Шариғатта мұсылман әйелге мұсылман емес ер кісіге тұрмысқа шығуына рұқсат етілмейді. Үйленген жағдайда, араларындағы неке дұрыс саналмайды¹. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Уа, иман келтіргендер! Сендерге мүмін әйелдер қоныс аударып келсе, оларды (имандарын) сынаңдар. Алла олардың имандарын жақсы біледі. Ал егер олардың (істерінен, сөздерінен) мүмін әйелдер екендігін білсеңдер, онда оларды кәпірлерге (кәпір күйеулеріне) қайтармаңдар. Бұларға (иманды әйелдерге кәпір ерлерге тұрмысқа шығу) адал емес, оларға да (үйлену) адал емес»².
Келесі аятта: «Мүшрік әйелдерге қашан олар иманға келмейінше үйленбеңдер. Сөзсіз, мүшрік әйелден мүмін күң артық, тіпті ол (мүшрік әйел) сендерді (көркімен) таң қалдырса да. Сондай-ақ қашан иманға келмейінше мүшрік ерлерді де (мүмін әйелдерге) үйлендірмеңдер. Сөзсіз, мүшрік ерден мүмін құл артық, тіпті ол (мүшрік ер) сендерді (көркімен) таң қалдырса да»³, – деген.
Имам әр-Рази (Алла оны рақымына алсын) осы аяттың тәпсірінде: «Мұсылман әйелге мұсылман емес адамға тұрмысқа шығуына болмайтындығына ешқандай дау жоқ»⁴, – деген.
Имам әл-Кәсани (Алла оны рақымына алсын): «Мұсылман әйелге мұсылман емес адаммен некелесуіне рұқсат етілмейді. Өйткені күйеуінің дініне ілесіп, күпірлікке түсу қаупі бар»⁵, – деген.
Алайда мұндай неке орын алған жағдайда некелері жарамсыз болады және туылған балалары да некесіз туған (бала) болып саналады.
Шешім:
Мұсылман әйелге мұсылман емес (әһлі кітап, мүшрік, құдайға мүлдем сенбейтін) ер адаммен некелесуіне рұқсат етілмейді.
Мұсылман әйел мұсылман емес ер адаммен отбасын құрған жағдайда:
– Шариғат бойынша некелері жарамсыз саналады;
– Араларындағы балалары некесіз туған болады;
– Үйленуді «халал» десе, діннен шығады;
– Харам екенін біліп тұрып, тұрмысқа шықса, үлкен күнә арқалайды;
– Бір-біріне мұрагер бола алмайды.
Ескертпелер:
¹ «әл-Мүмтахина» сүресі, 10-аят.
² «әл-Мүмтахина» сүресі, 10-аят.
³ «Бақара» сүресі, 221-аят.
⁴ «Тафсир әр-Рази», 6/413.
⁵ «Бадаи әс-санаиғ», 3/465.
материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz