27
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Менің сүйікті мешітім» балғындар сайысы өтті (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде жазғы сауат ашу курсында тәлім алған бүлдіршіндер арасында сурет салу байқауы өтті. «Менің сүйікті мешітім» атты игі шарада 112 шәкірт бағы мен бабын сынады.

Байқаудың басты шарттары бойынша балғындар өз туындыларына Қазақстан мешіттерін арқау етуі және қазақы нақышта бейнелеуі керек. Сайыстың әділ қазылары ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Суретшілер одағының мүшесі Бектас Шәкірұлы және белгілі суретші Айжан Жәркешова талантты шәкірттердің ізгі талаптарына бағасын берді.

Қазылар алқасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жарысқа білек түріп кіріскен бүлдіршіндерге білім мен иманды қатар игергенде биік белестерге жетуге болатынын айтып, сәттілік тіледі. Шәкірттер өз кезегінде мешітте ашылған сауат ашу курсының ұнағанын, жазғы демалыстарының пайдалы да қызықты өткенін жеткізді.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Шабыт» университетінің аға оқытушысы әрі Astana ART Laine галерея кураторы Бектас Шәкірұлы өз сөзінде мұндай мазмұндағы шаралардың өтіп жатқанын қуана қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, болашақта осы сынды маңызды жобаларды республикалық деңгейге көтеру туралы ұсынысын білдірді. Ал бүлдіршіндерге сурет өнерінің қыр-сырын ұғындырып, кейбір туындыларға кездескен кемшіліктерді көрсетті. Бектас Шәкірұлы жуық уақытта елімізде каллиграфия өнері ашылатынын да сүйіншілеп өтті.

Қылқалам өнерінің хас мамандары балғындардың шығармашылығына лайықты бағасын беріп, 9 үміткердің есімдерін ерекше атады.

Шара барысында Ибрахим, Ақерке және Нұрдәулет есімді шәкірттер өлең шумақтарын оқып, Алла Тағаланың 99 көркем есімдерін атап берді. Айжан апай Жәркешова мен №59 мектептің 3 сынып оқушысы Ажар Ілиясқызы құм мен суға сурет салып, көпшілікті тәнті етті.

Айта кетейік, сайыстың алғашқы кезеңінде іріктеуден өткен суреттер Ummet.kz сайтында арнайы дауысқа салынды. Бүгінгі шарада комиссия мүшелерінің шешімімен жүлделі орын иелері анықталды. Оған сәйкес, үшінші орынғаүш суретші, екінші орынға үш суретші және бірінші орынға  үш суретші лайықты деп танылды.

Атап айтар болсақ, бірінші орынға Әділет Тілеумұрат, Алтынай Төлеген және Аяжан Жарылқасын ие болып, арнайы диплом мен глобус сыйға тартылды.

Екінші орын Бейбарыс Нұрмахан, Аида Еркебай және Аман Мұхтарбекұлына бұйырып, оларға арнайы диплом мен сағаттар жиынтығы берілді. Ал үшінші орын Ибрахим Маматшаев, Құндызай Сәдуақасов және Ерасыл Мұратқа беріліп, диплом мен логикалық пазыл конструктор тарту етілді. Сонымен қатар, сайысқа қатысқан барлық балғындар алғыс хаттармен марапатталып, арнайы сый-сияпат жасалды.


 

 

 

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: