20 октября 2026, Вторник 9 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Восход 06:41
Зухр 12:04
Аср 15:26
Магриб 17:17
Иша 18:43

Азан шақырылғанда не істеу керек?

Азан шақырылғанда не істеу керек?

Азан шақырылғанда азаншының айтқандарын қайталау қажет. Мұғауия (р.а.) мінберде тұрғанда азаншының сөздерін «әшһәду әннә мұхаммәдар-расулуллаһ» сөзіне дейін қайталады. Азаншы «хаййа ‘аләс-саләһ» дегенде «лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһил-‘али-ил-‘азим» деді. «Хаййа ‘аләл-фәләх» дегенде де соны айтты. Сосын азанның қалғанын қайталады және «шүбәсіз, біз Расулуллаһтан осылай естідік» деді.¹⁷⁰


Азан шақырылғанда «әшһәду әннә мұхаммәдар-расулуллаһ» сөзінің біріншісінде «саллаллаһу ‘аләйкә йә расулуллаһ»,¹⁷¹ екіншісінде «қаррат ‘айни бикә йә расулуллаһ»¹⁷² деп айту мұстахаб. Сосын бас бармағының тырнақтарын сүйіп, онымен көзін сипайды да:

«Аллаһуммә мәтти‘ни биссәм‘и уәл-басари»¹⁷³ десе, Алла Расулы (с.а.у.) жұмақта оның жолбасшысы болады.¹⁷⁴

Алла расулы (с.а.у.) пайғамбар мешітінде бір тіректің жанында отыр еді. Ал Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қатарында отырған. Сол кезде Біләл (р.а.) азан шақыра бастады. Ол «әшһәду әннә мұхаммәдар-расулуллаһ» деген кезде Әбу Бәкір (р.а.) де осы қасиетті сөздерді қайталап, бас бармағының тырнақтарын сүйіп, көзінің үстіне қойды да «қаррат ‘айни бикә йә расулуллаһ» деді.

Азан біткен соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Бәкірге (р.а.): «Уа, Әбу Бәкір! Үмметімнен кімде-кім сенің жасағаныңдай жасаса, Алла оның біліп немесе қателікпен жасаған (кіші) күнәларының барлығын кешіреді», – деді.¹⁷⁵

Азан дұғасы

Азан шақырылғанда сөздері қайталанып, құрметпен тыңдалып, соңында мына дұға оқылады:

Оқылуы:

«Аллаһуммә раббә һәзиһид-да‘уәтит-тәммәти уәс-саләтил-қа’имәти әти мұхаммәдәнил-уәсиләтә уәл-фадиләтә уәб‘асһу мақамән махмудәнилләзи уә‘аттәһ, иннәкә лә тухлифуль-ми‘ад».

Мағынасы:

«Уа, осы шақырудың және оқылатын намаздың Раббы Алла! Мұхаммедке (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) уәсилә мен жақсылық бер. Оны уәде еткен “Махмуд мақамына” жеткіз. Еш шүбәсіз, Сен уәдеңнен таймайсың».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) азанды естіген уақытта осы дұғаны оқыған кісіге қиямет күні шапағатының уәжіп болатынын айтқан.

⸻

¹⁷⁰ Табарани, әл-Мұғжам ул-кәбир, № 16084.

¹⁷¹ Мағынасы: «Саған Алланың игілігі болсын, ей, Алланың расулы!»

¹⁷² Мағынасы: «Көздерім сенімен нұрланды, уа, Расулуллаһ!»

¹⁷³ Мағынасы: «Уа, Алла, естігенімді бойыма сіңіріп, онымен амал етуді, көргенімнен ғибрат алуымды нәсіп ет!»

¹⁷⁴ Ибн Абидин, Рәддул-мұхтар, 2-том, 626-бет.

¹⁷⁵ Хажә Режеб, Уәсиләт ул-ахмадия фи шархы тариқат мұхаммадия, 2-том, 777-бет.

материал «Дұғалар жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz