Қадір түні келгенде «әйелдер мешітке барып, Қадір түнін өткізсе бола ма?» дейтін сұрақтар жиі қойылып жатады.
Асыл дініміз әйелдерді мешітке барудан тыймайды. Алайда, мешітке келерде әрбір әйел ескеруі тиіс кейбір әдептер бар. Мәселен, алдымен мешітке келуге ниет еткеннен кейін толықтай дәрет алыңыз. Киіміңізге баса назар аударыңыз. Күнделікті көшеге киетін киімдеріңізді емес, мешітке лайықты киіміңізді кигеніңіз абзалырақ. Ұзын етекші, қол-аяғыңыз жабық әрі басыңыз да жабық болуы керек. Яғни, сіз Алланың үйіне келе жатқаныңызды іштей сезінуіңіз арқылы сыртыңызда соған лайықты болғаны дұрыс. Дегенмен, әйелдің құлшылық жасайтын ең абзал орны – өзінің үйі. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): хадисінде де әйел адам үшін үйде оқылған намаздың 27 есе артық екендігі айтылған. Бірде Умм Хумайд (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла Елшісі, мен сенің артыңда ұйып намаз оқығым келеді», – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған бұл – мәлім жайт, алайда, үйіңнің оңаша бұрышында оқыған намазың – жабық бөлмеде оқыған намазыңнан, ал жабық бөлмеде оқыған намазың – аулаңда оқыған намазыңнан жақсы. Өз аулаңда оқыған намазың – жақын маңдағы мешітте оқыған намазыңнан артық...»[1] – деген. Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелдердің ең жақсысы – өз үйлерін мешіт етіп алғандары»,[2] – деген. Ал ерекше жағдайдағы (үзірлі) әйелдер бұл түні Құран да, намаз да оқи алмайды. Есесіне, олардың мұсылманның қаруы мен қалқаны болған дұға жасауға мүмкіндіктері бар. Олар намаз оқымағанмен, «Субханалллаһ», «Әлхамдулилләһ», «Аллаһу Әкбар» деген зікірлер мен «Астағфируллаһ» деп Алладан кешірім тілеп отыруларына болады. Қадір түнінде мына дұғаны айтқан жөн: «Иә, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше, мені кешіре гөр!” Аллаһуммә иннәкә ъафу-ун тухиббул-ъафуә, фәъфу ъанни. [3]
[1] Ахмад
[2] Ахмад
[3] Тирмизи
Ummet.kz рухани ағарту порталы