27 Тамыз 2026, Бейсенбі 14 Рабиғ әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 05:14
Бесін 12:21
Екінті 17:08
Шам 19:17
Құптан 20:54

ҚМДБ Төрағасы ІІ республикалық «Үздік имам» білім сайысының жеңімпаздарын марапаттады

ҚМДБ Төрағасы ІІ республикалық «Үздік имам» білім сайысының жеңімпаздарын марапаттады

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен ІI республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.


Марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Астана төрінде «Әзірет Сұлтан» мешітінде басталған «Үздік имам» ІІ республикалық интеллектуалды білім сайысының қорытынды кезеңіне де келіп жеттік. Ең алдымен, сайысқа қатысқан барша имамдарға тағы да риясыз ниетпен ризашылығымды білдіремін. Алла разы болсын!
Сіздер бұл додаға тек жеңіс үшін емес, білімдеріңізді шыңдау, тәжірибе алмасу, кәсіби деңгейлеріңізді көтеру мақсатында келдіңіздер деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі жарыстың әрбір қатысушысы жеңімпаз атанды. Себебі білім жолына қадам басу рухани жетілу жолындағы маңызды баспалдақ саналады.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Исламда білімнің орны ерекше. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!» («Таһа» сүресі, 114-аят) деп көркем дұға жасауды үйреткен. Бұл – мұсылманның өмір бойы ізденуі керектігін меңзейтін аят. Бүгінгі сайыс та осы ұстанымның нақты көрінісі деп білемін», – деді Бас мүфти.

Әділқазылар алқасының шешімімен Іi республикалық «Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары төмендегідей:

- I орын: Оразов Әділхан Әлиханұлы – Астана қаласы "Нұрсұлтан" мешітінің наиб имамы (500 мың теңге)
- II орын: Нәби Нұрдаулет Асқарұлы – Қызылорда облысы, Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы (300 мың теңге)
- III орын: Сайдолла Қуаныш Абдуррахимұлы – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Теңге аудандық «Қосай ата» мешітінің наиб имамы (200 мың теңге)

Сонымен қатар, жарысқа қатысып, жүлдегерлер қатарына енбеген имамдарға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйақысы берілді.