10 Шілде 2026, Жұма 25 Мұхаррам 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 02:15
Күн 04:06
Екінті 17:57
Шам 20:33
Құптан 22:24

Қажыларымыз тоқтаған қонақүйлер түгел тексерілді (фото)

Қажыларымыз тоқтаған қонақүйлер түгел тексерілді (фото)

Қазақстан қажылық миссиясы Мекке қаласындағы отандастарымыз орналасқан қонақүйлерді түгел аралап бітті. Миссия мүшелері «Qazaq travel», «Нұр-Қазақстан», «Hickmet travel», «Nurkhan travel», «Сембекова и К», «Атлас туризм», «Mina travel», «Ордабасы-НЖ Robinzon» компанияларының қажылары тоқтаған қонақ үйлерді аралап, сервис сапасын тексерді.

Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы Ершат Оңғар, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров және басқа да миссия мүшелері аталған компаниялардың қызметіне жүгінген қажыларға миссияның жұмысын таныстырып, қасиетті сапардың мән-маңызы жайлы толық мәлімет берді.

ҚМДБ «Уақып» қорының президенті Ардақ Оразбаев қажылық парызы жайлы тағылымды уағыз-насихат айтса, Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Медет Құрсақов қажыларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Ал миссия дәрігерлері Әбдіжаппар Еркінұлы, Ардақ Айтбайұлы қажылардың денсаулығын сақтауға қатысты ой-пікірін бөлісті.

Миссия мүшелері бірқатар қызмет түрлерін бақылауға алды. Атап айтқанда, уағыз-насихат жұмыстарының уақытылы жүргізілуі, компания ұсынған бағдарлама, намаз кестесі, тамақтанатын уақыттардың көрсетілуі, ас мәзірі, тағам сапасы мен қажылар орналасқан бөлмелердің өз бағасына сай болуы да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ қажыларға қолайлы жағдай жасап, сапалы қызмет көрсету, әр фирмада дәрігер мен діни білімі жоғары гидтің (жолсерік) болуына да мән берілді.

Сондай-ақ миссияның жұмыс тобы «Сембекова и К», «Атлас туризм», «Mina travel», «Ордабасы-НЖ Robinzon» компанияларының басшыларымен кездесу өткізіп, алдағы атқарылатын жұмыстарды пысықтады.