20 октября 2026, Вторник 9 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Восход 06:41
Зухр 12:04
Аср 15:26
Магриб 17:17
Иша 18:43

Қабір басына бару әдебі мен дұғалары

Қабір басына бару әдебі мен дұғалары

«Қабір басына барыңдар, ақыретті еске түсіресіңдер. Сүйекке түсіңдер. Рухынан ажыраған денені жуу ең әсерлі насихат. Жаназа намазын оқыңдар. Бұл сендерді (ойландырып) көңілдеріңді жабырқатуы мүмкін. Еш шүбәсіз, көңілі жабырқаулы жан Алла тағаланың (Аршының) көлеңкесінде барша игілікке ие болады».²⁵⁵


Қабірді зиярат жасау өлімді және ақыретті еске түсіргені үшін ер адамға мәндуб, фитнаға себеп болмаған жағдайда әйелдерге баруға рұқсат етілген. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «(Дүние) ләззатынан қол үздірген өлімді көбірек еске алыңдар».

«Бұған дейін сендерді қабірді зияратынан тыйған едім, бұдан кейін қабірді зиярат етіңдер. Өйткені қабірді зиярат ету ақыретті еске түсіреді», – дейді.²⁵⁶

Сүннетке сай қабірді зиярат етудегі мақсатымыз, мәйітке Алла разылығы үшін құрмет көрсету, олардың қалдырып кеткен рухани мұраларын, ой-пікірлерін жандандыру, жақсылықтарын еске алу, олар үшін Аллаға дұға жасау және Алланың құлдары мен жаратқандарын жақсы көру.²⁵⁷

Дінімізде барлық мәселеде өзіне тән әдебі мен жолы бар. Сол сияқты қабірді зиярат етуде де бірнеше көңіл бөлінетін жайттар бар:

Бейіт басына қақпадан кірерде сәлем береді:

Оқылуы: Әссәләму ‘аләйкум дәра қаумин мү’минин, уә иннә ин шә’аллаһу бикум ләхиқун, әс’әлул-лаһә ли уә ләкумул-‘афияһ.²⁵⁸

Мағынасы: «Ассалаумағалейкум, ей, мүминдер елінің тұрғындары! Біз де, Алла қаласа, жақында сендерге қосыламыз. Бізге және сендерге Алладан амандық, ақырет азабынан сақтауын тілеймін».

Қабір басына барғанда зиярат етуші құбылаға немесе қабірдегі кісінің бас жағына түрегеп тұрып немесе аят оқитын болса отырып дұға жасайды.

Қабірдің жанынан өтіп бара жатса Фатиха сүресі мен 11 рет Ықылас сүресін оқып, сауабын қабірдегілерге бағыштайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Бейіт басына соққан адам 11 рет Ықылас сүресін оқып қабірдегілерге бағыштаса, оқыған кісіге сондағы мәйіттердің санындай сауап беріледі».²⁵⁹

Құран аяттарын оқуды ниет қылған адам зияратын отырып жасап, Ясин сүресін оқуы мұстахаб амал. Әнәстан (р.а.) жеткен хадис шәрифте:

«Кімде-кім зиратқа кіріп Ясин сүресін оқыса (сауабын қайтқандарға бағыштаса), Алла тағала оларға жеңілдік сыйлайды, ал оқыған кісіге қабірдегілердің санындай сауап береді», – деп айтылған.²⁶⁰

⸻

²⁵⁵ Мунауи, Фәйз ул-қадир, № 4554.
²⁵⁶ Тирмизи, әс-Сунән, № 1054.
²⁵⁷ Мұхаммед Хамди Языр, Хақ дини Құран дили тәфсирі, 1-том, 578-бет.
²⁵⁸ Дұғаның мағынасы жоғарыда берілді.
²⁵⁹ Әли әл-Муттақи әл-Хинди, Кәнз ул-уммал, 6-том, 269-бет.
²⁶⁰ Мехмед Зихни, Нимет Ислам, 906-бет; Али ул-Қари, Мирқат ул-мафатих, 4-том, 198-бет.

материал «Дұғалар жинағы» кітабынан алынды, 

ummet.kz