14
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Рамазан айының артықшылығы

Ораза

Рамазан[1] – Құран айы. Жаратушы Ие айтады: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретiнде Құран түсiрiлген ай».[2]

Рамазан – бастапқы он күні Аллаһ Тағаланың рахметі, кейінгі он күні Хақ Тағаланың кешірімі, соңғы он күні тозақтан азат болу айы.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Бұл бірінші бөлігі[3] – Хақ Тағаланың рахметі,[4] екінші бөлігі – Оның кешірімі,[5] үшінші бөлігі – тозақтан азат болу[6] айы».[7]

Имам Әл-Манауи бұл хадистің мағынасына қатысты: «Рамазанның бастапқы бөлігінде Аллаһ Тағала ораза ұстаған пенделеріне мол рахметін нәсіп етіп, берекетін ағыл-тегіл жаудырады. Ортаңғы бөлігінде ауыз бекіткендердің күнәларын кешіріп, соңғы бөлігінде, яғни үшінші он күндіктің соңғы түнінде тозаққа лайық болған ораза ұстаған сансыз көп пенделерін тозақ отынан азат етеді»,-деген.[8]

Рамазан айында жақсылық есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады әрі шайтандар кісенделеді.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Рамазанкелгенде жәннаттың есiктері ашылып,[9] тозақ есiгi жабылады[10] әрі шайтандар[11] кiсенделедi».[12]

Имам Әл-Қади хадиске түсініктеме беріп айтады: «Жәннаттың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылуы және шайтандардың кісенделуі Рамазан кіргеннің әрі бұл айға деген үлкен құрметтің белгісі болуы ықтимал. Ал шайтандар мүминдерге зиян тигізіп, азғырмаулары үшін кісенделеді. Сонымен қатар, жәннаттың есіктері жабылып, тозақ есіктерінің ашылуы сауап пен кешірімнің мол болып, шайтандардың азғыруы кемуіне меңзеуі мүмкін».[13]

Имам Хиббан және Имам Байһақи Ибн Аббастан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген: «...сол кезде Хақ Тағала: «Ей, Рид`уан! Мухаммадтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметінен ораза ұстағандар үшін жәннаттардың есіктерін аш! Ей, періште! Ахмадтың[14] (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметінен ораза ұстағандар үшін жаһаннамның есіктерін жап!»,-дейді».[15]

Иә, ораза ұстаумен пенде бойындағы құмар мен нәпсісін тежеуді үйренеді. Ал бұл өз кезегінде сауаптың мол болып, күнәлардың кешірілуіне және шайтанға қарсы тұра білуге алып келеді.

Рас, жәннаттың есіктері игілік істеумен Жаратушы Иенің жарылқауына лайық болған пенде үшін қашан да ашық!

Имам Ахмад және Имам Әл-Баззар Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Рамазан айында Менің үмметіме ілгеріде ешбір үмметке берілмеген бес ерекшелік берілді. Аллаһ Тағала үшін ораза ұстаушының ауызының иісі[16] мисктің[17] иісінен артық. Періштелер ауыз ашатын уақыт болуға дейін ораза ұстағандардың күнәлары кешірілуін тілейді. Аллаһ Тағала күніге жәннатты әшекейлеп: «Көп ұзамай Менің ізгі пенделерім дүние машақатынан босап саған келеді»,-дейді. Ерекше бүлікші шайтандар Рамазаннан тыс уақытта жаман қылықтарын істегендей істей алмау үшін Рамазан айында кісенделеді. Әрі соңғы түні ораза ұстағандардың күнәлары кешіріледі»,-деді. Сонда Одан: «Уа, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Ол – Қадір түні ме?»,-деп сұралғанда, Ол: «Жоқ. Алайда, жұмысшының ақысы жұмыс аяқталған соң беріледі»,-деп жауап берді.[18]

Хадисте айтылған бес нәрсе Жаратушы Иенің бұл үмметке сыйлаған ерекше нығметі. Соның қадырын ұғына білсек еді!

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқан бірінші қасиет: ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен артық болуы.

Бұл мәселеге қатысты Имам Әл-Манауи айтады: «Ораза ұстаған адам аузының иісі өзгеруі себебінен осынша дәрежеге иеленіп жатса, онда оның намазы, Құран оқуы т.б. құлшылығы жайында не айтуға болады?!»,-десе,[19] Ибн Жамаъа: «Бұл сөз ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс дін жолында жантәсілім болғанның қанының иісінен абзал екенін меңзейді. Өйткені Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) шаһид жайында: «Оның иісі мисктің иісі»,-деген... Мұның мәнісі: дін жолында жан тапсыру ісі сырт көзге айқын болғанымен, адам бұл қадамға көзбояушылықпен[20] баруы мүмкін.[21] Ал ораза ұстаушының оразасы Хақ Тағаладан өзге ешкімге мәлім емес. Мұндай жағдайда көзбояушылықтың болуы мүмкін емес»,-деген.[22]

«Ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен артық болуының» ұғымына келер болсақ, ғалымдар бұл мәселеге қатысты түрлі пікір айтқан. Мысалы, Ақыретте Аллаһ Тағала ораза ұстаушыға мисктен де абзал және артық, хош иісін миы сезінетін әтір сыйлауы,[23] ораза ұстаған адам Хақ Тағалаға ерекше жақын болуы,[24] оразаның себебінен ауыздан шыққан иістің сауабы зікір қалқаларында үстіне миск жағып, хош иістеніп отырудың сауабынан артық болуы.[25] Сайып келгенде пікірдің бәрі ораза ұстаушының амалы Аллаһ Тағаланың разылығына лайық болып, қабыл етілетініне меңзейді.[26]

Біздің замандасымыз, «Мажәлису шаһри Рамазан» кітабының авторы шейх Мухаммад ибн Солих айтады: «Хақ Тағала үшін ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен артық. Себебі, ол иіс құлшылық пен Аллаһ Тағалаға бойсұнудың негізінде туындайды. Ал Жаратушыға құлшылық ету мен бойсұнудан туындаған әрбір іс Оның сүйіспеншілігіне лайық».[27]

Хадистің бірінде: «Тазалық – иманның жартысы»,-делінсе,[28] екінші бір хадисте: «Хош иіс – мұсылмандықтың белгісі»,-делінген. Осы себептен ораза ұстаған адам суды тамаққа кетірместен тісін тазалағаны жөн. Себебі, бұл жерде тазаланбаған тістің жағымсыз иісі емес, бәлкім, ауыз бекіту себебінен асқазаннан шыққан иіс жайында айтылған.

Ғалымдардың кейбірі осы хадистің негізінде ораза ұстаған адамның мис`уак[29] пайдалануына тыйым салған. Алайда, ханафи мазһабы ғалымдарының пікірінше мис`уакты кезкелген уақытта пайдалануға болады. Бұл – мустахаб, яғни сауапты іс. Себебі мис`уак тісті тазартып, ондағы жағымсыз иісті кетіреді. Бұл мәселеге қатысты дәлелдер хадис және фиқһ[30] кітаптарында бар.[31]

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқан екінші қасиет: періштелер ауыз ашатын уақыт болуға дейін ораза ұстағандардың күнәлары кешірілуін тілеуі.

Періштелер – ерекше қасиетті жаратылыс.[32] Олар Аллаһ Тағаланың әміріне қарсы келмейді, қателеспейді және күнә істемейді.[33]

Жаратушы Ие Өзінің осындай пәк, дұғасы қабыл етілуге лайық болған жаратылысына Мухаммад пайғамбардың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметі, соның ішінде ораза ұстағандар үшін жарылқау тілеуді нәсіп еткен. Міне, бұл осы үмметке, ораза ұстағандарға деген ерекше құрметтің белгісі!

Араб тілінде күнәнің кешірілуін тілеуді «истиғфар»[34] деп айтады. Истиғфардың қабыл болуы – екі дүниеде де «күнә» атаулы қазанның қақпағы жабық күйінде қалып,[35] нәтижеде кешірілуі. Ал күнәнің кешірілуі өз кезегінде мақсаттың асылы, талаптың шыңы. Өйткені «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» демекші, күнә істемейтін пенде болмайды.[36] Сондықтан да Жаратушы Иенің жарылқауына барлық пенде мұқтаж.

Имам Ахмад және Имам Әл-Баззар Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Судағы балықтар ауыз ашатын уақытқа дейін ораза ұстағандардың күнәлары кешірілуін тілейді»,-деген.[37]

Имам Муслим және Имам Ахмад Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген: «Хақ Тағала пенденің бірін жақсы көрсе[38] Жәбрәилді (ғаләйһис-саләм) шақырып: «Мен пәленше пендемді жақсы көремін. Сен де оны жақсы көр»,-деп бұйырады. Сонда Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) ол пендені жақсы көріп аспандағыларға:[39] «Хақ Тағала пәленше пендесін жақсы көреді. Сендер де оны жақсы көріңдер»,-дейді. Осыдан соң аспандағылар ол пендені жақсы көре бастайды.[40] Әрі жердегілер де оны жақсы көретіндей етіледі.[41] Егер Аллаһ Тағала пенденің бірін жеккөрсе[42] Жәбрәилді (ғаләйһис-саләм) шақырып: «Мен пәленше пендені жақсы көрмеймін. Сен де оны жақсы көрме»,-деп бұйырады. Сонда Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) ол пендені жеккөріп аспандағыларға: «Хақ Тағала пәленше пендені жақсы көрмейді. Сендер де оны жақсы көрмеңдер»,-дейді. Осыдан соң аспандағылар ол пендені жеккөре бастайды.[43] Әрі жердегілер оны жақсы көрмейтіндей етіледі».[44]

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқан үшінші қасиет: Аллаһ Тағала күніге жәннатты ораза ұстаған пенделері үшін әшекейлеуі.

Хадистің кейбірінде жәннат Рамазан үшін жылдың басынан әшекейленетіні жайында айтылған.[45] Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Жәннат жыл бойы Рамазан үшін әшекейленіп, Рамазанның бірінші түнінде Хақ Тағаланың аршысының астынан «Мусира» деп аталатын жел соғады. Оның лебінен жәннаттағы талдардың жапырақтары мен жәннат есіктерінің тұтқалары сол кезге дейін ешкім естімеген әсем дыбыспен сылдырлай бастайды. Кейін жәннаттағы ботагөз хор қыздары жәннаттың балкондарына шығып: «Аллаһ Тағала бізбен некелестіретін пенде бар ма екен?»,-дейді. Кейін жәннаттың сақшысы Рид`уаннан: «Бүгін қандай түн?»,-деп сұрағанда, ол: «Әмірлеріңе құлдық! Бүгін Рамазан айының бірінші түні. Бұл түні Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметінен ораза ұстаушылар үшін жәннаттың есіктері ашық»,-дейді».[46]

Әдетте дайындық деңгейі келетін қонаққа көрсетілетін құрмет деңгейіне сай. Бүкіл әлемнің Раббысы, патшалардың Патшасы біз үшін жәннатын әшекейлеп жатса, мұнымен тең келер құрмет бар ма бұл дүниеде?!

Әбу Саъид Әл-Худри (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Қиямет күні Хақ Тағала: «Уа, Адам (ғаләйһис-саләм)!»,-деп Адамды (ғаләйһис-саләм) шақырғанда, ол: «Ләббәй.[47] Әміріңізге құлдық. Барлық игілік Өзіңнің қолыңда»,-деп жауап береді.

- Тозаққа лайық болғандарды шығар.

- Олардың қаншасы тозаққа лайық?

- Әр мыңнан тоғыз жүз тоқсан тоғызы.

Осы сәтте жас балалардың шаштары ағарып, «құрсақ көтерген әйел түсік тастайды. Әрі мас болмаса да адамдардың теңселгенін көресің. Негізінен олар мас емес. Алайда, Хақ Тағаланың азабы ауыр».[48]

Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осы сөзінен кейін сахабалар[49] (родиял-лаһу ғанһум): «Уа, Расулуллаһ! Қайсысымыз сол мыңнан бірі боламыз?»,-деп сұрағанда, Ол: «Қуаныңдар! Себебі тозақтан құтылғанның бірі сендерден[50] болса, мыңы Я`ажүж және Ма`ажүж қауымынан[51] болады»,-деді де, кейін: «Жаным билігінде болған Хақ Тағаламен ант етем! Жәннаты болғандардың төрттен бір бөлігін сендер құрайтын боласыңдар деп үміттенемін»,-дегенде, біз: «Аллаһу Әкбар»,-деп саңқ еттік.[52] Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Жәннаты болғандардың жартысы боласыңдар деп үміттенемін»,-дегенде, біз тағы да: «Аллаһу Әкбар»,-деп тәкбир айттық.[53] Сонда Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Алайда, өзгелермен салыстырғанда сендер ақ бұқаның терісіндегі бір қара талшық жүн немесе қара бұқаның терісіндегі бір ақ талшық жүн тәріздісіңдер»,-деді».[54]

Хақ Тағала тағдырымызға Өз сүйіспеншілігіне бөленіп, жәннатқа кіргендердің қатарында болуымызды жазсын! Әмин!

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқан төртінші қасиет: ерекше бүлікші шайтандардың Рамазан айында кісенделуі.

Имам Хиббан және Имам Байһақи Ибн Аббастан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «...кейін Аллаһ Тағала: «Уа, Жәбрәил (ъаләйһис-саләм)! Жерге түсіп, бүлікші шайтандарды кісендеп, кісендерін мойындарына іл де, Менің сүйікті Мухаммадымның (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметінің оразасын бұзбаулары үшін теңізге таста»,-деп бұйырады»,-деген.[55]

Біреу: «Рамазан айында шайтандар кісенделсе, онда неге ораза кезінде қоғамда күнә істеліп, жаман қылықтар орын алып жатады?»,-дейді. Біріншіден: Рамазан айында шайтандар ақиқатында кісенделіп, нәтижеде олар оразаны шариғаттың барлық талап-қағидаларына сай ұстаған пендеге әсер ете алмайды. Екіншіден: Рамазан айында шайтанның барлығы емес, бәлкім, белгілі бір бөлігі, яғни «ерекше бүлікші шайтандар» ғана кісенделеді.[56]

Имам Әс-Санади айтады: «Шайтандардың кісенделуі күнәнің болмауына себеп бола алмайды. Себебі, күнәнің пайда болуына пенденің жаман пейілі де жеткілікті. Сонымен қатар, күнә тек шайтанның ықпалымен істелуі міндетті емес. Өйткені әуеліде лағынеті Ібіліс өзге шайтанның азғыруынсыз-ақ күнә істегені мәлім».[57]

Әлбетте, Рамазан айында шайтанның бір бөлігіне бұғау салынса, кісенделмеген бөлігі адамдарды азғырып, күнә істеуге итермелейді. Бұған жаман қылық, тәртіпсіздік, иманның әлсіздігін қосыңыз. Осының барлығы пенденің, тіпті, Рамазан айында да күнә істеуіне алып келеді.[58]

Жыл бойы лағынеті шайтанмен қоян-қолтық араласқан пенде күнә істеуге бейім болып, нәтижеде адам біреуді ғайбаттауды күнә емес, әдет деп түсінеді. Осы себептен күнә істеп қалыптасқандар, Рамазан уақытында да күнә істейді. Ал нәпсі – адамның ажырамас бөлігі. Мұның да әсерін ескерген жөн.[59]

Рамазан айында күнә істелуінің тағы бір себебі бар. Хақ Тағала бұған қатысты «Мутоффифин» сүресінің 14-ші аятында: «Олардың жүректерін істеген қылықтарының тоты басты»,-десе, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Пенде күнә істеген шақта жүрегіне бір қара дақ түседі. Пенде күнәдан тыйылып, истиғфар айтып, тәубесіне келсе, дақ өшіріледі. Басқа бір күнә істесе, тағы бір нүкте пайда болады. Нәтижеде қара дақ жүректі қаптап алады. Хақ Тағаланың айтқан тоты осы»,-деген.[60]

Жүрек күнә себебінен қара нүктемен қапталғаннан кейін, пенде күнә істеуге бейім болады. Осы себептен көп адам бір күнәні ойланбай істесе, басқа бір күнәдан жиіркенеді. Мәселен арақ ішетін адамға доңыз етін ұсынса, одан жиіркенуі мүмкін. Болмаса арақ ішу де, доңыз етін жеу деауыр күнә.[61]

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқан бесінші қасиет: соңғы түні ораза ұстағандардың күнәларының кешірілуі.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Хақ Тағала Рамазанның әр күнінде ауызашар сәтінде тозаққа лайық болған мыңдаған пендесін тозақтан азат етсе, Рамазанның соңғы күні тозақтан Рамазан бойы азат еткендей санын азат етеді»,-деген.[62]

Жаратушы Иенің жарылқауы Өзіне тән. Бұл мәселеде Оған тең келер ешкім жоқ! Бұл айтылғанға мына құдси хадис дәлел.

Аллаһ Тағала айтады: «Уа, Адам баласы! Менен үздiксiз тiлеп рахметiмнен үмiтiңдi үзбейiнше күнәңді кешiремiн. Я, Адам баласы! Iстеген күнәң аспандағы бұлтқа жетiп, кейiн Менен кешiрiм тiлесең, күнәңді кешiремiн. Я, Адам баласы! Менiң алдыма жер бетiн толтыратындай көлемде күнә iстеп, құлшылығыңда Маған серiк қоспаған болсаң, саған барлық күнәң кешiрiлетiндей жарылқауымды нәсiп етемiн».[63]

Хақ Тағала Рамазан айында пенделеріне ауыз бекітуді, намаз оқуды, жаман қылық, ғайбат сөзден тыйылуды бұйырды. Осының барлығы ізгілікке жатады. Ал ізгі амал пенденің күнәсі кешіріліп, дәрежесі көтерілуіне септігін тигізері сөзсіз.

Демек, Аллаһ Тағала бір істі бұйырғаны – пендесін жарылқағаны.

Жаратушы Ие тағдырына жазбаса, пенде өздігінен ізгі амал істей алмайды. Демек, біз ораза ұстап, күнәміздің кешірілуіне лайық болып жатқанымыз да – Хақ Тағала бізді жарылқағанынан. Бұл айтылғанға Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мына сөзі дәлел: «Сендердің әрбіріңнің ана құрсағында жаратылуларың қырық күннен тұрады. Ұрық алдымен тамшы, кейін ұйыған қан, сонан соң кесек ет болады. Осыдан кейін[64]ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға жан беріп, төрт нәрсені белгілейді: ризығын, қанша өмір сүретінін, істейтін амалын және бақытты, не бақытсыз болатынын».[65]

«Жұмысшының ақысы жұмыс біткеннен кейін беріледі»,-сөзінің мәнісіне келер болсақ, Аллаһ Тағала әрбір игі іске жазылатын сауап мөлшерін белгілеген. Оразаға берілетін сауаптың мөлшеріне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Адам баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі. Аллаһ Тағала айтады: «Оразадан тыс. Өйткені ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі ораза кезінде пенде Мен үшін шәһуеті[66] мен асынан тыйылады». Ораза ұстағанға екі шаттық бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады. Ақиқатында Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал».[67]

Тақырыпты мына хадиспен тәмамдасақ.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Адамдар айт намазы оқылатын жерге бара жатқанда, Хақ Тағала періштелеріне: «Өз ісін атқарған қызметшінің хақысы қандай?»,-деп сұрайды.

- Я, Тәңіріміз, Иеміз! Оның хақы – ақысын толық төлеу.

- Я, періштелерім! Куә болыңдар! Рамазан айында ораза ұстап, тарауих намазын оқығаны үшін Мен оларға разылығым мен кешірімімді сый еттім. Я, құлдарым! Менен қажеттеріңді тілеңдер! Өзімнің ұлықтығым және құдіреттілігіммен ант етем! Сендер бүгінгі жиындарыңда Ақырет үшін не тілесеңдер де берем. Егер осы дүниенің қажетін тілесеңдер, сендердің пайдаларыңа қарай оны нәсіп етем. Өзімнің құдіреттілігіммен ант етем! Мені естеріңнен шығармасаңдар кемшіліктеріңді жасырамын. Өзімнің ұлықтығым және құдіреттілігіммен ант етем! Кәпірлердің алдында абыройларыңды төгіп, масқараламаймын. Енді күнәларың кешірілген халде үйлеріңе қайтыңдар! Сендер Мені разы еттіңдер. Мен сендерге разымын.

Сонда періштелер Рамазан айт күні Хақ Тағала бұл үмметке нәсіп еткен нәрсесіне қуанады».[68]

Рамазан айына жетіп, шариғаттың барлық талабына сай ораза ұстаған, тәубесіне келіп, күнә істегеніне шын жүректен өкінген, бейқамдықтан бас тартып, дінге ықылас қойған, бар жан-тәнімен Жаратушысының жарылқауына ұмтылған жан – бақытты!

Аллаһ Тағала баршамызға иман беріп, тура жолға бастасын! Өзі разы болған пенделердің қатарында болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

 



[1]«Рамазан» сөзінің мағынасы: қызу, ысу. («Лисәнүл-Ъараб») Көне заманда шілде маусымы «Рамазан» деп аталатын. («Лисәнүл-Ъараб», «Әл-Қомусүл-Мухит», «Мухтарус-Сыхах») Бұл сөзді Имам Ибн Дурайд айтқан. («Лисәнүл-Ъараб») Сонымен қатар, «رَمَضٌ» (ромадун) деп қатты шөлдеу нәтижесінде ораза ұстаған адамның іші қызғанын айтады. («Лисәнүл-Ъараб») Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу): «Бұл айда күнәлар өртеніп, жағылады (яғни, кешіріледі). Осы себептен ол «Рамазан» деп аталады»,-деген.(«Канзүл-Ъүммәл»)

[2] «Бақара» сүресі, 185 аят.

[3] яғни, бірінші он күндігі.

[4] яғни, Рамазанның бірінші бөлігінде Аллаһ Тағаланың нығметтері молая түседі. Хақ Тағаланың бұл рахметі барша мұсылманға нәсіп болады. Ал, шүкіршілік еткен пенделер үшін рахмет молая түседі. Бұл мәселеге қатысты Аллаһ Тағала: «Егер шүкіршілік етсеңдер, бергеннің үстіне беремін»,-деген. («Ибраһим» сүресі, 7 аят). («Фадаил-аъмәл»)

[5] Рамазанның бір бөлігі өткеннен кейін, оның сыйы мен құрметі кешірімнен басталады. («Фадаил-аъмәл»)

[6] көп хадисте Рамазанның соңындағы тозақ отынан азат етілудің сүйіншісі жайында айтылған. («Фадаил-аъмәл»)

[7] Хадистi Әбу һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят еттi. («Сахихүл-Бухари», «Сахиху Муслим»)

[8] яғни, оларға кешірім етіп, Қияметте тозаққа кірмейтін етеді. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[9] хадистің кейбірінде «рахмет есіктері», ал кейбірінде «аспан есіктері» делінген. Бұл жәннаттың есіктері жабық болып, Рамазан мезгілінде ашылатынын меңзейді. («Сунәнун-Насаи»)

[10] бұл тозақ есіктері ашық тұратынын меңзейді. («Сунәнун-Насаи»)

[11]араб тiлiнде жақсылықтан құр қалған, ақиқатқа қарсы шыққанды «шайтан» деп айтады. Ол адам, жын немесе жануар болуы мүмкiн. («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран») Бұған қатысты Аллаһ Тағала «Әнъам» сүресiнің 112-ші аятында: «Осылай Бiз әр пайғамбарға адам және жынның шайтандарын дұшпан еттiк»,-деген. Лағнетi Ібіліс ақиқаттан адасып, Аллаһ Тағалаға қарсы шығуы себепті «шайтан» деп аталған. («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»)

[12] хадисті Салманнан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Хузайма және Имам Әл-Байһақи риуаят етті. («Фадаил-аъмәл», «Канзүл-Ъүммәл»)

[13]«Сахиху Муслим би шархин-Науауи».

[14] Ахмад – Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) есімдерінің бірі.

[15]«Канзүл-Ъүммәл».

[16] ауыз бекіту мен асқазаны бос болу әсерінен ораза ұстаушының ауызынан шыққан иіс. («Сахиху Муслим»)

[17]миск – хош иісті әтір.

[18] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Хиббан риуаят етті. («Әт-Тарғиб»)

[19]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[20]яғни, адам көрсін, «ер жүрек» деп айтсын деген ниетпен.

[21] Имам Муслим Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген: «Қиямет күні сұраққа ең алдымен тартылатындардың ішінде шаһид болады. Оған Аллаһ Тағала берген нығметтері жайында айтылғанда, ол оның барлығын мойындайды. Сонда Хақ Тағала: «Сен онымен не істедің?»,-деп сұрағанда, ол: «Я, Раббым! Мен Сен үшін жантәсілім болғанға дейін шайқастым»,-дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Жалған айттың. Сен бар болғаны: «Пәленше ер жүрек екен»,-деп айту үшін шайқастың. Солай айтылды да»,-дейді. Кейін оның үкімі беріліп, ол етпетінен жатқан халде жермен сүйретіліп, жаһаннамға тасталады». («Сахиху Муслим»)

[22]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[23]«Фадаил-аъмәл».

[24] бұл пікірді Абдул-Барр айтқан. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[25] бұл пікірді Әд-Дауди т.б. имамдар айтып, Имам Науауи оны мақұлдаған. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[26]«Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари».

[27] «Мажәлису шаһри Рамазан».

[28] хадисті Әбу Малик Әл-Ашъариден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим, Имам Ахмад және Имам Тирмизи риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[29]мис`уак – тіс тазалау үшін пайдаланылатын арнайы талдың бұтағы.

[30]шариғат.

[31]«Фадаил-аъмәл».

[32]нұрдан жаратылғандықтан олардың адамдікіне ұқсаған денесі болмайды. Періштелер жемейді, ішпейді, ұйықтамайды. Олардың ер-әйелі болмайды. Осы себептен періштелердің бойында шәһуат, яғни жыныстық қатынасқа деген әуестік, құштарлық, шабыт болмайды.

[33] «Аъраф» сүресі, 206 аят. «Әнбия» сүресі, 19-20 аят. «Әнбия» сүресі, 26-28 аят. «Тахрим» сүресі, 6 аят. Аллаһ Тағала «Инфитар» сүресінің 10-12 аяттарында: «Негізінде сендерде амалдарыңды бақылаушы періштелер бар. Олар Аллаһ Тағала алдында ардақты жазушылар. Олар не істегендеріңді  түгел біледі»,-деген. Осы айтылғанға қатысты адамдардың арасында түрлі пікір қалыптасқан. Соның бірі «адамның оң жағында періште, сол жағында шайтан болады» деген пікір. Оң жақтағы періште адамды жақсылыққа тартса, шайтан жамандыққа тартады-мыс. Бұл пікір мүлдем дұрыс емес. Адамның екі иық тарапында періште болады. Олардың міндеті адамның жақсы-жаман амалдарын жазу. Оң жақтағы періште амалдың жақсысын жазса, сол жақтағысы адамның жаман амалдарын жазады. Бұл періштелерден адам баласына келіп-кетер зиян жоқ. Себебі, бұлардың міндеттері тек Аллаһ Тағаланың әміріне сәйкес, адамның жақсы немесе жаман амалдарын жазумен шектеледі. («Имандылық негіздері»)

[34] истиғфар – Аллаһ Тағаладан кешірім сұрау. Араб тiлiндегi «Астағфирул-лаһ» (Аллаһ Тағаладан күнәм үшiн жарылқау тiлеймiн) сөзi «астапралла» үлгiсiнде қалыптасқан. Сонымен қатар, адам баласының: «Астағфирул-лаһ»,-деп, Аллаһ Тағаладан күнәсi үшiн жарылқау тiлеу тәубеге келудiң үлгiсi болып табылады. Истиғфардың құндылықтары жайында хадистерде көп айтылған. Бір хадисте: «Аллаһ Тағала истиғфарды көп айтқан пендесіне кез-келген қиын жағдайдан құтылу жолын ашып, барлық қайғыдан азат етеді. Әрі оған ол күтпеген жерден ризық нәсіп етеді»,-делінсе, екінші бір хадисте: «Кез-келген адам белгілі деңгейде күнәһар болады. Күнәһарлардың абзалы – күнәсіна өкініп тәубеге келгені»,-делінген. («Фадаил-аъмәл»)

[35] яғни, пенденің істеген күнәлары Аллаһ Тағаладан өзгелер үшін беймәлім болған күйде кешіріліп кетуі.

[36] біреулер: «Менің күнәм жоқ»,-дейді. Солардың осы сөзінің өзі – күнә. Себебі, құдси хадисте Хақ Тағала: «Я, құлдарым! Сендер күндiз-түнi қателесесiңдер. Мен күнәларды Кешiрушiмін. Менен жарылқау тiлеңдер, күнәларыңды кешiремiн»,-деген. («Сахиху Муслим») Ұлы Абай: «Аллаһтың Өзі де рас, сөзі де рас»,-дегеніндей, «менің күнәм жоқ» деген сөз астамшылық болмағанда, не болды?!

[37]«Мажмаъуз-Зауаид».

[38] Хақ Тағаланы жақсы көруі: пендесіне игілік, һидаят және нығметін нәсіп етуі.(«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[39] яғни, періштелерге. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[40] Ғалымдар айтады: «Бұл сөздің екі ұғымы бар. Бірі: Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) мен періштелер ол пенде үшін жарылқау тілеуі, оны мақтауы мен ол үшін дұға етуі. Екіншісі: сол пендемен жүздесуін қалауы». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[41] яғни, өзгелердің жүрегінде оған деген сүйіспеншілік пайда болады. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи»)

[42] Ғалымдар айтады: «Хақ Тағаланы жеккөруі: пендесін жазалап, азаптауын қалауы». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[43] мұндағы мақсат періштелер ол пенде үшін жарылқау тілемеуі және дұға етпеуі болуы ықтимал.(«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[44] Әл-Жәмиъус-Сағир»).Яғни, өзгелердің жүрегінде оған деген сүйіспеншілік болмайды. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[45]«Канзүл-Ъүммәл».

[46] хадисті Ибн Аббастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Хиббан және Имам Байһақи риуаят етті. («Канзүл-Ъүммәл»)

[47] итағатқа әзірмін. («Сахихүл-Бухари»)

[48] «Хәжж» сүресі, 2 аят.

[49] «сахаба» сөзiнiң тiлдiк мағынасы: жолдас болу, ере жүру және бiрге жүру. Шарғи мағынасы: Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дәуiрiнде мұсылман болып, Оның көзiн көрген, Оның жанында болып, өсиетiн тыңдаған кiсiлер. Сахабаның (родиял-лаһу ъанһум) әрбiрi бiр төбе. Сахабалар (родиял-лаһу ъанһу) Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үшiн жандарын өлiмге қиған. Ислам үшiн түрлi азап пен қиындыққа төзген. Осының құрметiне Аллаһ Тағала Қасиеттi Құран Кәримдегi кейбiр аяттарды сахабаларға (родиял-лаһу ъанһум) қатысты етсе («Фатх» сүресi, 29 аят. «Уақиъа» сүресi, 10-14 аят. «Уақиъа» сүресi, 35-40 аят), Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) : «Үмметiмнiң ең абзалы – сахабаларым», «Менiң сахабаларым (родиял-лаһу ъанһу) аспандағы жұлдыз тәрізді. Олардың қайсы бiрiне ерсеңдер – адаспайсыңдар»,-деген. Осы айтылғанға сәйкес, сахабалардың есiмдерi аталғанда «родиял-лаһу ъанһу» (Аллаһ Тағала оған разы болсын) деп айту – ислами әдепке жатады.

[50] яғни, мұсылмандардан. Бұған Ибн Масъуд риуаят еткен хадистегі: «Жәннатқа тек мұсылман кіреді»,-деген сөзі дәлел. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[51] бұл Я`ажүж және Ма`ажүж қауымының саны біздің үмметтен әлдеқайда көп болатынына және Я`ажүж және Ма`ажүж қауымы да Адамның (ғаләйһис-саләм) ұрпағы екеніне дәлел. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[52] яғни: «Аллаһ Тағала ұлық»,-деп Хақ Тағаланы ұлықтадық.

[53] яғни, Хақ Тағаланы ұлықтадық.

[54] Хадисті Әбу Саъид Әл-Худриден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят етті. («Сахихүл-Бухари»)

[55]«Канзүл-Ъүммәл».

[56]«Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари».

[57]«Хашиятус-Санади ъалән-Насаи».

[58]«Фадаил-аъмәл».

[59]«Фадаил-аъмәл».

[60]хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Сунәнут-Тирмизи»)

[61]«Фадаил-аъмәл».

[62] хадисті Ибн Аббастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Хиббан және Имам Байһақи риуаят етті. («Канзүл-Ъүммәл»)

[63] Хадисті Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Сунәнут-Тирмизи»)

[64] яғни, 120 күннен кейін.

[65] Хадисті Абдуллаһ ибн Масъудтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Сунәнут-Тирмизи»)

[66] яғни, нәпсі қалауынан. Мысалы тәуліктің күндізгі бөлігінде зайыбымен жақындасудан.

[67] Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим»)

[68] хадисті Ибн Аббастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Хиббан және Имам Байһақи риуаят етті. («Канзүл-Ъүммәл»)

Бөлісу: