08 октября 2026, Четверг 27 раби-уль-ахир 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 04:55
Восход 06:21
Зухр 12:07
Магриб 17:42
Иша 19:08

Құран кәрімде өзін жазалаудың үш көрінісі

Құран кәрімде өзін жазалаудың үш көрінісі

Құран кәрімде өзін жазалаудың үш көрінісі келтірілген:


Бірінші мысал: Үш сахаба («тәбук» соғысы). Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 118-аятында: «Сондай-ақ (Алла тағала Тәбук жорығына шықпай) артта қалып қойған үш кісінің де тәубесін қабыл етіп, шексіз мейіріміне бөледі. (Өйткені ол үшеуінің істеген күнәлары үшін жан азабын тартып, күйзелгені соншалық) жер беті оларға кеңдігіне қарамастан тар келген еді. Сөйтіп әбден жан азабын тартып, құсаға шалдыққан еді. Ақыры, Алланың бұл азабынан бір Өзін пана тұтып қана құтыла алатындықтарына көздері анық жетті. Сонда Алла тәубелеріне келіп, күнәларынан арылсын деп оларға тиісінше тәубе етуді нәсіп етті. Шүбәсіз, Алла – Тәууәб (тәубелерді қабыл етуші) һәм Рахим (аса мейірімді)», – деді.

Бұл аят Кәғб ибн Мәлик, Хилал ибн Умәйә және Мурара ибн Рабиғ (Алла оларға разы болсын) жайында түскен. Олар Пайғамбармен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірге жорыққа шыға алмай қалған еді. Пайғамбарымыз да оларды жазалап, басқа сахабаларға: «Олармен қарым-қатынас жасамаңдар», – деді. Сөйтіп ол үшеуі қоғамнан оқшауланды, әйелдерінен де ажырады. Мына жердің өзі оларға тар болды. Рухани азап шегіп, нәпсілерін жазалады. Сол кезде Алла олардың тәубесін қабыл етті.

Екінші мысал: Әбу Лубаба (Алла оған разы болсын). Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 102-аятында: «Сондай-ақ күнәларын толық мойындаған тағы бір топ бар. Олар кезінде игі істерге де, жаман істерге де барды, сөйтіп бірде сауапқа бөленсе, бірде күнәға батты. Бәлкім, Алла олардың тәубесін қабыл етер…» – деді.

Бұл аят Әбу Лубаба әл-Ансари жайында түскен. Ол Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір сырын жауға айтып қойған еді. Сол үшін өзін жазалау мақсатында Мәдина мешітінің бір бағанына өзін арқанмен байлап тастады да: «Алла мені кешірмейінше, тамақ та, суда ішпеймін!» – деді. Солай бірнеше күн байланып тұрды. Соңында Алла оның тәубесін қабыл етті, Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) күлімдеп: «Алла Әбу Лубабаның тәубесін қабыл етті!» – деді. Бұл мысалда өзін бағанаға байлап қоюы емес, жасағанына қатты өкініп, қоғамнан оқшау қалып, сол арқылы азап шегуі.

Үшінші мысал: Күнә істеп, дереу тәубе ету. Алладан кешірім тілеп, истиғфар жасау. Зікірді көп айтумен өзіңді жазалау. Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 135-аятында: «Сондай-ақ олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында, бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады дейсің?! Сондай-ақ олар, бір рет істеген күнәні әдейі қайта-қайта істемейді», – деді.

Бұл нәпсі жазалаудың ең жұмсақ әрі ең үздік түрі. Адам күнә істеген бойда Алланы еске алып, тәубе жасап, көп истиғфар айтуы керек. Бұл «тәубе» тақырыбына әлі ораламыз.

«Мұғақаба» тақырыбын қорытындылай келе, адам өзін тамақ-судан тыйып, ораза ұстауы арқылы; өзін нәпсі қалауларын тыйып, зікір мен истиғфар етуі арқылы; өзін адамдардан тыйып, оқшауланып тәубе етуі арқылы жазалағаны дұрыс. Көзбен күнә жасасаң, көзбен жақсылық қыл. Құлақпен харам тыңдасаң, құлағыңмен ізгілікті тыңда. Біреуді ғайбат етсең, енді сол адамды жұрттың алдында мақтай түс. Қызғанышқа бой алдырсаң, керісінше сол адамға молшылық тіле. Нәпсіні даналықпен тазала. Алла бізге де осындай шын тәубе мен рухани тазаруды нәсіп етсін!

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды, 

ummet.kz