Бұл – Алланың рақымының айғағы. Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген құдси хадисте: «Ей, Адам баласы! Егер жер жүзіндей күнәмен келсең де Маған ешкімді серік қоспасаң, Мен де саған жер жүзіндей кешіріммен келемін».
Алла Тағала «Зумар» сүресінің 53-аятында: «(Уа, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): “Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, ол – Ғафур, Рахим!”»
Тәубе есігінің ашық болуының даналығы:
1. Қоғамдық тәртіп. Егер адамға «Сенің тәубең қабыл болмайды» делінсе, ол күнәсін жалғастыра берер еді. Сондықтан Алла Тағала қылмысты азайту үшін тәубе есігін ашты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіндегі 99 адам өлтіріп, тәубе еткісі келген адамның мысалы да сол. Ол бір монахқа барып: «Құдай мені кешіре ме?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Жоқ, саған кешірім жоқ», – деп жауап берді. Әлгі адам оны да өлтіріп, өлтіргендерінің санын жүзге жеткізді. Егер оған тәубе бар деп ертерек айтылғанда, зұлымдығы лезде тоқтар еді.
2. Адамға үміт сыйлау. Тәубе – үміттің қайнары. Үмітсіз адам өмірден түңіледі. Ол амалға бармайды, Құран оқымайды. Ал Алла тәубе есігі оған «Қайта орал, жаңа өмір баста» дейді. Батыста зейнетке шыққан адамдардың депрессияға түсуінің басты себебі – үміттің жоғалуынан. Тәубе адамның өміріне жаңа мақсат береді. «Кеше күнә жасадым, бүгін түзелемін» деп өмірін жаңғыртады. Алла тәубені тек күнәһарларға ғана емес, пайғамбарларға да бұйырды. «Нұр» сүресінің 31-аятында Алла: «Уа, мүміндер, бәрің бірауыздан Аллаға тәубе етіңдер. Сонда ғана мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер», – деді.
материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,
ummet.kz