Имам Ахмадтың «Муснад» атты хадистер жинағында:
Зейнеп есімді әйел — Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) жұбайы туралы былай делінеді: Зейнеп қолөнермен айналысатын, еңбегімен тапқан табысын күйеуіне және балаларына жұмсайтын.
Бір күні ол күйеуіне:
— Сен де, балаларың да мені садақа беруден тыйып қойдыңдар! — дейді. Сонда күйеуі:
— Уаллаһи, егер сен бұдан сауап алмасаң, мен мұны істеуіңді қаламаймын! — дейді. Зейнеп осы сөзге ой жүгіртіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) барады да:
— Уа, Алланың Елшісі! Мен қолөнермен ақша табамын. Сол табыстан өзім мен балаларымды асыраймын. Осындай әрекетім үшін сауап бар ма? — деп сұрайды.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
— Оларға жұмса! Сен не жұмсасаң да, Алла сенің әр тиыныңды садақа ретінде жазады! — деп жауап береді.
Нәпақа — ердің мойнында. Бірақ әйел өз еңбегінен берсе, ол садақадан да жоғары, себебі ол — махаббаттан туған беру.
Әйелдің еңбегі — отбасына қуат, оның табысы да — отбасының берекесі. Ол ақша емес, мейірім, ол сан емес, ниет.
Бақытты үй — табыстың көптігімен емес, жүректердің ортақ болуымен өлшенеді.
Кей үйлерде бәрі бар, бірақ сүйіспеншілік жетпейді. Кей үйлерде аз ғана бар, бірақ сол аз — мол берекенің бастауы.
Мәселенің мәні, кім көп әкеледі дегенде емес, кім ықыласпен береді деген түсінікте.
Әйел үйге ақша емес, жарық алып келеді. Ер адам — қорған, әйел — сол қорғанның жаны мен жылуы.
Егер сен әйел болсаң — еңбегіңді Алла разылығы үшін жаса, жүрегіңнен жылулық кетпесін.
Егер сен ер болсаң — әйеліңнің еңбегін «міндет» емес, сыйлық деп біл.
Әйеліңнің махаббатын, еңбегін, шынайы ниетін бағала!
Оның мойнында шаңның тозаңындай да ауырлықтың болуына жол берме! Себебі, махаббат — ортақ шот емес, ортақ жауапкершілік. Бір үйде «менікі» мен «сенікі» деген сөз көп айтылса — ол үйдің берекесі азаяды. Ал «бәріміздікі» деген сөз орнаса — ол үйді Алланың рахметі қоршайды.
материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,
ummet.kz