Құрандағы "айын" сөзінің мағынасы

Күдікпен күрес
Жарнама

Құран Кәрімде «айн» сөзі жекеше, екілік және көпше түрлерде 57 рет қайталанады. Оның бесеуі Аллаға қатысты айтылса, енді біреуі жекеше түрде келіп, қалғандары «ағюн» деген көпше түрде келген.

Әһи сүннет ғалымдары Аллаға қатысты айтылған «айн» сөзі белгілі бір көру мүшесін   меңзеген мағынада  емес, ауыспалы мағынада қолданылғанын айтады.

Алла Тағала:

وَأَلْقَيْتُ عَلَيْكَ مَحَبَّةً مِّنِّي وَلِتُصْنَعَ عَلَىٰ عَيْنِي

«Көз алдымда өсуің үшін Мен саған Өз тарапымнан сүйіспеншілік салдым», - деді.

Имам аш-Шаукани айтуынша: «Көзімде өсуің үшін» аятының мағынасы: «Менің алдымда бақылауыммен тәрбиеленіп, өсіп-өнуің үшін», - дегенді білдіреді. Ендеше «көзімде» сөзі «алдымда», «бақылауыммен» деп түсіндірілуі дұрыс түсінік болып табылады. Наххас та: «Бұл тіл ғалымдарының арасында белгілі жайт», - деді.

Әбу Убайда мен ибн әл-Әнбаридің айтуынша бұл сөз «Менің махаббатым мен қалауымда өсіп-өнуің үшін» дегенді білдіреді. Мысалға, қазақта «қамқор болу, қарайласу» мағынасындағы «бас-көз болу» деген сөз бар. Сол сияқты арабтардың «көз алдымда болады» деуі «сүйіспеншілігіме аламын» дегенді ұғындырады. Тура осындай мағына беретін балама тіркес бізде де бар ғой. 

Ибн әл-Әнбари айтады: «Бұл аяттағы «әл-аъйн» – қалау мен таңдауды мақсат етеді. Бұл арабтардың сөз қолданысындағы «Пәленше кісі көзімде болды» деу арқылы бір кісіге қатысты махаббатын білдіргені».

Имам ат-Табари: «Астыртын мағынасын ашықтаған ғалымдар: «Көзімде өсуің үшін» деген аятқа қатысты түрлі көзқарастар айтты», - деді де, сөзін ары қарай жалғап: «Тәуилдердің ішіндегі  ең дұрысы Қатаданың тәуилі. Ол: «Мен саған Өз тарапымнан сүйіспеншілік салдым» (аяты), көз алдымда өсіп-өнуің үшін Өз тарапымнан махаббат салдым. Ал, «Көз алдымда» деген сөзі арқылы «бақылауыммен және махаббат, қалаумен»,- дегені білдірілді», - деп түсіндіреді.

Сондай-ақ, «Жәләлайн»  тәпсірінде де «Аса ұлы Алланың қамқорлығымен өсуің үшін» деп тәпсірленген. 

Ислам ғалымдары аяттағы «айн» сөзі көру мүшесі көзді білдірмейді,  бәлкім Хақ Тағаланың бақылауы мен қамқорлығын меңзейді деп топшылаған.

Келесі аятта Алла Тағала:

وَاصْنَعِ الْفُلْكَ بِأَعْيُنِنَا

«Біздің көз алдымызда кеме жаса», - деді . Сөзбе-сөз аудармасы «көздеріміз» деп көпше түрде келген...

Имам әл-Байһақи  «Біздің көз алдымызда кеме жаса» аятына қатысты Ибн Аббастың: 

(Аятта көпше түрде «ағъюн» деп келгенін, жекеше «айн» сөзімен келтіріп) «Алланың көз алдында», - дегенін риуаят етіп: «(«ағъюн») деп көпше түрде қолданылуы Алланың ұлылығына қайтады»,-деп айтты. Тәпсірші ибн Кәсир де жоғарыдағы аятты «Аса ұлы Алланың қамқорлығында» және де «Кемені бақылауымыз бойынша» деп тәпсірлеген.

Осыған мәндес тағы бір аятта:

فَأَوْحَيْنَا إِلَيْهِ أَنِ اصْنَعِ الْفُلْكَ بِأَعْيُنِنَا 

«Біздің көз алдымызда және уахиымыз бойынша кеме жаса»,-деп уахи еттік», - делінеді.

Ибн Жарир ат-Табаридің түсіндіруі бойынша: «Өз қауымының кәпірлеріне қарсы бізден көмек сұрағанда, біз оған: «Кеме жаса «би-ағъюнинә» дедік, яғни, «біздің көріп, қадағалағанымыздай» деген мағынада. «Уахи еттік» дегені: «қалай істелетінін үйреткеніміздей»,-дегені . 

Ибн Кәсирдің тәпсірінде де: «Қолдап көмектесуіміз және үйретуіміз бойынша кемені жаса» делінген.

Және бір аятта:

وَحَمَلْنَاهُ عَلَىٰ ذَاتِ أَلْوَاحٍ وَدُسُرٍ تَجْرِي بِأَعْيُنِنَا جَزَاءً لِّمَن كَانَ كُفِرَ

«Оны (Нұхты) шегеленген тақтайлы кемеге орналастырдық. Қарсы келгендерге жаза түрінде (Нұх тың (ғ.с.) кемесі) көз алдымызда жүзіп бара жатты», - деді.

Имам ат-Табари: «Көз алдымызда жүріп бара жатты», - деген аятты Алла Тағала: «Нұхты ішіне отырғызған кеме қарап, бақылауымызда жүзіп бара жатыр», - дегені. Ал, Суфиянның «Көз алдымызда жүзіп бара жатты» дегенді: «Біздің әмірімізбен жүзіп бара жатты» деп айтты. Ибн Кәсирдің де тәпсірінде «қорғап, сақтауымызда» деп түсіндірген.

Тағы бір аятта «ағъюн» көпше түрінде келген:

وَاصْبِرْ لِحُكْمِ رَبِّكَ فَإِنَّكَ بِأَعْيُنِنَا

«(Ей, Мұхаммед! (с.ғ.с.) Раббыңның үкімі келгенге дейін сабыр ет. Сөзсіз сен Біздің көз алдымыздасың», - деді. 

Имам Табари аяттың мән-мағынасы жөнінде: «Алла Тағала Мұхаммед Пайғамбарына (с.ғ.с.): «Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.), Алланың сенің басыңа түсіргеніне сабыр сақта! Оның әмірін орындап, тыйым салғанынан аулақ бол! Және Оның үкімдерін құлдарына жеткіз» дей келе «фә иннәка би-ағъюнинә» яғни Алла Тағала айтып жатыр: «Сен Біздің бақылауымыздасың, сені және істеп жатқан амалдарыңды көріп тұрмыз. Біз сені қоршап та, қорғап та тұрмыз. Саған жамандық тілеген мүшріктер саған қол жеткізе алмайды».

Міне, алғашқы буын ғұламалары Аллаға қатысты айтылған аяттардағы «айн» және «ағюн» сөздерін тікелей мағынасында «көз», «көздер» көру мүшесі ретінде түсінген емес, бәлкім астарлы мағынады тәуил жасаған.  

Нұрлан Рамазанов 

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Бөлісу: