13
Бейсенбі, Желтоқсан

һижри

Жұма намазы қалай дұрыс орындалады?

Жұма намазы қалай дұрыс орындалады?

Бес парыз
Шрифт

Жұма намазы – дінімізде өте маңызды саналатын, жамағатпен орындалатын апталық ғибадат.

Пайғамбарымыздан (ﷺ) бұл күннің неліктен жұма аталуының себебін сұрағанда, былай деп жауап қатты: «Күмәнсіз, әкеңіз Адамның жаратылысы сол күні жиналды. Қиямет сол күні болады. Қайта тірілу мен адамдардың есеп беруі үшін ұсталулары да – сол күні болады. Жұма күнінің үш сағатының соңында бір сәт бар. Сол сәтте дұға еткеннің дұғасы қабыл болады»[1], – дейді.

Міне, сондықтан мүмкіншілік болса, жұма күнін толықтай құран оқу, намаз оқу, тәсбих, салауат айту сияқты ғибадатпен өткізу керек. Жұма күні тазаланып, мешітке ертерек барып, хұтба тыңдап, артынан намаз оқыған адамның алдыңғы жұма мен сол жұманың арасында жасаған күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінде сүйінші хабар бар. Жұма күні мұсылмандардың апталық айты, мейрамы болғандықтан бейсенбі күні ақшамнан бастап, заттық және рухани тазалыққа басқа күндерге қарағанда көбірек көңіл бөлу керек. Заттық тазалықтың ең басында ғұсыл алу, тырнақ алу, таза киім кию, хош иісті әтір себу келеді. Рухани тазалық ретінде жұмадан бұрын күнәларына тәубе етіп, көбірек зікір, салауат айтып, дұғаның қабыл болатын құпия сағатына тура келуді үміт етіп, көбірек дұға етуге тырысу керек. 

Жұма намазының үкімі – парыз.

Парыздығы Құран мен сүннетке сүйенеді. Құраннан дәләл: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар»[2]. Сүннет дәлеліне келсек: Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Жұма азанын естіген жандарға – жұма намазы парыз»[3].

Жұма намазының парыздығының шарттары

Жұма намазының кімге парыз екені жайлы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Аллаға және ақырет күніне сенгендерге – жұма намазы парыз. Бірақ жолаушы, құл, бала, әйел және науқастар бұдан тыс»[4]. Яғни бұлардан басқа барлық мұсылмандарға жұма намазы парыз.

  1. Ер кісі болу: Жұма намазы әйелдерге парыз емес. Бірақ намазды мешіттегі жұма жамағатына қатысып, оқыған жағдайда қайтадан бесін намазын оқу қажет емес.
  2. Азат болу: Азаттығы болмаған тұтқын мен қапаста жатқандарға жұма күні бесін намазын жұманың орнына оқулары жеткілікті.
  3. Жергілікті тұрғын болу: Жолаушыға жұма намазы парыз емес. Себебі, жолаушыда жалпы жол қиыншылықтары бар. Оған жеңілдік жасалған.
  4. Науқас немесе белгілі себептер болмау: Намазға барса, ауруының асқынуынан қорыққан жандарға – жұма намазы парыз емес. Сол секілді науқасқа қараушы, әлсіз кәрі, көзі көрмейтін, мүгедек және кезектегі сақшылар секілді себебі болғандарға бесін намазы жетіп жатыр. Бірақ жұма намазын оқи алса, бесін намазын оқудың қажеті жоқ.

Жұма намазының дұрыс орындалу шарттары

  1. Жұма оқылатын жердің қала немесе қалаға лайық болуы қажет.  
  2. Жұма оқитын имамның үкімет тарапынан рұқсаты болуы керек. Ханафи құқықшылары бойынша, жұма намазы үшін де солай. Олар мына хадиске сүйенеді: «Кімде-кім жұма намазын мен өмірде болған кезімде немесе менен кейін әділ немесе залым бір имам (басшы) болғанда, оны місе тұтпай немесе терістеп, оны тәрк етсе, Алла оған берекет бермесін және ісін ілгері бастырмасын»[5]. Міне, осы хадисте жұма намазының парыз болуы үшін әділ болсын, залым болсын бір басшының болуы қажет екенін айтқан. Өйткені үкіметтен рұқсат алмаса, бүлік шығу ықтималы бар.
  3. Жұма намазы дұрыс болуы үшін, Әбу Ханифа бойынша, имамнан тыс ең аз үш адам, Әбу Юсуф және имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, екі ер кісінің болуы шарт. Дәлелдері «Алланың зікіріне (жұма намазына) ұмтылыңдар» аятындағы «ұмтылыңдар» етістігі көпше түрде қолданылған. Әбу Ханифа – үш, қалған екеуі – екі адамды жамағат ретінде қабыл еткен. Бұл жерде бір қалада бірнеше жерде жұма намазының оқылуын айта кеткен жөн. Әбу Ханифа және Имам Мұхаммед бойынша, бір қалада бірнеше жерде жұма намазын оқуға болады.
  1. Жұма намазы оқылатын жердің халыққа ашық болуы. Өйткені жұма намазы – Исламның рәмізі, дін ерекшеліктерінің бірі. Имам есігін құлыптап, жұма оқыса, намазы дұрыс болмайды.
  1. Уақыт. Жұманың уақыты – бесін намазының уақыты.
  1. Хұтпа. Жұма сүресіндегі «Алланың зікіріне ұмтылыңдар» аяты – жұма намазы мен хұтпасы. Хазреті Пайғамбар хұтпасыз ешқандай жұма намазын оқымаған. Хұтпа шарт болмағанда кейде оны тәрк ететін еді. Жамағаттың алдында хұтпа оқылуы керек. Хұтпа оқылып жатқан кезде жамағат болмай, біткеннен кейін келсе, намаздары дұрыс болмайды. Жамағаттың хұтпаны естулері шарт емес. Жалпы сол жерде болса жеткілікті. Хұтпа кезінде жолаушы болса да, жалпы ғибадат етумен міндеттелген бір ер кісінің болуы жеткілікті.

Хұтпаның уәжіптері

  1. Хұтпаны тік тұрып және адамдарға қарап оқу.
  2. Кіші және үлкен дәретсіздіктен таза болу.
  3. Әурет жері жабық болу.

Хұтпаның сүннеттері

  1. Хұтпаны екіге бөлу. Екі хұтпаның арасында бір тәсбих және үш аят оқитындай уақыт отыру. Сол себепті, бұны «хұтпа» деп атайды.
  2. Бұл екі хұтпаның әрбірі – шәһадат сөздерін, салауатты қамту керек.
  3. Бірінші хұтпа – бір аят және насихатты, екінші хұтпа мұсылмандар жайлы дұғаны қамту керек. Екінші хұтпада хұтпашының даусы – бірінші хұтпадан төмен болуы керек. Бұлар хұтпаның сүннеті.
  4. Екі хұтпаны ұзатпау.
  5. Хұтпашы мінберге шыққан кезде оның алдында азаншы азан оқиды. Хазіреті Пайғамбар заманында оқылған азан осы.
  6. Хұтпашы азаннан кейін тұрып, құпиялай әғузуды оқып, жариялай Алла Тағалаға мадақ айтып, хұтпасын жамағатқа қарап оқиды.
  7. Хұтпа біткен кезде қамат айтылады. Жұма намазы ауылдық жерлерде де оқылатыны жайлы бұрыннан рұқсат берілген. Бір ауылда тұратын адам қалаға келіп, жұма уақытына дейін қалуды ниет етсе, оған жұма намазы – парыз. Бірақ жұмадан бұрын кетуге ниет етсе, парыз емес. Жұма уақыты кіргеннен кейін шығуды ниет етсе, басым көпшіліктің көзқарасы бойынша, парыз болмайды. Ауылға көліктің ерте кетіп, басқа бір көліктің болмауы секілді себептерге байланысты, жұманы күтпесе де болады. Бесін намазын оқыса, жетіп жатыр.

Жұма күні жолға шығуға болады. Бірақ түстен кейін жұма намазын оқымай шығуы – мәкрүһ. Жұма күні тәкбір айту, жуыну, хош иіс жағу, мисуак қолдану, жақсы киім кию – мұстахап. Жұма күні азан оқылған кезде себепті жағдайы болмағандардың істерін тоқтатып, мешітке дереу баруы – уәжіп. Жұма күні мешітке ерте бару, екі рәкат намаз оқу, «Кәһф» сүресін оқу немесе тыңдау – мәндүп. Хұтпашы мінберге шыққан кезде, жамағаттың тыныштық сақтауы, сәлем алып, сәлем бермеуі, нәпіл намаз оқымауы керек. Жұманың екі сүннетін оқып қойса, қалғанын тезірек уәжіптерін бұзбай бітіру қажет. Тіпті хұтпада Пайғамбарымыздың (ﷺ) аты айтылса да салауат айтпай үнсіз қалу – абзал.

Жұма намазының сүннеттері

Жұма намазының алды мен соңында төрт рәкаттан нәпіл намаз оқылады. Яғни, жұма намазы – бас-аяғы он рәкат намаз. Хазреті Пайғамбарымыз (ﷺ) жұмадан бұрын төрт рәкат намаз оқыған. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім жұма намазын оқыса, артынан қосымша төрт рәкат оқысын»[6],–дейді.

____________________

[1] Бухари, Жұма, 1. 211.

[2] Жұма, 62/9.

[3] Әбу Дәуд, I. 244.

[4] Әбу Дәуд, I. 644

[5] Ибн Мажә, Иқама, 78.

[6] Муслим, Жума, 67.

Пікір жазу

Қауіпсіздік коды
Жаңарту