22
Жұма,
Қараша

һижри

БІЗГЕ ЖҮРЕК БІРЛІГІ КЕРЕК

БІЗГЕ ЖҮРЕК БІРЛІГІ КЕРЕК

Мақалалар
Жарнама

Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан ата танымында бірліктің маңызы айырықша. Дана халқымыз «Бірлік болмай тірлік болмайды», «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп бірліктің алдында байлықтың да құнсыз екенін сезінген.

Құдай Тағала Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік...[1]». Бұл аяттан Алла адамдарды бір-бірін «тану үшін» ғана ұлт пен ұлысқа бөлгенін айта келіп, бір ата, бір анадан тарағанымызды еске салу арқылы татулықта, берекеде болуға үндегенін аңғарамыз.

Басқа халықтармен мәміледе «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар[2]», - деп келетін Құран аяты бар. Мұны терең түйсінген қазақ халқы өзге дін өкілдерін де сыйлап, құрметтеп отырған. Тарихи себептермен елімізге келген өзге ұлт өкілдеріне қырын қарамай, құшақ жайғаны осының айқын айғағы. Бұл аяттан қоғамдағы діні басқа адамдармен де көркем қарым-қатынас жасау әрбір мұсылманның асыл қасиеті, жақсы сипаттарының бірі екенін аңғарамыз. Қазақ халқы адамдарды нәсіліне, дініне, көзқарасына бөлмей «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп көршісі кім болса да, онымен сыйласып, дәм-тұз айқастырып, жоқ-жітігіне қарайласып, достық қатынасты жоғары қойған.

Алайда, бірлік тілде болғанымен жүректе болмаса, қоғамда жеміс бермейді. Жүрек біздің дінімізде аса маңызға ие. Жүректің ісі шынайы, нақты болады әрі нәтиже береді. Жүректің шынайылығы бұл дүниеде ғана емес, ақыретте де аса маңызды. Ол туралы Құранда: «...Тек, кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады[3]»,-деген сүйінші аят бар. Ғалымдар бұл жүректің «Алланың әмірлерін орындаған, адасушылықтан ада, көркем мінез-құлықпен безенген» жүрек екенін айтады.

Демек,  бізге бірліктің ауыз жүзінде ғана болғанынан жүректе болғаны аса маңызды. Сонда ғана қоғамда шынайы бірліктің көрінісі, нәтижесі болады. Абай атамыз да «бірлік ақылға бірлік, малға бірлік емес» дегенде осыны меңзесе керек.

Бірліктің біздің қоғамға тигізер пайдасы

«Рухани жаңғыру» аясындағы біздің қоғам үшін бірлік пен берекенің мынадай пайдаларын тілге тиек етуге болады:

Әуелі, береке, бірлікте болу – Алланың әмірін орындау. Қастерлі Құран «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер[4]» деп насихаттайды. Дінімізде көрінісі бар ғибадаттармен қатар, рухани да құлшылықтар бар. Намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, зекет берудің құлшылық болғанындай, Алланың кез-келген әмірін дұрыс орындау ғибадат ретінде саналады. Яғни, жоғарыдағы аяттың негізінде айтсақ, бөлінбеу, берекеде болу, халықтың бірлігін, тұтастығын сақтау да Алланың әмірін орындау болып, дінімізде сауапты істерден саналады.

Екінші, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болады. Хадис-шәріпте «Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар[5]»,-деген өсиет бар. Шынында да, берекені сақтамаудың соңы ауыр зардаптарға соқтырып, халықты азапқа ұшыратады. Бір ғана мысал – «Араб көктемі». Әлде бір күштердің айтқанына ілесіп, ұрандардан жақсылық күткен еді, бүгінде ол халықтардың жаңағы үміті шырын түске айналды. Ел экономикасы құлдырап, халық шығынға батты, ана мен бала жазықсыз өлтірілді. Ғылым тоқырады, күндер мен түндер үрей ішінде өтуде. Бұл осы дүниенің азабы емес пе?!

Ата-бабаларымыз мұндай келеңсіздікке қатаң тыйым салған. Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысында» көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылған. 1885 жылы Шар бойында Абайдың қатысуымен жасалған «Қарамола ережесінде» де ұрыс-керіс шығарғандар қатаң айыпталған. Яғни, ат-шапаннан бастап үш тоғызға дейін айып төлеген. Міне, бұл оқиғалар біздің тарихымызда Отан тыныштығы, ел бірлігі, ұлт тұтастығы жоғары бағаланған.

Құранда: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар (тартыспаңдар), онда ұтыласыңдар да күш қуаттарың кетеді, (әлсірейсіңдер, жүректерің бірікпейді) сабырлы болыңдар. Расында, Алла сабырлылармен бірге[6]» - деген тамаша үндеу бар. Сондықтан да, халқымыз «айырылған азады, қосылған озады», «артта қалғанды аю жейді, бөлінгенді бөрі жейді» деп айшықты ой айтқан. Ал, Елбасымыз бір сөзінде «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деп тыныштықтың қадірін ескертеді.

Қорыта айтсақ, Мәңгілік Ел болу мұратындағы біздің қоғамға тыныштық пен берекенің тигізер пайдасы орасан.

Үшінші, ел гүлденеді, қоғам дамиды, ғылым алға басады. Береке-бірлік болған жерде ғана ел гүлденіп, құндылықтар жаңғырып, қоғамның рухы жаңарады.  Пайғамбар (с.ғ.с.) өз кезінде Араб жарым аралының тыныштығын ойлап бір қатар уақытша тиімсіз, шын мəнісінде тиімді қадамдар жасаған. Худайбиядағы теңсіз келісімге қол қойды. Тіпті, Меккенің азат етілуі сынды аса ірі саяси өзгерістер кезінде де тыныштық үшін теңсіз шарттардың барлығын мүлтіксіз, сабырмен, аса көркем түрде орындағанын білеміз. Шынында да, сол бір тыныштықтан кейін қоғам дамып, ғылымы гүлденді. Әдеп пен мәдениет жер жаһанға тараған еді. Ислам ғылымның әсерінен Еуропада бірнеше рет ғылыми-техникалық төңкеріс жүзеге асып, бүгінгі дамыған қоғамның пайда болуына даңғыл жол ашылды.

Қазақ халқының ел ретінде гүлденіп, қоғамының дамуы үшін әрбір кезеңде хандарымыз ұлтты ұйытатын заңдар шығарып, ел іргесін бекемдеп отырған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты заңдардың мазмұнында береке-бірлікті сақтауға бағытталған тармақтарға айырықша көңіл бөлген.

Төртінші, тыныштық болған жерде Алланың жәрдемі, берекеті болады. Алланың жәрдемі болмай, пендені тастап қойғанынан артық қиыншылық жоқ. Сол үшін де бабаларымыз әрбір ісінде үлкеннің батасын алып, Алладан тілек тілеп отырған. Себебі, діннің мәйегін жақсы түсінген халқымыз «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» (Әбу Дәуід) деген хадис құндылықтарын бойына сіңірген. Ал, берекет те Алланың пендесіне деген жәрдемі.

Берекет дегеніміз аз нәрсенің көпке жетуі. Көбінде адамдар дүние-мүлкінің, ақшасының, материалдық байлықтарының көп болғанын қалайды. Әрине, Алла берген нығметтердің көп болғаны жақсы. Өкінішке орай, осы нығметтердің берекеттілігін ойлайтындарды аз ұшыратып жатамыз.

Береке болған жерде Құдай Тағала қоғамның және адамдардың әрбір жұмысына молшылық, табыс береді. Сол берекет арқылы істің өнімділігі жоғарылайды, өндіріс өркендейді, қоғамның дамуы қарқын алады.

Берекені бұзушыны Алла жек көреді

Құранда «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер[7]» екені дәріптеліп,  «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар[8]» деген әмір бар. Бұл бүгінгі қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарып, халқымыздың айрандай ұйыған берекесін бұзғысы келетін жат пиғылды адамдарға орын жоқ деген сөз. Ондай жат ниетті адамдар жайында  «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді[9]» делінген Құран аяты бар.

Құран тағылымы қоғамның тыныштығын сақтаудың алғы шарты ретінде басшыға бағынуды[10], әрбір істе сабырлы болуды[11], қандай да бір жақсы бастаманы қоғамнан күтіп отырмай, әрбір азамат өзінен бастауы керек екенін[12] ұғындырады.

Ендеше, әрбіріміз тыныштықтың бағасын біліп, берекелі қоғамның уығы болып қадалғанымыз абзал.

Асқар Мұқанов

ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі,

«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы

 

[1] «Хужурат» сүресі, 13-аят

[2] «Анкабут» сүресі, 46 аят

[3] «Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар

[4] «Әл-Ғимран» сүресі, 103-аят

[5] Тирмизи, «Фитан», 7

[6] «Әнфәл» сүресінің 46-аяты

[7] «Бақара» сүресі, 217-аят

[8] «Ағраф» сүресі, 56-аят

[9] «Маида» сүресі, 64-аят

[10] «Ниса» сүресі, 59-аят

[11] «Бақара» сүресі, 153-аят

[12] «Рағд» сүресі, 11-аят

Бөлісу: