Имам Нәсәфи (Алла оны рақымына бөлесін): Яғни, ізгілік (бирр) – жүздеріңді шығысқа немесе батысқа бұру ғана емес.
Бұл үндеу Кітап иелеріне арналған. Өйткені христиандардың құбыласы – Бәйтул-Мақдистің шығыс жағы, ал яһудилердің құбыласы – оның батыс жағы еді. Екі топ та өз құбыласына бет бұруды нағыз ізгілік деп санаған. Сондықтан Алла Тағала олардың бұл пікірін жоққа шығарып: «Сендердің ұстанып жүргендерің нағыз ізгілік емес. Өйткені ол үкімнің күші жойылған», – деп білдірді.
Яғни: «Ізгілік – Аллаға иман келтірген адамның ізгілігі»; немесе: «Нағыз ізгі адам – Аллаға иман келтірген адам». Екі түсіндірмеде де жасырын сөз (мұдаф) бар. Бірінші түсіндірме дұрысырақ. «Бирр» – барлық жақсылықты және Алла разы болатын әрбір амалды қамтитын атау.
Тағы бір пікір бойынша, мұсылмандар мен Кітап иелері құбыла мәселесін көп талқылағандықтан, Алла Тағала олардың назарын маңыздырақ нәрсеге аударып: «Сендерді басқа ізгіліктерден алаңдататындай ең ұлы ізгілік – құбыла мәселесі емес. Нағыз көңіл бөлінуге лайық ізгілік – иман келтіріп, осы аталған амалдарды орындау», – деген.
Және қайта тірілу күніне иман келтірген адам. Періштелерге иман келтірген. Алла түсірген барлық кітаптарға немесе Құранға иман келтірген. Барлық пайғамбарларға (оларға Алланың сәлемі болсын) иман келтірген.
Алланы жақсы көргендіктен; немесе малға деген сүйіспеншілігі бола тұра; немесе садақа беруді жақсы көріп яғни, малын оған көңілі қимай емес, разы көңілмен берген.
Туыстарға береді (садақа). Олар бірінші болып аталды, өйткені садақаға ең лайықты адамдар – солар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кедейге берген садақа – садақа. Ал туысқа берген садақа – әрі садақа, әрі туыстық байланысты жалғау», – деген. Жетімдерге береді. Мұнда кедей туыстар мен жетімдер айтылған. Кедейлік бөлек аталмаған, өйткені мағынадан түсінікті.
Міскіндерге. «Міскін» сөзі үнемі адамдарға мұқтаж болып жүретін адамды білдіреді. Жолда қалып қойған жолаушыға. Ол жеке түрде айтылғанымен, жалпы жолаушыларды қамтиды. Оны «жолдың баласы» деп атауы – жолдан ажырамай
жүргендіктен. Кейбір ғалымдар мұны қонақ деп те түсіндірген.
Қол жайып сұраушыларға. Құлдарды азат етуге, әсіресе азаттыққа келісім жасаған құлдарға көмектесуге немесе тұтқындарды босатуға. Парыз намазды толық орындайды. Парыз зекетті береді. Кейбір ғалымдар мұны (зекетті) жоғарыдағы садақаны қайталау деп түсіндірсе, енді біреулері жоғарыдағысы – нәпіл садақалар, ал мұндағысы – парыз зекет деген. Аллаға немесе адамдарға берген уәдесін орындаушылар. Кедейлік пен ауыр тұрмыс кезінде. Ауру мен дертке
шалдыққанда. Соғыс кезінде сабыр етеді, (қиындықтарда және соғыс кезінде сабырдың басқа амалдарға қарағанда артықшылығы көрсетілген). Міне, осындай сипаттарға ие болғандар – дінінде шынайы болған адамдар. Міне, солар – нағыз тақуалар.
материал «Сүйінші» кітабынан алынды,
ummet.kz