«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті. Бұл жолы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткізілген шарада «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет «Мұсылманның мұсылман алдындағы ақысы» тақырыбында көркем насихат айтты.
«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: Сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу», – деген (имам Бұхари) Ал имам Мүслимнің риуаятында мұсылманның мұсылман алдындағы алты ақысы бар екендігі айтылған. Олар: «Мұсылманның мұсылман алдында алты ақсы бар: егер кездестірсең сәлем бер, егер шақырған болса бар, егер насихат сұраса насихат айт, егер түшкіріп Алла Тағалаға мақтау айтса, оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса, халін сұрап бар, егер қайтыс болса, соңғы сапарға шығарып сал» (имам Мүслим). Жалпы мұсылманның мұсылманға деген ақылары көп. Алайда, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол ақылардың ішінде осы айтылған амалдарды атап кетуі – бұл амалдарды орындауға ерекше мән беруіміз керектігін білдіреді. Сондықтан да ғалымдарымыз жоғарыдағы хадистердегі «бес» немесе «алты» деген сандардың шектеу үшін көрсетілмегендігін айтқан» деді мешіт имамы.
Сондай-ақ, мұсылмандар арасында туыстық, бауырмалдық қатынасты сақтауда мұсылмандық ақыларды орындаудың мәнісі үлкен екенін тілге тиек етті.
Насихат соңында Алладан баршамызға мұсылманның ақыларына берік жамағаттың қатарында болуды нәсіп етуін тілеп, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасады.




ummet.kz