26
Жұма,
Сәуір

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с.) қаны мен тері

Пайғамбардың (с.ғ.с.) қаны мен тері

Мақалалар
Жарнама

Әз-Пайғамбар (с.ғ.с.) сіз бен біз сияқты ет пен сүйектен жаратылған адам баласы. Десе де, Хақ Тағаланың таңдаулы пендесі болғандықтан пайғамбарлығына тән айрықша қасиеттері болған.

Мәселен, денесінен шыққан тері. Әдетте, адам тәнінен шыққан тері ащы әрі иісі жағымсыз келеді. Алайда, әз-Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак денесінен шыққан тері жұпар иісті болатын. Сахаба Әнас бин Малик (р.а.) риуаят етеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) біздің үйге келіп, түс мезгілінде қайлулә[1] етіп демалды. Ұйықтап жатқан пайғамбардың (с.ғ.с.) мүбәрак маңдайындағы терлегеннен шыққан тамшыларды анам шыны құтыға жинай бастады. Сол мезетте оянып кеткен пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Үмму Салим! Не істеп жатсың?», - деп сұрады. Менің анам: «Сіздің теріңізді біз иіссуымызға қосамыз. Ол (теріңіз) ең жақсы иіссу[2]», - деп өзінің бұл әрекетінің сырын айтты.

Тағы бір ғажайып дерек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хижама жасатып жатқанда Абдулла бин Зубайр (р.а.) кіріп келеді. Болған соң: «Ей, Абдулла! Мына қанды ешкім көрмейтін жерге төгіп таста», - деді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Сыртқа шыққан соң, Абдулла ол қанды ішіп жіберді. Кері оралғанда: «Ей, Абдулла! Әлігі қанды не істедің?», - деп сұрады. Зубайырдың ұлы: «Адамдардың көзінен ең тасалау деген жерге қойдым», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен (қанды) ішіп қойдың ба?», - дегенде: «Иә», - деп жауап береді Абдулла. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оны неге іштің? Сен адамдарға сор боласың, адамдар да саған сор болады[3]», - деген екен.

Қан ең лас және дерт тасушы. Бірақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қаны басқаша. Мұны жоғарыдағы хадистен аңғаруға болады. Риуаятта бұл оқиғадан кейін пайғамбар (с.ғ.с.) қанының қасиетімен Абдулла бин Зубайырдың күшіне күш, қайратына қайрат қосылғаны айтылады. 

Руслан Қамбар

Исламтанушы


[1] Қайлулә – түс уақытындағы ұйқы

[2] Муслим

[3] Баззар «Муснад», Хаким «Мустадрак», Байһақи «Сунан Кубра»

Бөлісу: