Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қос немересі Хасан мен Хусейн ұрпағынан көптеген ғұлама мен әулие тұлғалар шыққан.
Солардың бірі – Мұхаммед ибн Әли Бақир. Ислам ғылымының тылсым да сырлы тұстарын ашып жеткізгендіктен, ғұламалар арасында және ел ішінде – Бақир, яғни құпияны ашушы лақап атымен танымал болған. Мұхаммед Бақир – Ислам дінінің заңғар ғалымы. Бұхари мен Муслим еңбектерінде әкесінен риуаят еткен бірқатар хадистері бар. Өз кезінде, Мұхаммед ибн Әли Бақирден Әбу Ханифа, Ибн Жариж Аузағи, Зуһри және басқа ғалымдар (Алла оларды рақымына алсын) хадис алған.
Сол Мұхаммед Бақир баласына: «Балам! Алла Тағала үш нәрсені үш нәрсенің ішіне жасырған:
Алла Өз разылығын құлшылық атаулының ішіне жасырған. Ешбір құлшылыққа немқұрайлы қарама. Мүмкін разылығы сол құлшылық ішінде болар;
Алла Өз ашуын күнә атаулының ішіне жасырған. Ешбір күнәні немқұрайлы есептеме. Мүмкін, ашуы сол күнә ішінде болар;
Алла Өз достарын пенделер арасына жасырған. Адамдардың ешбіріне менсінбей қараушы болма. Мүмкін, сол пенде Алланың досы шығар», – деп өсиет еткен екен.
Расында да, бұл ғажайып өсиетте терең мағына жатыр. Адамды ерекше жауапкершілік пен ұқыптылыққа тәрбиелейтін өнеге бар. Пенделшілікке салынып құлшылыққа да, күнә атаулыға да атүсті қараудан қайтарады. Сонымен бірге адам баласын алаламай, барлығын теңдей құрметтеуге және қадірлеуге үйретеді. Бұл – өмірде оқығаны мен тоқығаны көп кемеңгер ғұлама, мол парасат иесінің әкелік кеңесі.
материал «Әке мектебі» кітабынан алынды,
ummet.kz