28 июля 2026, Вторник 14 сафар 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 02:27
Восход 04:28
Зухр 12:26
Магриб 20:13
Иша 22:14

Дене сабыры және нәпсі сабыры

Дене сабыры және нәпсі сабыры

Сабырдың да түрлері бар. Ғалымдар оны «дене сабыры» және «нәпсі сабыры» деп бөледі.


Дене сабыры – құлшылықтағы қиындықтарға төзу. Мысалы:

– Таңертең жылы төсектен тұрып дәрет алу оңай емес.
– Қыстың суығында ғұсыл алу да денеге ауыр.
– Күнделікті бес уақыт намаз оқу да нәпсіге салмақ салады.
…бірақ мұсылман адам осының бәріне сабыр етеді, өйткені нәтижесін біледі. Ол өзінің әрбір дәреті мен намазы үшін Алланың алдында сый күтіп тұрғанын сезеді.

Нәпсі сабыры – нәпсінің қалауын тыю.

– Шахуатты қандыруға бейім тұратын нәпсіні тежеу.
– Жайбарақат болуды, ашуға ерік беруді, харамға қарай ұмтылуды тоқтата білу.

Нәпсіні тежеген сайын ол шырылдай бастайды. Бірақ дәл осы сәт – сабыр мектебі. Адамның мінезіне қарап оның сабырын байқауға болады екен. Соған байланысты ғалымдар төрт негізгі өлшемді айтқан. Олар мыналар:

* Пәктікке сабыр. Егер адам әурет жерін харамнан қорғай алса, харам ішімдіктерден, арам ас пен лас нәрселерден тыйыла алса, ол – пәк адам. Бұл – сабырдың ең үлкен түрі.

* Сынаққа сабыр. Егер басына түрлі ауыртпалық келсе де, ол төзе білсе, ол – нағыз сабырлы адам. Қайғы-қасіретке мойымай, сынақта Аллаға жақындай түсетін жан.

* Ашуын жеңу. Егер біреу оны ренжітсе де, ашуға ерік бермей, өзін ұстай алса, ол – мүләйім, жұмсақ мінезді адам. Хадисте: «Нағыз күшті адам күресте қарсыласын жеңген емес, ашу үстінде өзін жеңген адам», – делінген.¹⁵²

* Ризашылыққа сабыр. Егер малы аз болса да, қанағат қылса, барына шүкір етсе, ол – қанағатшыл әрі дүниеден бет бұрған (зухд) адам. Бұл – жүректің ең жоғары дәрежесі.

Осы сипаттар – сабырдың жемісі. Яғни сабыр тек шыдап тұру емес, ол – жүректің тазаруы, мінездің көркемденуі, иманның бекінуі.

материал «Алламен сырласу» кітабынан алынды, 

ummet.kz