27 октября 2026, Вторник 16 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:25
Восход 06:53
Зухр 12:03
Магриб 17:03
Иша 18:30

Әбу Ханифаның (р.а) ең танымал төрт шәкірті

Әбу Ханифаның (р.а) ең танымал төрт шәкірті

Әбу Ханифаның (р.а) танымал шәкірттері:


1. Яқуб ибн Ибраһим ибн Хабиб әл-Ансари (113–183 һ.ж.).

Ол – Әбу Юсуф деген атпен танымал болған Әбу Ханифаның ең үлкен шәкірті. Әбу Юсуф Әбу Ханифадан тәлім алумен қатар, Мәдинаға арнайы сапар шегіп, ол жерде имам Мәликтен дәріс алып, хижаздық ғұламалардың хадистерін үйренген. Сол арқылы ол Куфадағы ой-пікір мектебі мен Мәдинадағы хадис мектебінің үлкен имамдарынан сабақ алып, екі мектептің тәсілдерін жақындатқан, ханафи мазһабын Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерімен қуаттаған.

Әбу Юсуф туралы Ахмад ибн Ханбал: «Әбу Юсуф сиқa (сенімді) садуқ (шыншыл)», – десе, Ибн Мағин: «Хадис және сүннет иесі», – деген. Ал имам ән-Нәсәи оны сенімді деп есептеген (Әл-Һидая, I том, 176-бет). Әбу Юсуф ғылыммен қатар мемлекет істерімен де айналысқан. Мәдинаның, Һәди мен Һарун әр-Рашидтің халифаттығы тұсында мемлекеттің бас қазысы қызметін атқарған (Әл-Һидая, I том, 176-бет). Бұл ханафи мазһабының Ислам халифатының көптеген аймақтарына тарауына, көптеген мәселелерге қатысты үкім шығарған мазһабқа айналуына, ханафи мазһабының шығарған үкімдерінің мемлекеттік заң болып қалыптасуына зор ықпалын тигізген.

Имам Әбу Юсуф ханафи мазһабында алғашқы болып кітап жазған ғалым ретінде де танымал. Оның бізге бірнеше кітаптары ғана жеткен. Олардың ішіндегі ең құндылары – мемлекеттік қаржы істеріне арналған «Хараж» және Әбу Ханифа мен Ибн Әбу Ләйлә деген атпен танымал имам Мұхаммед ибн Абдур-Рахман арасындағы пікірталасты жинақтаған кітабы.

2. Мұхаммед ибн Хасан ибн Фарқад әш-Шәйбәни (132–189 һ.ж.).

Ол Куфада Әбу Ханифадан, сосын Әбу Юсуфтан дәріс алғаннан кейін, Мәдинаға барып, ол жерде имам Мәликтен үш жыл сабақ алады. Оның өзінен «Муатта» кітабын тыңдайды және риуаят етеді. Сондықтан Муаттаның Мұхаммед әш-Шәйбәни риуаят еткен нұсқасы жоғары ғылыми құндылыққа ие. Кейіннен Бағдад қаласында имам Шафиғи одан ханафи мазһабындағы кітаптарын оқиды. Сөйтіп, олар көптеген мәселелерге қатысты пікір алмаспады. Имам Мұхаммед хадис ілімінің маманы деп те есептеледі. Оның кітаптары ханафи мазһабының негізгі дереккөзі болып саналады (Әл-Ихтияр ли-тағлил әл-мухтар, 31-бет).

Имам Мұхаммед әш-Шәйбәнидің кітаптары бізге толықтай жеткен деп айта аламыз. Сол себепті ханафи мазһабының ғұламалары оның кітаптарына ерекше көңіл бөліп, оларға көптеген шархтар (түсіндірмелер), мухтасарлар (ықшамдаулар) жазған. Оның ең танымал әрі сенімді кітаптары: «әл-Мабсут», «әз-Зиядат», «әл-Жәмиғ әл-кәбир», «әл-Жәмиғ әс-сағир», «әс-Сияр әл-кәбир», «әс-Сияр әс-сағир». Бұл кітаптарды имам Мұхаммедтен сенімді адамдар риуаят еткендіктен, ғалымдар оларды «Захир әр-риуая» немесе «Мәсәил әл-усул» деп атайды. Ғалымның бұдан өзге бірнеше кітаптары бар. Бірақ ол кітаптарды риуаят еткен адамдардың сенімділік дәрежесі «Захир әр-риуая» кітаптарын риуаят еткен адамдардың сенімділік дәрежесінен төменірек.

3. Зуфар ибн әл-Һузәйл ибн Қайс (110–157 һ.ж.).

Ол бүкіл өмірін ғылым жолына арнаған, ешқандай да мемлекеттік істерді атқармаған. Зуфар алғашқы кезде хадис ілімімен айналысып, хадис мектебінің өкілі болған. Кейіннен Әбу Ханифаның дәріс беру әдісі мен үкім шығарудағы ұстанған тәсілі оған қатты әсер етіп, куфалық пікір мектебінің өкіліне айналады. Ол – Әбу Ханифаның өзінен кейін ең бірінші дүние салған шәкірті.

4. Әл-Хасан ибн Зияд әл-Лулуи.

Оның туған жылы белгісіз. Һижраның 204-жылы қайтыс болған. Ол Әбу Ханифа дүниеден өткеннен кейін Әбу Юсуф пен Мұхаммедтен тәлім алып, ханафи мазһабы бойынша кітаптар жазған. Бірақ оның кітаптары мен пікірлері Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың кітаптары мен пікірлері секілді маңызды дәрежеге ие емес.

Әбу Ханифаның осы төрт шәкірті оның мазһабының негізін қалаған және одан әрі дамытқан. Имам Ағзам дәріс беру тәсілінде шәкірттерінің еркін ойлап, өз пікірлерін ашық білдірулеріне аса көңіл бөлгендіктен, көптеген мәселелерде ұстаз бен шәкірттер арасындағы пікір қайшылығының орын алғанын кездестіреміз.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz