Ассаләмуғаләйкүм!
Ақида, шариғат деп таласып жатып ақыры қызу үстінде «кәпірсің» деп иманына қол сұғады. Осылай айтуға құқылы ма, оның залалы бар ма?
Уағаләйкүм ассәләм!
Адам үшін оның сенімі барлығынан да қасиетті. Сондықтан, «кәпірсің» деп біреуді айыптау – өте қауіпті әрі салдары жаман. Бұл сөз айтқан адамның өзіне айналып келіп тиюі әбден мүмкін. Себебі, кісінің иманына қатысты мұндай ауыр сөз айту үшін ешбір шүбәсіз, екі ұшты мағынасы жоқ бұлтартпас дәлел болуы талап етіледі. Демек, небәрі көзіңіз шалып қалған немесе құлағыңыз еміс естіп қалған жайтқа сүйенуге болмайды.
Абдулла бин Омар (р.а.) бұған қатысты: «Қайсыбір кісі өзінің (діндес) бауырына «ей, кәпір» деп айтса, ол сөз екеуінің біріне барып тиеді[1]», - деген риуаяты осыны меңзейді. Міне, сондықтан Ислам дінінде мұндай қорытындыны тек үлкен діни дәрежесі бар кісі немесе шариғи сот қана шығара алады.
Сабит бин Даххак (р.а.): «...Кімде-кім мұсылманды лағынет етсе, оны өлтіргенмен бірдей. Ал, кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, оны өлтіргенмен тең[2]», - деген.
Демек, қандай жағдай болмасын, адамның иманына қол сұғудан сақ болу қажет. Имам Тахауи кітабында: «Біздің құбыламызға бет түзеушілерді, олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алып келген дінді мойындайтын болса, мұсылман деп атаймыз....[3]», - деп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мен адамдардың сыртқы болмысына қарап төрелік айтуға жіберілдім, ал, Алла Тағала олардың ішкі болмысына билік етеді[4]», – деген сөзін тілге тиек еткен.
Руслан ҚАМБАР
Исламтанушы
[1] Бұхари
[2] Бұхари
[3] Шарх ақида әт-Тахауия, 89-бет
[4] Жоғарыдағы сілтеме