Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Имам «Ғайрил-мағдуби алайһим уә ләд-даллин» десе, «әмин» деңдер, себебі кімнің әмин деуі періштелердің сөзіне сай келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деді (Бұхари риуаяты, 1/190).
Бұл хадистен имамның «әминді» жария айтпайтынын түсінеміз. Себебі «әминді» жария айту шариғатта болғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имамға ұюшы кісінің «әминді» «уа ләд-даллин» сөзінен кейін айтуын емес, керісінше имамның «әмин» дегенін естіген соң айтуын бұйыратын еді.
«Әминді» дауыстап айту керек дейтіндер Имам Бұхари риуаят еткен мына хадисті дәлел қылады: Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Имам «әмин» деген кезде сендер де «әмин» деңдер. Себебі кімнің сөзі періштелердің сөзіне сай келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді.
«Әминді» жария айту керек дейтіндер бұл хадисті былай түсіндіреді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Имам «әмин» деген кезде, сендер де «әмин» деңдер» деген сөзі имамның «әминді» дауыстап айтатынын білдіреді. Өйткені жамағат имамның «әмин» дегенін естімесе, оған ілесіп айту мүмкін болмайды. Сондықтан имам да, жамағат та «әминді» жария айтуы керек», – дейді.
Бұған былай жауап береміз:
«Көпшілік ғұлама бұл хадистегі «Имам «әмин» деген кезде…» деген тіркестің ауыспалы мағынада қолданылғанын айтқан. Мұндағы мақсат – имам «уа ләд-даллин» дегеннен кейін «әмин» айту уақыты келген кезді білдіру. Яғни бұл сөз имамның «әминді» міндетті түрде дауыстап айтуын білдірмейді».
Бұл хадисте «имам «уа ләд-даллин» дегеннен кейін жамағат «әмин» десін» деген бұйрық бар, бірақ «имам «әминді» дауыстап айтсын» деген нақты нұсқау жоқ.
Осыған ұқсас ауыспалы мағына Құранда да кездеседі. Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрған кездеріңде беттеріңді жуыңдар…» («Мәида» сүресі, 6-аят).
Бұл аяттағы «намазға тұрған кездеріңде» деген сөз «намаздың ішіне кіргенде» деген мағынада емес, «намаз оқуға ниеттеніп, дәрет алуға кіріскен кезде» деген мағынаны білдіреді. Дәл сол сияқты, хадистегі «Имам «әмин» деген кезде» деген тіркес те ауыспалы мағынада қолданылған.
Хафиз Ибн Хажар (Алла оған рақым қылсын) «Фатхул-Бәри» еңбегінде былай дейді: «Ғұламалар екі риуаятты біріктіріп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Имам «әмин» деген кезде…» деген сөзін ауыспалы мағынада айтылған деп түсіндірген».
Суюти (Алла оған рақым қылсын) «Тануир» кітабында былай деген: «Ғалымдардың көпшілігі бұл хадистегі кейінгі риуаятты негізге алған. Ал «Имам «әмин» деген кезде…» деген сөзді тәуил еткен. Яғни бұл сөзден мақсат – имам «әмин» деуді қалаған кезде, жамағаттың да «әмині» соған ілесе айтылсын дегені. Себебі «әминді» бірінен кейін бірі айту – мұстахап».
Бұл имамның «әминді» жария айту керек екенін білдіреді. Біздің көзқарасымыз бойынша жасырын айту қуаттырақ. Себебі «әмин» дұға болып саналады, ал дұға іштей айтылуы керек.
Алла Тағала былай дейді: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер» («Ағраф» сүресі, 55-аят).
«Имам Бұхари де Атаның: “Әмин – дұға” деген сөзін риуаят еткен».
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деді: «Іштей жасалған дұға жария түрде жасалған дұғаның жетпісіне тең».
Бұл хадистің иснады – сахих.
материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,
ummet.kz