23
Сенбі,
Қараша

һижри

Қасиетті Барағат түнін қалай өткізген дұрыс

Қасиетті Барат түінін қалай өткізген дұрыс

Мақалалар
Жарнама

Шағбан айының тағы бір ерекшелігі ол айда қасиетті Барағат түнінің (Оттан құтылу түні) болуы. Бұл түн Шағбан айының 14-інен 15-іне сәйкес келеді.

Барат қандай түн?

Алла Тағаланың мейірімі жауып, кешірім қабыл болатын түн. Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісі (ﷺ) түнгі намазында сәждеде ұзақ уақыт жатып қалды. Сәждеде ұзақ болғаны соншалық, мен тіпті қайтыс болып кетті ме деп қорықтым. Осы оймен төсегімнен тұрдым да бас бармағын қозғап көрдім. Саусағы қимылдаған соң өз орныма қайта келдім. Осыдан соң мен оның сәждеде жатып, былай дегенін естідім: «Иә, Раббым! Сенің азабыңнан, мейіріміңе жүгініп, үміт етемін. Мен Сенен пана тілеймін. Сені Өзің лайық болған дәрежеде мадақтай алмаймын. Сен Өзіңді сипаттағандайсың».  Осыдан соң ол маңдайын сәждеден көтеріп, намазын аяқтады. Және маған қарап; «Ей Айша,  Пайғамбар сені қалдырып кетті деп ойлап қалдың ба?», - деп сұрады. Мен; «Жоқ, Алланың Елшісі (ﷺ), сәждеңіздің ұзаққа созылғанына қарап, өмірден озыды ма екен деп қорықтым», - дедім. Осыдан соң Ол: «Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?», - деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Пайғамбары жақсы біледі», - деп жауап бердім. «Бұл Шағбан айының жартысы толған түн. Бұл түнде Алла Тағала құлдарына мейірімін жаудырып, кешірім тілегенді кешіріп, мейірім тілегендерге Өз мейірімін жаудыратын түн. Тек қана жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамға ол райынан қайтпағанша назар салмайды».

Кешірім түні. Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді».

Қалб тайпасы- көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

Алайда, Алланың кешірімінен құр қалушылар да болады екен. Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Бұл түн Шағбан айының ортасы. Алла Тағала тозақ отынан Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды босатады. Алайда Аллаға  серiк қосушыға және мұсылман бауырына деген жүрегінде кегі бар адамға, сондай- ақ туыстық қарым-қатынасты үзуші мен тәкаппарлыққа салынып, етегін тобығынан төмен түсіріп киген адамға(тәкәппар, тазалығы жоқ, лас адамға), әрі ата-анасына қарсы шығушы мен шарап ішетін адамға назар салмайды». 

Муаз Ибн Жәббәлдан (оған Алла разы болсын) жеткен тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді». 

Бұл түні Пайғамбарымызға (ﷺ ) толықтай шапағат ету құқы берілген. Сонымен бірге, қасиетті Барағат түніндегі маңызды төрт  негіз:

  1. Бұл түнде жасалған құлшылықтардың (Құран оқу, намаз, дұға мен зікір, тәубе мен истиғфар) күндізгі жасалған құлшылықтардан сауабы жоғары болады.
  2. Алланың ихсаны мен шұғыласы және берекеті толы болады.
  3. Бұл түн – кешірім түні.
  4. Пайғамбарымызға (ﷺ) шапағат ету құқығы толығымен берілген түн.

Сондықтан Ислам ғалымдары бұл түнді жақсы амалдармен өткізуге кеңес берген.

Бұл түні не істеу қажет?

Барағат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.

- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам  баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (ﷺ) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (ﷺ) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы жайлы көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде я болмаса өз ана тілінде сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.

- Нәпіл намазды я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар болса (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса). Ол кісілерге осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауды ұсынамыз:

1.Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте, егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын.

2.Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.

3.Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.

- Әйел адамдар етеккір кезінде намаз бен Құран оқи алмайтындықтан, олар кез келген зікірді айтып, тасбих тартып, салауат айтуы керек. Сонымен қатар  Құран мен хадистерде келген араб тіліндегі дұғаларды дұға ету ниетімен оқи алады.

- Сенімділігі әлсіз хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз (ﷺ) осы түні Бақый қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмас Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.

Шағбан айының 15- і күнгі ораза

Барағат түнінен соң келесі күні, яғни Шағбанның 15-і күні ораза тұтқан мұстахаб амал болып саналады.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) осы оразаны тұтуды өсиет еткен. Алайда бірнеше ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл хадистер сенімді болып табылмағанымен де Шағбан айының бірінші жартысындағы тұтылған оразаның сауабы мол екендігі аңғарылады. Және де сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) Шағбан айында көп ораза тұтқан болатын. Үмметтің үлкендері (сәләф әс- солихтар) Шағбан айының 15- і күні ауыз бекіткен. Амалға асырылып отырған бұл тәжірибеден олардың бұл хадисті сенімді деп танығандарын көреміз.

Сондықтан да Шағбан айының 15-і күні ерікті түрде сауабынан үміт етіп, нәпіл ораза тұтуға кеңес береміз. Сондай- ақ, қаза болған оразаны ұстауға болады.

Ummet.kz

Бөлісу: