Таразыға тартылатын нәрселерді өлшегендей, амалдарыңды да таразымен өлше. Егер қыл көпірден қалай өтетініңді білгің келсе, мешітке қарай қалай асығатыныңа қара. Азаннан бұрын мешітке келетіндердің сыйы – сырат көпірінен найзағайдай жылдам өту. Намаздың алғашқы уақытында келетіндердің сыйы – жүйрік аттай жылдам өту.
Осында көзбен көрінбейтін, жүрекпен көретін бір тура жол бар. Алла Тағала былай дейді: «Күдіксіз, менің тура жолым – осы, енді оған еріңдер» («Әнғам» сүресі, 153-аят).
Мұнда шынайы салынған жолға ишара етіп жатыр (ол – Пайғамбардың немесе әһлус-сүнна уәл-жамаға жолы). Жолы жарық, нұрлы болған адамға елігеді. Кімнің жолы қараңғы, түнек болса, жолды көре алмай, абдырап, қайда барарын білмей қалады.
Егер сен құлағыңды, көзіңді, тіліңді бос жіберген болсаң, енді оларды шектеп үйрен.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кедей мүмін бай мүміндерден 500 жыл бұрын жәннатқа кіреді» (Тирмизи: 2353, 2354).
Олардың жәннатқа бұрын кіруінің себебі – дүниеде құлшылық жасауда байлардан озық болуында. Ал сен ше? Жамағат намазына бармайсың, намазды жалғыз, асығып, тауық шоқығандай оқисың. Патшаға ең жақсы, таңдаулы сыйлықтар берілмей ме? Кедейлердің жәннатқа байлардан бұрын кіру себебі: олар дүниеде өздерін Раббысының қызметіне арнаған. «Кедейлер» деп жоқшылықтың ащы дәміне сабыр еткен пенделерді меңзеп тұр. Тіпті сен молшылықта, байлықта өмір сүргеніңе қуанғаныңдай, олар қиындық келгеніне қуанады. Осылайша кедейлердің байлардан бұрын жәннатқа кіруі – олардың кедейліктің тауқыметіне сабыр еткенін білдіреді.
Адамдарға барып, олардан қажетіңді сұрап, алайда Жаратушының есігін қақпауың сенің надан екеніңді білдіреді. Сен барлық жағыңнан күнә жасап, сонда өзің үшін қайғырмайсың ба?
Таңғаларлық жағдай: пенде нәпсісіне еріп, сонымен бірге болады, ал нәпсіден тек жамандық келеді. Бар жақсылық Алладан болса да, адам Алламен бірге болуды қаламайды.
материал «Тәжул-арус» кітабынан алынды,
ummet.kz