Адам баласының басына өмірде әртүрлі жағдайлар тап келуі әбден мүмкін. Шариғатта осы мәселелер де ескеріліп, пенденің Алла Тағала алдындағы ұлық міндеттерін дұрыс өтеуі үшін көптеген жеңілдіктер жасалған. Бұл жеңілдіктер, әсіресе, ауру адам мен сапардағыларға қатысты.
Үзір иесі деп мына адамдарды атайды:
– Истихада кезіндегі әйел. Истихада – әйел адамға хайыз және нифас кезінен басқа кездерде келетін қан.
– Қуығы зәр ұстамайтын ауруға шалдыққан адам (шыжың).
– Ішегінде жел бар, яғни үнемі жел шыға беретін адам.
Шариғатта үнемі дәретін бұзып ала беретін адамдарға қатысты жеке үкімдер берілген. Ол үкімдер – адамдарға шариғат үкімдерін орындау үшін жасалған жеңілдіктер.
Үзірдің пайда болуы мен кету мәселесі:
1. Жоғарыда аталған адамдардың бірі намаз оқығысы келсе, үзірінің бар болғанына қарамастан, дәрет алып намаз оқиды. Мысалы, қуығы зәр ұстамайтын адам намаз уақыты кірген кезде дәрет алып, намазға тұрады.
2. Егер бір намаздан екінші намазға дейін оның үзірі жалғасса, ол адам үзір иесі деп есептеледі. Мысалы, бесін намазының уақыты кіргенде, оның қуығы ұстамады және бұл ауруы екінті намазының уақыты кіргенше кетпейтін болса, ол адам «үзір иесі» деп аталады.
3. Егер бір намаздың уақыты өткенше оның үзірі (яғни ауруы) қайта ұстамаса, ол үзір иесі деп есептелмейді.
4. Егер оны үзір иесі еткен ауруын әлдебір тәсілдермен тоқтатуға мүмкіндік болса, ол үзір иесі деп есептелмейді. Ол сол тәсілдерді қолданып, намаздарын өз уақытында орындауға міндетті.
Үзір иесіне қатысты үкімдер:
1. Ауыратын жерін таңуы не ол жерді бір нәрсемен жабуы керек.
2. Әр парыз намазының уақытында дәрет алады. Ол кез келген мұсылман сияқты бір дәретпен сол уақыттағы парыз намазына, қаза болған парыз, уәжіп намаздарын және қалауынша сүннет және нәпіл намаздарын оқи алады. Ал келесі намаздың уақыты кіргенде, ол қайта дәрет алуы керек.
3. Үзірі бар адам түрегеп тұрып намаз оқығанда дәреті бұзылатын болса, отырып оқуына рұқсат етіледі.
Ауру кісінің намазы
Тұрып оқуға шамасы келмеген ауру адам намазын отырып оқиды, ал отырып оқуға шамасы келмеген адам жатқан күйде оқиды.224Имран ибн Хусайн (Алла оған разы болсын): «Менде көтеу (геморрой) ауруы болды. Пайғамбардан (с.а.с.) (осы ауру кезінде) намаз туралы сұрадым. Ол (с.а.с.): «Тұрып оқы, оған шамаң келмесе, отырып оқы, оған да шамаң келмесе, жатып оқы», – деді», – деген (Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-жумға, 1050).
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz