19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Шарапаты мол Шағбан айы

Шарапаты мол Шағбан айы

Мақалалар
Жарнама

Берекеті мол айлардың бірі – Шағбан айы. Ол − қасиетті үш айлардың бірі, құлшылықтарымыздың сауабы еселеп жазылатын берекелі айлар. Ай тізбесі бойынша сегізінші айға жатады. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына өте-мөте көңіл бөлген.

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبلغنا رَمَضَانَ 

«Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз»,[1] – деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі ﷺ: «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», – деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Пайғамбарымыз ﷺ шағбан айының көбін оразамен өткізетін болған. Шағбан айындағы Алла Елшісінің ﷺ өнегелі өмірінен Айша анамыз t былайша баяндайды:

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اَللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ رَسُولُ اَللَّهِ صلى الله عليه وسلم يَصُومُ حَتَّى نَقُولَ لَا يُفْطِرُ، وَيُفْطِرُ حَتَّى نَقُولَ لَا يَصُومُ، وَمَا رَأَيْتُ رَسُولَ اَللَّهِ صلى الله عليه وسلم اِسْتَكْمَلَ صِيَامَ شَهْرٍ قَطُّ إِلَّا رَمَضَانَ، وَمَا رَأَيْتُهُ فِي شَهْرٍ أَكْثَرَ مِنْهُ صِيَامًا فِي شَعْبَانَ 

«Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім».[2]

لَمْ يَكُنِ النَّبِىُّ - صلى الله عليه وسلم - يَصُومُ شَهْرًا أَكْثَرَ مِنْ شَعْبَانَ، فَإِنَّهُ كَانَ يَصُومُ شَعْبَانَ كُلَّهُ، وَكَانَ يَقُولُ:  خُذُوا مِنَ الْعَمَلِ مَا تُطِيقُونَ، فَإِنَّ اللَّهَ لاَ يَمَلُّ حَتَّى تَمَلُّوا، وَأَحَبُّ العَمَلِ إِلَى اللهِ مَا دَاوَمَ عَلَيْهِ صَاحِبُهُ وَإِنْ قَلَّ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) (Рамазаннан тыс) басқа айларға қарағанда Шағбан айында көп ораза ұстап былай дейтін: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені, сендер жалықпасаңдар болғаны Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал − аз болса да үзбей істелген іс».[3] Бірде саңлақ сахабалардың бірі Усама (р.а.) шағбан айында көп ораза ұстауының сырын білу үшін:

 يَا رَسُول اللَّه، لَمْ أَرَك تَصُومُ مِنْ شَهْر مِنْ الشُّهُور مَا تَصُوم مِنْ شَعْبَان , قَالَ: ذَلِكَ شَهْرٌ يَغْفُلُ النَّاس عَنْهُ بَيْنَ رَجَبٍ وَرَمَضَان , وَهُوَ شَهْر تُرْفَعُ فِيهِ الأَعْمَال إِلَى رَبّ الْعَالَمِينَ، فَأُحِبُّ أَنْ يُرْفَعَ عَمَلِي وَأَنَا صَائِمٌ

«Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім», – деп сұрағанда: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен Ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын»,[4] – деген жауап естіген. Ал, Әнас (р.а.): «Алла Елшісінен ﷺ «Рамазаннан кейін  қандай  ораза маңызды?»– деп  сұрағанда,  Ол ﷺ:  «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза», «Қай садақа абзал?», –дегенде, «Рамазан айында беріл-ген садақа»,[5] – деп жауап берген». Хадистерге жүгінсек, Пайғамбарымыз ﷺ Шағбан айында парыз намаздарымен қатар нәпіл ғибадаттарын көбейтіп, Алланың көркем есімдерін мадақтап, зікір етіп, шүкіршілігін арттырып, кедей-кепшікке садақа берген. Сахабалар да бұл айда құлшылыққа жаңаша құлшыныспен кірісетін. Нәпіл құлшылықтарына көңіл бөліп, жалбарына кешірім тілеп, жоқ-жітікке қарасатын. Жетім, жесір, жалғызілікті кісілерге көмектесіп, қарттардың көңілін аулайтын.

Сондай-ақ, бұл айдың ерекшелігінің бірі – Пайғамбарымызға ﷺ көп салауат айту. Себебі, хадисте: «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмбетімнің айы», – деп, Ережеп айында кәлиманы, шағбанда салауатты, рамазанда Құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді.

Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Себебі шағбан айындағы елеулі де ерекше сәттердің бірі – Бәраат түні. Яғни қасиетті шағбан айының 15-і  – Бәраат түні. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарымызға ﷺ көп салауат, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Өйткені, пайғамбарымыз ﷺ:

عَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَانَتْ لَيْلَةُ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ فَقُومُوا لَيْلَهَا وَصُومُوا نَهَارَهَا فَإِنَّ اللَّهَ يَنْزِلُ فِيهَا لِغُرُوبِ الشَّمْسِ إِلَى سَمَاءِ الدُّنْيَا فَيَقُولُ أَلَا مِنْ مُسْتَغْفِرٍ لِي فَأَغْفِرَ لَهُ أَلَا مُسْتَرْزِقٌ فَأَرْزُقَهُ أَلَا مُبْتَلًى فَأُعَافِيَهُ أَلَا كَذَا أَلَا كَذَا حَتَّى يَطْلُعَ الْفَجْرُ

«Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді»,[6] – дей келе,

يَطَّلِعُ اللَّهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى عَلَى خَلْقِهِ لَيْلَةَ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ، فَيَغْفِرُ لَهُمْ كُلِّهِمْ إِلاَّ لِمُشْرِكٍ أَوْ مُشَاحِنٍ

«Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді»[7], – деп те айтқаны бар. Қай жағынан алып қарасақ та, құт пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді. Сөз соңында айтар болсақ, берекеге толы шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға ﷺ сансыз салауат арнаған жөн. Алла Тағала баршамызға Шағбан айының берекесіне кенеліп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа, иман ләззатын сезінуге бір табан жақындай түсуді нәсіп етсін!

Асет Аташов

[1] Мүснәд, 1/ 259.

[2] Бұхари, Саум 51; Мүсілім, Сиям 176.

[3] Бұхари, иман 43.

[4] Насаи, Саум 70.

[5] Тирмизи, Зекет 28.

[6] Ибн Мәжә, Иқаматус-Салат 191.

[7] Байһақи, 3674.

Бөлісу: