16
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Қадір түні хақында

Мақалалар
Жарнама

Имам Бухари Айша анамыздан (родиял-лаһу ғанһа) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінің тақ түндерінде іздеңдер»,-деген.[1]

Ғалымдардың басым көпшілгінің пікірінше Рамазанның соңғы он күндігі, ол жиырма тоғыз немесе отыз күн болсын, жиырма бірінші түннен басталады. Осыған сай Қадір түнін Рамазанның тақ, яғни 21-ші, 23-ші, 25-ші, 27-ші немесе 29-шы түндерінде іздеу керек. Ай жиырма тоғыз күн болғанның өзінде соңғы он күндік осы айтылған тәртіп бойынша есептеледі.[2] Сондықтан Хақ Тағаланың разылығы үшін Рамазанның соңғы он күндігін, әсіресе тақ түндерін Қадір түнін іздеп ұйықтамастан құлшылықпен өткізген дұрыс. Жаратушы Иенің разылығы мен Ақырет игілігінен шын үміттенген пенде үшін бұл қиынға соқпасы анық!

Имам Бухари Ғубада ибн Әс-Сомиттен (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадір түні қай кезде болатыны есімнен шығарылды. Мүмкін бұл сендер үшін жақсы да шығар. Осы себептен Қадір түнін тоғызыншы, жетінші және бесінші түні іздеңдер»,-деген.[3]

Ғалымдар Қадір түні қай кезде болатыны беймәлім болуының бірнеше пайдалы жақтарын айтқан.

Біріншіден: Қадір түні нақты белгілі болған жағдайда біреулер өздерінің жалқаулығы себебінен басқа түні құлшылығын тастап қояр еді.

Екіншіден: Қадір түні қай кезде екені мәлім болған жағдайда күнә істемеуді әдетке айналдырған адамның дәл сол түні қасақана күнә істеуі өте қауіпті болар еді.

Үшіншіден: Қадір түні мәлім болып, біреу оны кездейсоқ өткізіп қойған жағдайда, еңсесі түсер еді.

Төртіншіден: қанша түн Қадір түні талабында өткізілсе, соның әрбірінің сауабы болады.[4]

Дегенмен сахаба, табиғин[5] және ғалымдардың басым көпшілігі, хадистің көбінде Рамазанның жиырма жетінші түні жайында айтылу себебінен, Қадір түні жиырма жетінші Рамазанға сәйкес келеді деген көзқарасты ұстанған.[6]

Қадір түнінің артықшылығы

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Рамазан айының оразасын шын иман және сауаптан үміттенген халде ұстаған адамның бұрын істелген күнәлары кешіріледі әрі Қадір түнін шын иман және сауаптан үмiттенген халде өткізген адамның да оның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi».[7]

Бұл хадистің бірінші бөлігі, яғни «Рамазан айының оразасын» сөзі бүтіндей Рамазан айының оразасына қатысты болса, екінші бөлігі, яғни «Қадір түнін» сөзі нақты қадір түніне байланысты. Демек, жалпылама алғанда хадис Рамазанды, соның ішінде нақты Қадір түнін Жаратушы Иенің әміріне бойсұнып ораза ұстаған, тарауих намазын оқу, Құран оқу, зікір, нәфіл намаз оқу, шарғи ілім үйрену т.с.с. құлшылық түрлерімен өткізген пенделерге қатысты.[8]

Хадистегі «шын иман» сөзі Алла Тағаланың ораза үшін берілетін сауабына қатысты уәдесіне шын сену, ал «сауаптан үміттенген» сөзі ықылас ұғымында айтылған.[9]

Күнәлары кешірілу мәселесіне келер болсақ, бұл жерде кіші күнәлардың кешірілуі жайында айтылған. Өйткені ғалымдардың пікірінше күнәлардың кешірілуіне қатысты айтылған хадистің барлығы кіші күнәларға қатысты айтылған. Себебі, үлкен күнәлардың кешірілуіне оны жуып-шаятын амалмен қоса тәубенің болуы шарт.[10]

Қадір түннің белгілері

Имам Ахмад пен Имам Байһақи Ғубада ибн Әс-Сомиттен (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадір түнінің белгілері: түн нұрлы және тынық болады. Салқын, не болмаса жылы болмайды. Ай ашық болады. Ол түні таң атуға дейін шайтандар жұлдыздармен атқыланбайды. Әрі оның белгілерінен: таңертең күн сәулесі шағылыспаған халде шығып, Бәдр түніндегі толған айдай домалақ болады. Сонымен қатар, Аллаһ Тағала сол күні шайтанға күнмен бірге шығуына тыйым салады»,-деген.[11]

Қадір түнінің басқа белгілеріне келер болсақ, Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Қадір түні жұмсақ, ыстық немесе салқын болмайды әрі таңсәріде күн шапағының қызылы бәсең болады».[12]

Жәбир ибн Абдуллаһ (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен Қадір түнін көріп, кейін ол қай түні екенін ұмытып қалдым. Ол соңғы он күндіктің бір түнінде болады. Қадір түні ыстық немесе салқын болмайды. Ол түн тынық, ашық болып, айлы түнге ұқсайды әрі таңында шайтан күнмен жарысып шықпайды».[13]

Ғабда ибн Әби Лүбаба (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен Рамазанның жиырма жетінші түні теңіз суының дәмін көргенімде ол тәтті болатын».

Әйюб ибн Халид (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Мен шомылуым керек болып, теңізге барып шомылғанымда, оның суы өте тәтті болатын. Бұл Рамазанның жиырма үшінші түні еді»,-деген.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы

 



[1]«Сахихүл-Бухари».

[2]«Фадаил-аъмәл».

[3]«Сахихүл-Бухари».

[4]«Фадаил-аъмәл».

[5]табиғин – сахабалардың (родиял-лаһу ъанһум) көзін көрген мұсылмандар.

[6]«Фадаил-аъмәл».

[7]хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Насаи риуаят етті. («Сунәнун-Насаи»)

[8]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[9]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[10]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[11]«Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур». Себебі, лағнеті шайтанның мүйізі таң ертең күнмен бірге көтеріледі. Бұл жайында Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Насаи және Имам Малик риуаят еткен хадисте айтылған. Шариғат күн шығып келе жатқанда, тас төбеде тұрғанда және батып бара жатқанда намазға тыйым салудың мәнісі осында. Өйткені осы үш уақытта намаз оқыған адам лағнеті шайтанға сәжде еткен болады. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[12]«Мухтасару тафсири Ибни Кәсир».

[13]«Мухтасару тафсири Ибни Кәсир».

Бөлісу: