23
Сенбі,
Қараша

һижри

«Бисмиллә»-ның тәпсірі (1)

«Бисмиллә»-ның тәпсірі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

بسم الله الرحمن الرحيم

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

«Бисмиллә» – сөзі бір істі Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарын зікір ете отырып бастауды білдіреді. Араб тіліндегі «إسم» сөзі «سمو» сөзінен шығып, жоғары және мәртебелі деген сынды мағыналарды береді. Бұл сөздің көпше түрі «أسماء» (есімдер) деген сөз. Яғни, «بسم الله الرحمن الرحيم»  сөзіндегі «بسم الله» (Алланың есімімен) деп бірлік түрінде келсе, Құран аяттары мен хадис шәрифтерде негізінен көпше түрдегі «أسماء» сөзі көп қолданылады.

Ал енді, «بسم الله» дағы Алла сөзі болса, Алла Тағаланың барлық кемел сипаттары мен көркем есімдерінің мән-мағынасын қамтитын жиынтығы. Бұл турасында имам Құртуби: Алла – сөзі ғана Алланың ең ұлық есімі. Ол, қалған көркем есімдерінің мағынасын қамтыған жеке-дара есімі дейді [1].

«بسم الله الرحمن الرحيم» сөзіндегі «Рамхман» және «Рахим» ерекше мейірімдік мағынасында болып, «Рамхман» сөзі «Рахим» сөзіне қарағанда мағынасы ауқымды екені айтылады. Әбу Сағид әл-Худрий және Ибн Масғуд жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с): «Рахман – дүние-ақыреттің Рахманы, Рахим – ақыреттің ғана Рахимы»[2] деген. Кейбір тәпсірші ғалымдардың көзқарасы бойынша, кейде «Рахамн» сөзі «Раззақ» яғни, рызық беруші мағынасын да білдіреді. Яғни, Алла Тағала дүниеде әрбір тіршілік иесіне ісіндегі ықыласына сай рызықтандырады. Мүмін немесе кәпір деп алаламайды. Мысалы: кәпірдің жүрегі күпірлікке толы болғанымен, оның ісіне деген ықыласы мен оған жұмсаған қажыр-қайратының қарымжысы ретінде сыйын алады. Ал өз ісіне салғырт қараған мұсылман жүрегі иманға толы болса да, ісі оңға баспайды. Себебі, жалқаулық – Аллаға ұнамайтын жағымсыз сипат. Қазіргі таңда мұсылмандардың артта қалып, кәпірлердің өркендеуі осының белгісі[3].

Алла Тағаланың «بسم الله الرحمن الرحيم»  сөзіндегі «Алла», «Рахман» және «Рахим» есімдерінің рет-ретімен келуінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Соның бірі Құранның – пайғамбар қауымы түсінетін араб тілінде түсуімен де байланысты. Арабтар бір затты таныту үшін әуелі сол заттың атын айтып, содан кейін сол заттың өзге заттардан ерекшеленетін сипаттарымен түсіндіретін еді. Тура сол сияқты Құран Жаратушы Хақты танытуда әуелі «Алла» есімімен атап, содан кейін тек Жаратушыға тән «Рахман» есімімен сипаттап отыр. Дінде «Рахман» есімімен жаратылысты сипаттауға болмайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманында саяси мақсаттарына жетуді көздеген топтардың бір бөлігі өздерін «Пайғамбармын» деген жалған пайғамбарлық атпен ортаға шыққан еді. Ислам туының астында басы біріккеніне ұзақ уақыт болмаған мұсылман қоғамының сеніміне селкеу түсіріп, бірлігін ыдыратуды көздеген аталмыш топтар адамзат келешегіне, қоғам тыныштығына үлкен қауіп төндірді. Атап айтар болсақ, өздерін «Пайғамбармын» деген жалған пайғамбарлардың бірі Мусайламату әл-Кәззаб деген кісі еді. Ол өзіне «Рахману Йамама» (Йамаманың Рахманы) деген ат беріп, пайғамбар екенін жария етеді. Әрине сол кезде Мусайламадан басқада жалған пайғамбарлар болған болатын. Алайда, Алла Тағалаға ғана тән «Рахман» сипатын, Мусайлама өзінің атына қосып айтқаны себепті мұсылмандар оған «әл-Кәззаб» (Суайттықта шектен шыққан) деген лақап ат беріп, күні бүгінге дейін Мусайламату әл-Кәззаб атымен танымал болғаны айтылады.

Ал, «Рахим» есімі Алла Тағаланың мүмін құлдарына ғана тән ерекше мейірімділігімен дараланады. Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ, мүміндерге ерекше мейірімді» (Ахзаб сүресі, 43-аят) делінсе, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (саллалаһу ғәлейһи уасәллам) бір хадисінде: «Алла Тағала көктер мен жерді жаратқан күні жүз рахымдылық жаратты. Рахымдылықтың біреуін жерге таратты. Сол арқылы ана баласына, жан-жануарлар, құстар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайды. Тоқсан тоғызын қиямет күніне сақтады. Алла қиямет күнін осы қалған рахымдылығымен толықтырады» деп, мүмін құлдар үшін ақыретте үлкен сый бары сүйіншіленген. Адам нәфсісін тізгіндеп, бойындағы туа бітті рахымдылық сезімін оңды пайдалана білсе, қияметте Алла Тағаланың таусылмайтын рахымына бөленбек. Ақыл иесі адамзат санасында ақырет сенімі болмаса, мейірімділік зұлымдыққа, достық дұшпандыққа айналар ма еді?! Кім біледі.

«Бисмиллә» - Алланың ең ұлық

есімімен бастау

Алла Тағаланың көркем есімдері Жаратушы Алланы танытатын дәлелдер. Ақыл иесі болған адам баласы Оның көркем есімдері арқылы Алланың ұлылығын, құдіреттілігін, хикмет иесі екенін сезіне алады. Әрі сол көркем есімдері арқылы рухани кемелдікке көтеріліп, Аллаға жақындайды. Қасиетті Құранда: «Алланың көркем есімдері бар, солар арқылы Оған дұға қылыңдар. Оның есімдерін теріске шығарғандарды қоя беріңдер, олар қолекі істегендерінің сазайын тартады» (Ағраф сүресі, 180-аят) делінсе, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Алланың 99 есімі бар. Кімде-кім сол есімдерді жаттап, соларға лайық амал жасайтын болса - жәннатқа кіреді»[4] деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) әрбір ісін «Бисмиллә» мен бастап, үмметіне сүннет етіп қалдырды. Бір хадисте: «Адам үйіне кірерде және тамақ ішерде «бисмиллә» деп айтса, шайтан: «Бұл жерде қонақтай да, тамақтана да алмаймыз»,- дейді. Егер ол адам үйіне кірерде «бисмиллә» деп айтпаса, шайтан: «Түнді өткізетін жерді таптыңыздар»,- дейді. Егер ол адам тамақ жеуден алдын «бисмиллә» айтпаса, шайтан тағы да : «Паналайтын, әрі тамақтанатын жер таптыңыздар»,- дейді»[5] деп, күнделікті көп қайталанатын үйге кіріп-шығу, тамақ ішіп-жеу сынды істерімізбен қатар, ерлі-зайыптылардың төсек қатынасы кезінде де шайтанның адам іс-әрекетіне араласатыны жайлы Алла елшісі (с.а.с): «Егер сендердің біреулерің әйелімен жыныстық қатынас жасағысы келсе: «Бисмилләһи (Алланың атымен). Уа, Алла! Бізді шайтаннан аулақ ет және Сенің бізге беретініңнен де (баладан) шайтанды аулақ ет», - деп айтса, әрі (сол) ерлі-зайыптыларға балалы болу нәсіп етілсе, шайтан ешқашан оған зиян тигізе алмайды»[6] делінеді.

Пайғамбар сүннетін ғұмырлық қыбланамаға айналдырған дана халқымыз да, әрдайым бүкіл ісін Жаратушысына жалбарына отырып «بسم الله الرحمن الرحيم» дұғасымен бастағаны һәммаға аян. Халқымыз «Бисмиллә» дұғасын шайтан жамандығынан сақтанудың бірден-бір жолы деп білген. Мысалы: халқымызда түнде тағамның бетін ашық қалдырмау дәстүрі кеңінен тараған. Аналарымыз ыдыстың бетін жабатын қақпағы болмай қалған жағдайда, бетіне «Бисмиллә» деп жіңішке ағаш сиқты нәрсені болса да көлденең қоятын еді. Сол аналарымыздың осы бір істерінің төркінін хадис шәрифтерден кездестіруге болады. Жәбир (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сүндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жәйіп қою) қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп  ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын...»[7] десе, тағы бір хадисте: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауыруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауыруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі»[8]  деген.

Хадистерде түнде тағамның бетін ашық қалдырудың екі түрлі кесірі баяндалады. Әуелісі: лағынеті шайтанды адал асқа араластырмау. Екіншісі: жылдың бір түнінде тарайтын оба ауыруынан сақтандыру. Яғни, түнде беті ашық қалған тағамды «бисмиллә» деп бетіне көлденең бір зат қою арқылы мұсылман адам басына келетін түрлі бәле-қазадан аман қалмақ.

«Бисмиллә, бисмилләсіз іс қылма» деген Қазақ халқының руханиятын жалпы жұртқа мұра етіп қалдырған ұлы тұлғалардың жыр-шумақтарынан бірер мысал бере кетелік. Мәселен, Жүсіп Баласағұни (Шамамен 1020 жыл – қайтыc болғаны белгісіз) өзінің «Құтадғу білік» (Құтты білік) дастанын:

                               «Алла атымен бастадым сөз әлібін,

                                Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!»[9] деп, жыр шумақтарын қасиетті Құранның 113 сүресінің басында қайталанатын «Мейірімді және аса қамқор Алланың атымен бастаймын» сөзімен, яғни, Құран тәсілімен бастайды. Қожа Ахмет Яссауй да (1093 ж.ш. дүниеге келген) жырларын:

                               «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы,

                                Алла Тағаланың мейіріміне мінәжат.

                                Мінәжат қылды міскін Қожа Ахмет,

                                Иә, Алла! Бар пендеңе рахым ет!»[10] деп, әрбір істерін Алла мінәжат етумен бастағанын көреміз.

Түркі ғалымы, әйгілі «Диуани лұғат әт-Түрік» («Түрік сөздерінің жинағы») атты іргелі еңбектің авторы Махмұд Қашқари да (1029-1101):

                «Атымен тәңірімнің білім жидым,

                 Өмірдің көңіліме сырын түйдім.

                 Гүліме тудың таза суын құйдым,

                 Мәртебем содан менің биіктепті»[11] деп, адамзат үшін сіңірген ерен еңбегін Жаратушы Хақтың сыйы ретінде баяндайды.

Атақты Ахмед Иүгінеки де (XII ғасырдың соңы – XIII ғасырдың басы):

                «Иә, Алла! Көп мінәжат етем саған,

                 Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам»[12] деп, өмірін Алланың рахметінен үміт етіп, мінәжат қылып жалбарынумен өткізгендігін тілге тиек етеді.

Қазақтың XIX-XX ғасырларда өмір сүрген, ағартушылықпен айналысқан Ыбырай Алтынсарин (1841-1889):

                «Кел, балалар оқылық,

                 Оқығанды көңілге

                 Ықыласпен тоқылық.

                 Істің болар қайыры,

                 Бастасаңыз Аллалап»[13] деп, Алланың атымен бастап, ықылас қойған істің ғана қайыры болатынын жас ұрпақтың санасына сәуле етіп түсіруді мақсат етеді.

Хәкім Абай Құнанбайұлы (1845-1904) «Бисмиллә» сөзін Аллаға шынайы көңілден жалбарыну арқылы жемісін беретінін былай топшылайды:

                «Алла деген сөз жеңіл,

                 Аллаға ауыз қол емес.

                 Ынталы жүрек, шын көңіл,

                 Өзгесі Хаққа жол емес»[14].

Қазақ халқының руханиятын жалпы жұртқа мұра етіп қалдырған ойшыл, ғалым ата-бабаларымыздың ізінен еріп, ескіні жаңғыртып жүрген діндар, ақын ағаларымыздың бірі Құл-Керім Елемес, өзінің «Жарық» атты имани жыр жинағын:

                «Бисмилләһпен көзімді аштым – көр екем!..

                  Бисмилләһсыз «төр» дегенім «көр» екен!..

                  Бисмилләһпен екі әлемімді анықтап,

                  Бисмилләһпен кірді қашқан берекем!..

                  Солай, анық болды адам Құл – Керекең!

                  Шүкір!»[15] дейді.

Міне, аталмыш қазақ халқының бір туар көзі ашық, көкірегі ояу, халқына жаны ашитын ұлы тұлғалардың жыр-шумақтарынан пайғамбар сүннетіне берік болғандарын көреміз. Әрі әрбір істерін Аллаға мінәжат етпестен бастамағанын, істің құт-берекесі де «Бисмилләсіз» (Алланың атымен басталмай) болмайтынын ашық айтып отыр.   

(Жалғасы бар) 

Самет Оқанұлы

 Исламтанушы, Phd доктор

 ________________________________

[1] Тәфсирүл Құртуби, 1-том, 102-бет.

[2] Ибн Атия әл-Әндулуси, Әл-Мухаррарул уажиз фи тәфсирил китабил ғазиз, «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2001. 6 томдық тәфсір кітабы. 1-том, 566 бет. 63-64 бетте.

[3] Мәңгі мұғжиза, 256-бет.

[4] Бұхари, Шуруд, 6957; Муслим, Зікір, дұға және тәубе бабы, 2677.

[5] Шарху ән-Науауй ғәлә Мүслим, «Китәбул әшриба» бөлімі, 103-хадис, 1280-бетте.

[6] Ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул бари шарху сахих әл-Бұхари, 4830-хадис.

[7]Шарху ән-Науауй ғәлә Мүслим, Китәбул әшриба, 96-хадис, 1277-бет.

[8] Шарху ән-Науауй ғәлә Мүслим, Китәбул әшриба, 99-хадис, 1279-бет.

[9] Жыр маржандары, «Мереке» баспасы, Алматы. – 2014. 10 том.1-том, 525 бет. 79-бетте.

[10] Жыр маржандары, «Мереке» баспасы, Алматы. – 2014. 10 том.1-том, 525 бет. 94-бетте.

[11] Жыр маржандары, «Мереке» баспасы, Алматы. – 2014. 10 том.1-том, 525 бет. 110-бетте.

[12] Жыр маржандары, «Мереке» баспасы, Алматы. – 2014. 10 том.1-том, 525 бет. 120-бетте.

[13] Ай, Заман-ай, заман-ай (Бес ғасыр жырлайды), Алматы. – 1991. 2-том, 495 бет. 6-бетте.

[14] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Абай шағармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы» баспасы, Алматы. – 2005., 2-том, 335 бет. 13-бетте.  

[15] Құл-Керім Елемес, Жарық: жыр кітабы. «Сөздік – Словарь» ЖШС, 2014. – 304 бет. 3-бетте.

Бөлісу: