَسْفٌ بِالْمَشْرِقِ وَخَسْفٌ بِالْمَغْرِبِ وَخَسْفٌ بِجَزِيرَةِ الْعَرَبِ، وَآخِرُ ذَلِكَ نَارٌ تَخْرُجُ مِنْ الْيَمَنِ تَطْرُدُ النَّاسَ إِلَى مَحْشَرِهِمْ
«Біз Қиямет күнін еске алып отырғанымызда Расулулла (с.ғ.с.) келіп: «Сендер не мәселені талқылап отырсыңдар?»-деді. Біз: «Қиямет күнін еске алып отырмыз»,-дедік. Сонда, Нәби (с.ғ.с.): «Сендер он белгіні көрмейінше Қиямет күні болмайды»,-деп, содан соң: (Дүниені) түтін (қаптауы), даджәл, күннің батыстан шығуы, Мариямұлы Исаның (ғ.с.) түсуі, Яжүж-Мажүждің шығуы, үш орында жердің қопарылуы шығыста, батыста және араб жазирасында, Йемен тарапынан адамдарды махшарға айдайтын оттың пайда болуы жайында айтты». (Муслим риуаят етті).
Мұсылмандардың ақидасын айқындаған имам Тахауи «Ақидату ат-Тахауия» кітабында: «Қиямет күнінің белгілеріне: Даджалдың шығуына, Мариям ұлы Исаның (ғ.с.) көктен түсуіне, күннің батыстан шығуына және Дәббәтул-ардтың орнынан шығатынына сенеміз»,-деген.
Қияметтің үлкен белгілеріне қатысты мына нәрсені нақты айтса болады:
1. Осы кезге дейін Қияметтің үлкен белгілерінің ешбірі болмады.
2. Болған жағдайда да толассыз, яғни, бірінен соң бірі болады.
Абдулла ибн Амрден (р.ғ.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Үлкен белгілер жібі үзілген моншақ сияқты төгіледі» - десе, Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үлкен белгілер бірінің артынан бірі шығады. Олар тізбектегі моншақтардай бірінен кейін бірі келеді», - деген.
Жалғасы бар
«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы
Нұрлан Рамазанов