Шариғат бойынша жұма намазының дұрыс өтілуі үшін белгілі шарттар табылуы керек. Атап айтқанда, жұма намазы жалпыға рұқсат етілген жерде оқылуы шарт. Белгілі жамағатқа ғана рұқсат етіп, басқаларға келуге тыйым салынса, жұма намазы дұрыс болмайды.
«Жалпыға рұқсат» дегеніміз жұма намазы оқылатын мешіттердің есіктері ашық болуы, оған қалаған адамның кіріп шығуына рұқсат берілуі. Яғни адамдардың мешітке келуіне ешкім бөгет жасамауы тиіс. Себебі жұма намазы – ислам рәміздерінің бірі, ол адамдар арасында ашық өткізілуі керек.
Қазақстан Республикасында діни бірлестік мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап, заңды тұлғаның құқық қабілеттілігіне ие болады. Бүгінгі таңда кез келген адам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) филиалы болып тіркелген мешіттерге келіп, өзінің құлшылығын ешбір кедергісіз өтей алады.
Шариғат бойынша жұма намазын сұлтан (ең жоғарғы билік өкілі) немесе оның орынбасары өткізуі шарт. Ханафи мәзһабының ғалымдары оған мына хадисті дәлел етіп келтіреді:
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «...Кімде-кім менің тірі кезімде немесе қайтыс болғанымнан кейін әділ немесе залым басшысы бола тұрып, оны елемей немесе оған қарсылық білдіріп, жұма намазын оқуды тәрк етсе, Алла оның дүниесін біріктірмесін, ісіне береке бермесін...», - деген.
Сондай-ақ, Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Сұлтанға төрт нәрсе тиісті деп, соның ішінде жұма намазын атап өткен».
Ханафи мәзһабының фиқһ кітаптарында: «Жұма намазын сұлтан немесе оның орынбасары (әмір, қази) өткізуі шарт», – делінген. Себебі жұма намазын өткізетін кісі нақты белгіленбесе, жамағат арасында намаз оқылатын орын, уақыты, яғни намазды ерте немесе кеш оқу жайында, сондай-ақ біреуді имамдыққа өткізуде талас-тартыстар туындауы мүмкін. Бұл әрине бүлікке, дауға жол ашады. Ал намазды билік өкілі басқарған кезде де мұндай таластар тоқтайды. Сондықтан тәртіп болуы үшін биліктің рұқсаты маңызды.
Бүгінде Қазақстанда ислам діни қызмет ҚМДБ және оның филиалдары (мешіттері) тарапынан жүзеге асырылады. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислам діни бірлестігінің Жарғысында жұма және айт намаздары секілді діни рәсімдердің мешіт имамдары тарапынан атқарылатындығы жазылған.
Шешім:
Жұма намазының дұрыс өтуі үшін шариғатта көрсетілген шарттардың бірі табылмаған жағдайда жұма намазы өткізілмейді, оның орнына бесін намазы оқылады.
ҚМДБ рұқсат берген мешіттер мен арнайы намазханаларда ғана жұма намазы оқылады. Мешіттерден тыс (тұрғын үй, қоғамдық орын, базар, өндірістік, оқу орны, т.б.) ғимараттар мен құрылыстарда жұма намазын оқуға болмайды.
Жұма намазын ҚМДБ тарапынан бекітілген діни қызметкер ғана жүргізе алады.
Жұма намазының шарты екі айт намазына да қатысты.
материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz