Адамзаттың Асылын (саллаллаһу алайһи уа саллам) көрмей тұрып-ақ құлай сүйген бақытты жандардың бірі – Сумәйра ханым (р.а.) еді. Оның негізгі аты деректерде Убайдтің қызы Афра деп өтеді.
Ол Пайғамбарымыз әлі Меккеде кезінде Мәдинаға дінді жеткізу үшін ұстаз ретінде жіберілген Мұсғаб ибн Умайрдың (р.а.) ақылға қонымды уағыздары арқылы Ислам дінін қабылдайды. Ол Адамзаттың Асылын көрмей жатып-ақ қатты жақсы көре бастады. Пайғамбарымыздың Мәдинаға қоныс аударуы өзге мұсылмандар секілді Сумәйра ханым үшін де үлкен бақытқа айналды.
Сумәйра ханымның (р.а.) Алла елшісін жақсы көргені соншалық – оны одан сайын жақсы танып, махаббатын арттыра түсу үшін мынадай шешім қабылдайды:
«Мен мәдиналық болғандықтан Пайғамбарымыздың 13 жылдық Меккедегі өмірі жайлы ештеңе білмеймін. Сондықтан Пайғамбарымыздың осы кезеңге қатысты өмірі жайлы мәліметтерді меккелік мұһажир әйелдерден өз құлағыммен естіп, қанығып алайын. Қаншалықты жақсы танысам, оған деген сүйіспеншілігім соншалықты арта түсер».
Осылайша ол меккелік мұһажирлермен былай деп келісім жасайды:
«Мен күнде сіздердің үйлеріңізге келіп, үй шаруаларыңыздың бәріне көмектесейін. Ал сіздер соның қарымы ретінде Алла елшісінің 13 жылдық Меккедегі өмірі жайлы айтып беріп отырыңыздар. Бар тілегім сол ғана».
Меккелік әйелдер оның бұл ұсынысын қабылдаған кезде, Сумәйра төбесі көкке жеткендей қуанады. Осылайша күнде әрқайсысының үйіне барып, Пайғамбарымыз жайлы мәліметтерге қаныға бастады. Таныған сайын Адамзаттың Асылына (саллаллаһу алайһи уа саллам) деген сүйіспеншілігі арта түсті.
Бұл мәліметтерді өзі ғана біліп, сақтап қалмады. Осы нәзік сүйіспеншілікті жанұясындағы жұбайы мен балаларына да еге білді. Олардың Пайғамбарымызды жақсы көргендері соншалық – Меккедегі Әбу Тәліпті көрмесе де оны жақсы көріп, Алланың дінінің дұшпандары Әбу Ләһәб пен Әбу Жәһілді жек көрді.
Һижраның екінші жылы Пайғамбарымыз Бәдір шайқасына адамдарды шақырған кезде Сумәйраның шаңырағынан жастары кіші болғанына қарамастан Ауф, Муғаз және Муғаууиз (р.а.) атты үш баласы бірдей шайқасқа аттанды. Бойлары кішкентай болса да, аяқтарының ұшымен тұрып, өздерін үлкендер секілді көрсетіп, әскер қатарына қосылып кетті.
Үш бауыр да бір-біріне айтпай Алланың дұшпаны Әбу Жәһілді өлтіруге серт береді. Алайда Әбу Жәһілді көрмегендіктен танымайтын. Шайқас үстінде жап-жас боздақтар әркімнен Әбу Жәһілді сұрастырып жүрді. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) оларға: «Сұраған Әбу Жәһілдерің анау» деп нұсқағанда үшеуі де сол мезет Әбу Жәһілдің жанын жаһаннамға аттандырмақ болып, қасынан бір-ақ шықты.
Ауфты Әбу Жәһілдің баласы Икрима шейіт қылды. Муғаз қолынан жарақат алды. Сонда да берілмей, шайқасып Әбу Жәһілді жерге сұлатып салып:
«Үмбеттің перғауыны Әбу Жәһіл өлтірілді», – деп Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алайһи уа саллам) сүйінші сұрады. Алайда ол кезде әлі жан тапсыра қоймаған еді. Пайғамбарымыз көз жеткізу үшін Абдулла ибн Мәсғұдты (р.а.) жібереді. Ол іздеп жүріп, Әбу Жәһілді жерде жаралы жатқан жерінен тауып алып, қылышын сермеп арғы жаққа аттандырады. Ол келіп, Пайғамбарымызға оны өлтіргенін айтып жеткізген кезде, Алла елшісі екі жас жігіттің батырлығына сүйсініп, олар үшін дұға жасайды.
Қанды Ұхұд шайқасында «мұсылмандар жеңіліске ұшырады және Расулалла шейіт болды» деген хабарды ести сала, екі өкпесін қолына алып, соғыс алаңына барған қаһарман әйелдердің бірі – Пайғамбарды жанынан артық жақсы көрген әзірет Сумәйра (р.а.).
Ұхұд шайқасына қатысып қаһармандық танытқан асыл ерлердің қатарында Сумәйраның күйеуі, бауыры және баласы бар еді. Ұхұд шайқасында бұл үшеуі де шейіт болып, денелерінен сау-тамтық қалмайды. Майдан шебіне келген Сумәйраға сахабалар көңіл айтып, сабыр тіледі. Алайда ол:
«Алла Елшісі қандай күйде?» – деп сұраумен болды. Сахабалар Алла Елшісінің тірі екенін айтса да, өз көзімен көрмейінше көңілі көншімеді. Жанындағылардан Алла Елшісінің қайда екенін сұрап алып, бөгелместен сол жаққа қарай бет алды. Пайғамбарымыздың тірі екенін өз көзімен көріп қуанғаннан Сумәйраның жанарынан жас ыршып кетті:
«Уа, Расулалла! Сен тірі болсаң, басқа қиындық сөз емес», – деді.
Күйеуі мен баласынан бірдей айырылып қалу оған ауыр тисе де, олардың жәннатқа баратынына сенген Сумәйра көңілін осылайша жұбатты.
материал «Сахабалардың Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігі» кітабынан алынды,
ummet.kz