Жәбир (Алла оған разы болсын): «Пайғамбардың (с.а.с.) құрбандық күні түйесінің үстінде тұрып, (тас) лақтырғанын және «(Қажылық) рәсімдерін менен алыңдар. Мен білмеймін, мүмкін, бұл қажылығымнан кейін қажылық жасамайтын шығармын», – деп айтқанын көрдім», – деген (Сахих Муслим, Китәб әл-хаж, 2286).
Осы хадиске орай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қажылығын қалай орындағанын әңгімелейтін хадисті келтірсек:
Жәбир (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) тоғыз жыл қажылық жасаған жоқ. Сосын 10-жылы Алла елшісі (с.а.с.) қажылық жасайтынын жариялады да, Мәдинаға халық көп жиналды. Олардың барлығы Алла елшісіне (с.а.с.) ілесіп, ол орындаған рәсімдерді істеуді қалаған-ды. Біз онымен бірге шығып, Зул-Хуләйфаға бардық. (Сол жерде)
Әсмә бинт Умайс Мұхаммед ибн Әбу Бәкір (деген ұлын) босанып, не істеймін деп Алла елшісіне (с.а.с.) (кісі) жіберді. (Алла елшісі (с.а.с.)): «Ғұсыл құйын және қан ағып тұрған жерге ұзынша келген жалпақ мата қойып, оның екі шетін алды-артынан байла да, ихрамға кір», – деп (тапсырды). Алла елшісі (с.а.с.) мешітте екі ракағат намаз оқыды да, сосын Қасуа (дейтін түйесіне) отырды. Түйесі шөл далаға шыққанда, оның алды-артынан, оң жақ, сол жағынан көзім жетер аралықта (көп) аттылы-жаяу (адамдарды) көрдім. Алла елшісі (с.а.с.) біздің арамызда еді. Оған Құран түсіп тұрды әрі ол бұл (аяттардың) мән-мағынасын білетін. (Сондықтан) ол не істесе, біз де соны қайталайтынбыз. Ол (дауысын көтере): «Ләббәйкә Аллаһумма ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк, иннәл-хамдә уән-ниъмәтә ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк (Міне, мен Сенің құзырыңдамын, уа, Алла! Міне, мен Сенің құзырыңдамын! Міне, мен Сенің құзырыңдамын, Сенің серігің жоқ! Міне, мен Сенің құзырыңдамын! Расында, барлық мадақ, барлық нығмет және бар билік Саған тән! Сенің ешқандай серігің жоқ)», – деп Алланың жалғыз Құдай екенін білдіретін сөздермен тәлбия айтты. Адамдар да осы (сөздерді) қайталап, тәлбия айтты. Алла елшісі (с.а.с.) оларды мұның ешқайсысынан қайтарған жоқ және ол (с.а.с.) тәлбия айтуын жалғастыра берді.
Біз қажылықтан басқаны ниет етпеген едік және умраның не екенін білмейтінбіз. (Пайғамбармен (с.а.с.)) бірге Қағбаға жеткенімізде, ол (оның) бұрышын сипады да, сосын оны үш рет жылдамдатып, төрт рет жай жүріспен айналды. Сонан соң Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) мақамына барып, «Ибраһимнің мақамынан намаз оқитын орын етіп алыңдар» («Бақара» сүресі, 125-аят) (деген аятты) оқыды. Сосын (Алла елшісі (с.а.с.) Ибраһимнің) мақамын өзі мен Қағба арасында қалдырып тұрды да, «Ықылас» және «Кәфирун» сүрелерін тиләуат етіп, екі ракағат намаз оқыды (яғни бірінші ракағатта Фатихадан кейін «Кәфирун» сүресін, екінші ракағатта). Содан кейін ол (Қағбаның) бұрышына қайта келіп, оны сипады да, қақпадан шығып, Сафаға бет алды. Сафаға жақындағанда «Расында, Сафа мен Мәруа (яғни олардың арасында жүру) Алланың рәсімдерінен» («Ықылас» сүресін оқыған). (деген аятты) оқыды да, сосын: «Мен Алла бастағаннан бастаймын (басқа бір риуаятта: «бастаңдар», – деген), – деді. Сөйтіп, ол Сафадан бастады және оған Қағба көрінетіндей биіктікке көтеріліп, құбылаға жүзін бұрды да, Алланың жалғыз Құдай екенін жариялап, Оны ұлықтады. Сосын: «Лә иләһә иллаллаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадиир. Лә иләһә иллаллаһу уәхдәһу, әнжәзә уаъдәһу уә насара ъабдәһу, уә һәзәмәл-ахзабә уәхдәһу (Ешқандай серігі болмаған жалғыз Аллаһтан басқа ешбір құдай жоқ. Барлық мадақ пен патшалық Оған тән. Ол уәдесін орындады, Өз құлына жәрдем берді және дұшпандарды жалғыз Өзі күйретті)», – деді.
Сонан соң ол (с.а.с.) Аллаға жалбарынып, дұға жасады және мұны үш рет қайталады. Содан кейін ол Мәруа бағытына қарай төмен түсе бастады. Аяғы жазыққа тиген соң жылдамдата жүрді де, қыраттау жерге жеткенде жай жүріске ауысты. Мәруаға көтерілгенде (Алла елшісі (с.а.с.)) Сафада істегенін қайталады. Ол соңғы сағиды Мәруада аяқтап: «Егер қазіргі білгенімді бұрын білгенімде, құрбандық малын айдап келмес едім және умра жасар едім. Қайсыбіріңде құрбандық малы болмаса, ол ихрамнан шығып, (алдында істегендерін) умра қылсын», – деді.
Сонда Сурақа ибн Мәлик ибн Жуғшум орнынан тұрып: «Уа, Алланың елшісі! (Бұл үкім) біз үшін биылға ма, әлде барлық уақытта ма?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) саусақтарын тарақтап: «Умра қажылықтың ішіне кіреді», – деп екі рет айтты да, сосын: «Бұл барлық уақытта», – деп жауап берді.
Осы кезде Әли Йеменнен Пайғамбардың (с.а.с.) құрбандық түйелерін алып келеді. Ол Фатиманың (Алла оған разы болсын) ихрамнан шығып, боялған киім киіп, сүрме жағып алғанын көреді. Әли бұл үшін жазғырғанда, ол: «Әкем (яғни Алла елшісі (с.а.с.)) маған осылай етуді бұйырды», – дейді. Әли Иракта жүргенінде: «Мен Фатиманың бұл істегені үшін шағымдануға және оның айтқанының жөнін білу үшін Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Оған (с.а.с.) (Фатиманы) жазғырғаным туралы айтқан едім, ол (с.а.с.): «Ол рас айтты! Ол рас айтты! Сен қажылықты бастағанда не айттың?» – деді. Мен оған: «Уа, Алла! Сенің пайғамбарың не үшін ихрамға кірсе, сол үшін ихрамға кіремін», – деп айттым», – дедім.
Сонда ол (с.а.с.): «Менімен бірге құрбандық малы бар, сондықтан сен де ихрамнан шықпа!» – деп тапсырды», – дейтін. Жәбир әңгімесін жалғап: «Әли Йеменнен айдап келген және Пайғамбардың (с.а.с.) өзі әкелген құрбандық малдарының жалпы саны жүз (түйе) болатын. Пайғамбар (с.а.с.) мен одан өзге құрбандық малын айдап келгендерден басқалар ихрамнан шығып, шаштарын алдырды. Ал тәруия күні (яғни зул-хижжаның сегізі күні) олар қажылыққа тәлбия айтып, Минаға аттанды. Алла елшісі (с.а.с.) түйесіне мініп барды. Ол (с.а.с.) (Минада) бесін, аср, ақшам, құптан және таң намаздарын оқыды. Сосын күн шыққанша біраз тұрды және Намираға өзіне жүн шатыр тігуді бұйырды. Алла елшісі (с.а.с.) жолға шыққанда, құрайыштар оның (Муздалифадағы) әл-Машғар әл-Харамға (Харам аймағының шекарасына) тоқтайтынына күмәнданбаған еді. Өйткені жәһилият дәуірінде құрайыштар солай ететін. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) Арафатқа тігіліп қойған еді, ол сол жерге тоқтады. Түс қайтқаннан кейін ол Қасуаны әкелуді бұйырды да, оған мініп, жүгін артып, ойпаттың ішіне түсті және сол жерде адамдарға құтпа жасап: «Расында, сендердің қандарың мен дүние-мүліктерің бір-біріңе осы айдағы, осы қаладағы осы күннің қасиетіндей қастерлі! Жәһилият істерінен барлық амалдарға тыйым салынды! Жәһилият кезінде төгілген қанға тыйым салынды! Біздің қан төгуімізден мен тыйым салатын ең бірінші қан – Ибн Рабиға ибн Харисаның (кегін қайтару үшін төгілетін) қан Жәһилият кезіндегі өсімқорлыққа тыйым салынды! Біздің өсімімізден мен тыйым салатын ең бірінші өсім – Аббас ибн Абдулмутталибтің өсімі. (Өсімнің) барлығына тыйым салынды! Әйелдеріңе қатысты Алладан қорқыңдар! Өйткені сендер оларды Алланың кепілімен алдыңдар және Алланың сөзі бойынша иемдендіңдер. Сендердің (әйелдердегі құқықтарың – ) олар өздерің ұнатпайтын ешкімді көрпелеріңе аяқ бастырмауы тиіс. Егер бұлай етсе, оларды аса батырмай ұрыңдар. Ал (әйелдердің) сендердегі (құқықтары – ) оларды тиісінше нәпақамен қамтамасыз етіп, киіндіруге міндеттісіңдер! Расында, мен сендерге одан бекем ұстап айырылмасаңдар, сендер бұдан кейін еш уақытта адаспайтын бір нәрсе қалдырдым, ол – Алланың кітабы. Сендерден мен туралы сұраса, не деп айтасыңдар?» – деп сұрады. Адамдар: «Сен жолдауыңды жеткізгеніңе, міндетіңді орындағаныңа және насихат жасағаныңа куәлік береміз», – деп жауап берді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) сұқ саусағын көкке көтерді де, сосын осы саусағымен адамдарды көрсетіп:
«Уа, Алла, куә бол! Уа, Аллаһ, куә бол! Уа, Алла, куә бол!» – деді. Сонан соң азан және иқама айтылды да, ол бесін намазын оқыды. Содан кейін (тағы да) иқама айтылып, (Пайғамбар (с.а.с.)) аср намазын оқыды. Ол (с.а.с.) осы екеуінің арасында басқа намаз оқыған жоқ. Сосын (түйесіне) мінді де, мауқифқа келді. (Пайғамбар (с.а.с.)) түйесі Қасуаны жартасқа шөктірді және жаяу адамдардың тобын алды жағына ұстап, құбылаға бұрылды да, күн батқанша сол жерде тұрды. Сары шапақ біраз басылып, күннің көзі ұясына кіргенде, Алла елшісі (с.а.с.) Усаманы арқасына мінгестіріп жолға шықты. (Пайғамбар (с.а.с.)) Қасуаның бұйдасын қатты тартқаны сонша, тіпті оның басы үзеңгіге тірелді. Ол (с.а.с.) оң қолымен (ишара жасап): «Ей, адамдар! Ақырын, ақырын!» – деп айтып келе жатты. Әр төбеге келгенде (Аллаһ елшісі (с.а.с.) Қасуа қиналмай) шығу үшін бұйданы біраз босатып отырды.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz