13 октября 2026, Вторник 2 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:03
Восход 06:29
Зухр 12:06
Магриб 17:31
Иша 18:57

Құран кәрімді хатым етудің тәртібі

Құран кәрімді хатым етудің тәртібі

Құран кәрім хатым ету үшін оқылғанда кітаптағы ретіне қарай оқылады. Құран кәрім оқу кезінде қыраатты бөліп басқа сөз араластыруға болмайды. Құран кәрім дауыстап оқылып жатқанда шуламай, тыныш отырып тыңдау қажет.


Құран кәрімді кітаптың бетіне қарап оқу жатқа оқудан абзал. Сәжде аяттарына келгенде сәжде жасайды.

Хатым ету кезінде Дұха сүресінен Құран кәрімнің соңына дейінгі сүрелердің арасында «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһ ил-хамд» деп, тәкбір айтып отырады.⁴⁹⁹ Үш рет Ықылас, Фәлақ, Нас сүрелері және Фатиха сүресі мен Бақара сүресінің басынан (уә улә-икә һумул муфлихун) аятына дейінгі бес аяты оқылады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Нас сүресін оқыған соң, Фатиха сүресінен бастап Бақара сүресінің алғашқы бес аятын оқып болғаннан кейін Хатым дұғасын (батасын) жасайтын.

Бір кісі: «Уа, Расулуллаһ! Алла тағалаға ұнамды амал қайсы?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қонып көшкеннің амалы!» – деді. Әлгі кісі: «Қонып көшкеннің амалы дегенді қалай түсінеміз?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құран хатым етушілер, олар Құранды басынан соңына дейін оқып, соңына жеткенде дереу басынан бастап қайта оқиды. Сөйтіп Құран кәрімді бітіргенде қайта басынан оқиды», – деді.⁵⁰⁰

Хатым дұғасын жасау

Хатымнан кейін дұға жасау сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құран кәрімді хатым еткен кісінің дұғасы қабыл болады», – деген.⁵⁰¹

Хатым дұғасына қатысуға асығу қажет. Өйткені ол кезде жасалған дұғалар міндетті түрде қабыл болады. Хадис шәрифте былай деп айтылады: «Кімге Құран кәрім хатымына қатысу бұйырса, олжа деп білсін. Құран кәрім хатымына қатысқан кісі Алла жолында жасалған бір жеңіске куә болғандай болады».

Әнәс ибн Малик (р.а.) Құран Кәрімді хатым етіп бітіргенде отбасын жинап, дастарқан жайып, дұға жасайтын.

Хатым дұғасын жасайтын кісі сол күні ораза ұстайды. Отбасын толық жинап, Алла тағалаға мақтау-мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтып, кешірім тілеп, дұға жасайды.

Хатым кезінде: Құран кәрімнің сегізінші парасының екінші бетінде Әнғам сүресінің 124-аятында бірінен соң бірі келген «Алла» сөзі бар. Хатым жасау ниетімен Құран кәрімді оқып, осы жерге келгенде 66 рет «Алла» сөзін қайталап дұға жасайтын болса, міндетті түрде дұғасы қабыл болады.

________________________________________________________________________________________________________

⁴⁹⁹ Пайғамбарымызға (с.а.у.) біраз уақыт уахи келмеген болатын. Алла Расулының бұған қатты көңілі түседі. Алла Тағала Дұха сүресін түсірісімен уахидің келгеніне қуанып тәкбір айтады. Сахабалар да осылай амал етеді. Сөйтіп Құран кәрімді хатым еткенде осылай жасау сүннет болып қалды.

⁵⁰⁰ Якуб ибн Саид Ализада, Мафатих ул-жинан уә масабих ул-жанан (Ширғат ул-Ислам шархы), 70–74-беттер.

⁵⁰¹ Хатым дұғалары 165-бетте.

материал «Дұғалар жинағы» кітабынан алынды, 

ummet.kz