29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Өткен іске өкіну қаншалықты зиян?

Өткен іске өкіну қаншалықты зиян?

Сұрақ-Жауап

Ассаләмүғаләйкүм!

Кейде достарым, кейде өзім де бұрынғы қолымнан жіберіп алған мүмкіндіктерге өкінемін. Қап, осылай жасағанымда ғой деген сияқты ойлар келеді.

Уағалейкүмүссаләм!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман бір іннен екі рет өзін шақтыртпайды[1]», - деген. Олай болса, мұсылман өткен іске өкінуі емес, сабақ алуы қажет. Бір рет жіберіп алған мүмкіндікті екінші рет уысынан шығармаудың қарекетін жасауы керек. Ал, өкінішке келетін болсақ, риуаятта: «... Бір жағдай болғанда: «Егер мен былайша жасасам, мынадай және мынадай болар ма еді», - деп айтпасын. Оның орнына: «Алла Тағаланың жазған тағдыры, Оның қалауы болды», - десін. Өйткені, «егер, қап әттеген-ай» (сөздері) шайтанның іс-әрекетіне (сізді азғыруына, жүрекке өкініш салуына) алып барады[2]», - делінген.

Ал енді, «егер де былай болғанда» деген сөздің шариғатта екі қарама-қайшы қолдану аясы бар.

Рұқсат етілген нұсқасы: Танып, білу үшін қолдану. Құран Кәрімдегі: «Егер аспандар мен жерде Алладан басқа құдайлар болғанда, ол екеуі (аспан мен жер) де быт-шыт болар еді...[3]», - аятты айтсақ болады. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Мұсаны рақымына алсын! Егер Мұса біраз сабыр етсе, Алла ол екеуінің қиссасын баян етіп берер еді», - деп Мұса мен Хызырдың қиссасынан сабырлық қажет екенін түсіндірген. Міне, мұндай жағдайда шариғат рұқсат береді.

Тыйым салынған түрі: Өткен іске өкіну тағдырға наразылық таныту боп саналады. Ал, тағдырға наразылық Құдайға асылық боп саналады. Құран Кәрімде ол туралы: «Ей, иман етушілер! Жер жүзінде сапарда немесе жорықта болған бауырлары жөнінде: Егер олар қасымызда болғанда өлмес те, әрі өлтірілмес те еді, - дейтін күпірлік етушілер тәрізді болмаңдар. Алла тірілтеді және өлтіреді. Әрі Алла сендердің не істеп жатқандарыңды Көруші[4]», - делінген. Міне, бұл адамның еңсесін түсіріп, өмірге бейімсіз етеді.

Руслан Қамбар

Исламтанушы


[1] Бұхари, Муслим

[2] Муслим

[3] Әнбия сүресі, 22-аят

[4] Әли Имран сүресі, 156-аят

Бөлісу: