23 октября 2026, Пятница 12 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:19
Восход 06:46
Зухр 12:04
Магриб 17:11
Иша 18:37

Пайғамбардың (с.ғ.с.) мейірімі: сахабалары ауырса, көңілін сұрап баруы

Пайғамбардың (с.ғ.с.) мейірімі:  сахабалары ауырса, көңілін сұрап баруы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мейірімінің тағы бір бейнесі — сахабаларының бірі ауырса, көңілін сұрап баруы:


Ибн Омардан (р.а) жеткізілген хадисте: Алла Елшісі (с.ғ.с) Сағд ибн Убаданың көңілін сұрап барған болатын. Онымен бірге Абдуррахман ибн Ауф, Сағд ибн Әбу Уаққас және Абдулла ибн Масғуд та бар еді. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) оның жанына кіргенде көзіне жас алды. Жанындағы адамдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жылағанын көріп, олар да жылады.

Сонда ол (с.ғ.с): «Естімедіңдер ме? Расында, Алла көздің жас төккені үшін де, жүректің қайғырғаны үшін де азаптамайды. Бірақ мынау себепті азаптайды немесе рақым етеді», — деп тіліне ишара етті.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тағы бір мейірімі — сахабаларының бірі қайтыс болғанда қайғырып, жылауы.

Имам Тирмизи Айшадан анамыздан риуаят етеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с) Осман ибн Мазғұн қайтыс болғаннан кейін жылап тұрып оны сүйген еді».

Ибн Сағдтың «әт-Табақат» кітабындағы Айшадан (р.а) жеткен риуаятта: «Осман ибн Мазғұн қайтыс болғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оны сүйді. Сол кезде оның (с.ғ.с) көз жасының Османның бетіне ағып жатқанын көрдім», — делінген.

Ибн әл-Жәузи «әл-Уафа» кітабында Айша анамыздан бұл хадис былай риуаят етілген: «Осман ибн Мазғұн қайтыс болғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның жүзінен жамылғысын ашып, екі көзінің арасынан сүйді. Содан кейін ұзақ жылады. Кейін басын көтеріп: «Уа, Осман! Саған сүйінші! Дүние сені өзіне байлай алмады, сен де оған көңіл байламадың», — деді.

Алла Елшісінің (с.ғ.с) кедейлер мен әлсіздерге деген мейіріміне келсек, бұған дейін Әнәстан (р.а) жеткен мына риуаят айтылды: «Тіпті бір күң Алла Елшісінің (с.ғ.с) қолынан ұстап, қажет болған жеріне ертіп бара алатын еді».

Имам Ахмадтың риуа тында: «Ол (с.ғ.с) әлгі әйелдің қажетін өтеу үшін онымен бірге жүретін», — делінген. Яғни оған азық-түлік немесе басқа бір қажеттілігін алып беруге көмектесетін.

Нәсәи Ибн Әбу Ауфадан (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тәкаппарлық танытпайтын. Жесір әйелмен де, кедеймен де бірге жүріп, олардың қажетін өтеп беретін», — деген.

Сәһл ибн Хунайфтан (р.а) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылмандардың әлсіздеріне барып тұратын, оларды зиярат ететін, науқастарының көңілін сұрайтын және жаназаларына қатысатын».

материал Бағлан Шежімбайдың «Merci» кітабынан алынды, 

ummet.kz