Дінімізде Алла Тағаланың адам баласына берген дәулетіне сай, әдемі киінуіне тыйым салынбаған. Әбу Әхуастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді:
«Бір күні ол (хадисті жеткізген сахаба) Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нашар бейнедегі киіммен келеді. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Сенің дүниең бар ма?» - деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап қайтарады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Қандай дүниең бар?» - дейді. Ол: «Маған Алла Тағала түйе, қой, жылқы және құл берді», - дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер саған Алла дүние берсе, онда Оның нығметінің ізі мен кеңдігі сенің бойыңнан көрінсін», - дейді.
Демек, өзінде жоқты бар етіп көрсетіп, тым қымбат киім киюі жөн көрілмейтіндігі сияқты, бар болып тұрып, тым жұпыны киім киген хош емес. Абай атамыз ан сегізінші қара сөзінде: «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі», - деп айтуы осыдан.
«Жақсы киім киіңдер, Алла Тағаланың сендерге берген ниғметтерінің әсері байқалсын!». (Табарани).
Хазреті Омар «Екі түрлі киімдерің болсын, бірі сәнді, екіншісі қарапайым. Киімнің сәулетті, таза болуы адамның абыройын көрсетеді» деді. Ибн Омар хазрет те: «Қандай киім киейін?» деп сұраған бір адамға: «Төмен адамдардың мазақтауына, мәдениетті адамдардың сені кемсітуіне себеп болмайтындай түрде киін!» деген. Имам Ағзам хазрет 400 алтын құнындағы өте қымбат киім киетін еді. Шәкірттеріне жақсы киінуді бұйыратын еді.
Имам Ағзам: «Хазреті Омардың жамалған шапан киюі мұсылмандардың әмірі болуы себебінен еді. Егер сәулетті киімдер кисе, онда үкімет қызметшілері де сәулетті киінетін еді. Кедейлері халықтан зұлымдықпен мал-мүлік тартып алар еді» деді. Хазреті Талха өте бай еді. Сәулетті киініп, ылғи көрікті болып жүретін еді. Жүзігінде өте қымбат жақұт тасы бар еді.
Әһли хикмет ғұламалар «Сондай киім ки, сен оған емес, ол саған қызмет етсін!» деген.
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz