19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Иғтикаф қалай жасалады?

Иғтикаф қалай жасалады?

Ораза

Айша анамыздың айтуы бойынша  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныстанғаннан кейін өмірден өткенше (жыл сайын) рамазан айының соңғы он күндерінде иғтикафқа кіретін еді. Және оразаның соңғы он түнін құлшылықпен өткізген Алла елшісі (с.ғ.с.): «Соңғы он күннің тақ сандарынан қадір түнін іздеңдер», - деген.

Иғтикафтың тілдік мағынасы – бір нәрседен айырылмау, мейлі жақсылық, мейлі жамандық болсын бір нәрсені тұрақты түрде істеу дегенді білдіреді. Ал, шариғатта – оразаға немесе басқа бір нәрсеге ниет етіп құлшылық мақсатында мешітте оңашаланып қалуды білдіретін ұғым. Шариғаттағы екінші мағынасы – жамағатпен бес уақыт намаз оқылатын мешітте құлшылық ниетімен қалу дегенді білдіреді. Ықыласпен орындалған жағдайда ол амалдардың ең абзалынан.

Ораза айының соңғы он күнінде иғтикафқа кірудің сауабы ерекше. Өйткені иғтикаф нәпсіні тізгіндеуде ең әсерлі тәсіл. Сонымен қатар иғтикафқа бекінген кісінің қадір түніне жолығу ықтималы жоғары. Алла елшісінің (с.ғ.с.) Рамазанның соңғы он күнінде құлшылыққа құштарлығы ерекше күшейетіндігі жөнінде Айша анамыз бір хадисте: «Расулулла рамазан айының соңғы он күнінде түндерін ғибадатпен өткізетін, отбасын намазға оятып, әйелдеріне жақындамайтын», - деп жеткізген.

Иғтикафтың үкімі:

Иғтикафтың үш түрі бар: уәжіп, муәккәд сүннет және мұстахап.

Уәжіп иғтикаф: Сөз беріп атау ретінде жасалған иғтикаф. Мысалы, «Алла Тағаланың разылығы үшін бір немесе одан да көп күн иғтикаф жасау мойныма борыш болсын» деу арқылы мойнына міндет болған иғтикаф.

Муәккәд сүннәт: Рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа бекіну муәккәд сүннет болып табылады.

Мұстахап: Рамазан айының соңғы он күнінен тыс, атаудан бөлек кез-келген уақытта жасалатын иғтикаф.

Иғтикаф жасалатын мекен: Иғтикафқа аузы берік күйде ниет етіп, жамағатпен намаз оқылатын мешітте бекіну керек. Иғтикафқа жамағатпен намаз оқылатын мешіттерде оңашалану қажет екендігіне: «Мешіттерде құлшылық үшін оңашаланған кезде (әйелдеріңмен жақындаспаңдар)[1]», - деген аят дәлел. Хұзайфа (р.а): «Пайғамбарымыздың имамы мен азаншысы бар мешітте иғтикафқа кіруге болады дегенін естідім»[2], - дейді. Сонымен қатар Хұзайфа (р.а): Иғтикафқа тек жамағатпен намаз оқылатын мешітте кіруге болады. Өйткені иғтикафқа бекінген кісі намазды күтеді», - деген. Демек, иғтикафқа кіру үшін жамағатпен намаз оқылатын мешіт таңдалуы шарт. Мешіт қаншалықты үлкен болса, ол жерде өткізілген иғтикафтың да сауабы көп болмақ.

Әйел адам үйінде намаз оқу үшін арнайы дайындаған жерде иғтикафты жасай алады. Ондай әйелге, мешітте иғтикафқа бекінген ер азамат үшін бекітілген шарттарды орындау қажет. Әйел адамның иғтикафты мешітке кіруі – тәнзиһан мәкрүһ.

Иғтикафтың шарттары:

  1. Мұсылман болуы
  2. Ақылды немесе тәмииз[3] жасында болуы
  3. Мешітте болу. Ханафи мәзһабында әйелдер үйінде намаз оқу үшін дайындалған жерде өтей алады.
  4. Ниет ету. Иғтикафтың өзі арнайы құлшылық болғандықтан ниет ету – шарт.
  5. Ауыздың берік болуы. Нәзір (аталған) иғтикафқа кіру үшін ауыздың берік болуы шарт. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) иғтикафқа міндетті түрде аузы берік күйінде кірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «оразасыз иғтикаф жарамсыз», - деген. Нәпіл иғтикаф үшін ораза шарт емес.
  6. Әйелдің ерінен рұқсат алуы

Иғтикафтың әдептері:

  • Иғтикафқа Рамазан айының соңғы он күнінде және мешіттердің ең абзалына кіру
  • Мүмкіндігінше тек жақсы сөздер айту. Күнә емес нәрселерді де айтуға болады. Иғтикафқа бекінген адамның мүлдем сөйлеспеуі – мәкрүһ. Өйткені бұл мәжусилердің[4] әдеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүлдем сөйлемей иғтикаф жасауға тыйым салған.
  • Иғтикаф кезінде Құран Кәрімді көп оқу, хадистерді оқып тәлім алу, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны т.с.с. иманды қуаттандырып, күшейтетін мәліметтерді үйренуге басты мән беру.
  • Таза киімдерін киіп, әдемі жұпар иістерді себу.
  • Өзіне иғтикафқа кіруді уәжіп еткен кісі ниетін тек жүрекпен емес, тілімен де айту.

Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Бақара сүресі, 187

[2] Дарақұтни риуаят еткен

[3] Ер мен әйелді ажырата білетін немесе саудада пайда мен зиянды ажырата білетін жас

[4] Отқа табынушылар

Бөлісу: