19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Намаздың ішкі парыздары (1)

Намаздың ішкі парыздары (1)

Намаз
  1. Ифтитах (бастау, ашу) тәкбірі

Ифтитах – бастау, жабық нәрсені ашу, ену деген мағынаға саяды. Әрі «тахрим тәкбірі» деп те аталады. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір. Яғни, тіке тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағу. Түрегеп тұра алмаған кісі отырып тәкбір айта алады. Имамның жамағат естуі үшін тәкбірді жариялап айтуы – мұстахап. Бұл жайлы аят: «Раббыңды ұлықта»[1]. Хадис: «Намаздың кілті – тазалық, тахримасы – тәкбір»[2]. Басқа бір хадисте: «Дәретті толық алып, содан кейін  құбылаға қарап, «Аллаһу әкбар» демейінше, Алла ол пенденің намазын қабыл етпейді»[3] - делінген.

Тәкбір ниеттен кейін алынып, имамның тәкбірінен кейін алынуы қажет-дүр.

  1. Қиям (түрегеп тұру)

Қиям – тіп-тік түрегеп тұру деген мағынаға келеді. Намазда негізгі парыздардың бірі саналып, әр рәкатта Құраннан бір сүре оқылатындай уақыт тұру. Құранда Алла Тағала: «Аллаға бағынып, түрегеп тік тұрыңдар», - дейді[4]. Бірақ аяқта тұрып намаз оқи алмаса, отырып оқуына болады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «(Намазды) түрегеп тік тұрып оқы. Егер оған күшің жетпесе, отырып оқы. Оған да күшің жетпесе, сүйеніп оқы»[5].

Ифтитах тәкбірін алатындай күші жеткен адам тік тұрып, тәкбір алып, одан әрі отырып оқуына болады. Қысқасы, науқас адам түрегеп тұруға күші жетпесе отырып, отыра алмаса сүйеніп, болмаса жатып ишаратпен намаз оқи алады.

Нәпіл намаздарды тұрып оқуға күші жете тұра отырып оқуға болады. Бірақ, тұрып оқуға күші жетіп жатса, әрине тұрып оқығаны абзал.

Бұл жерде Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) отырып намаз оқуынан мысал бере кетейік:

Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Бір күні Алла Елшісінің жанына бардым. Барсам, намазын отырып оқып жатыр екен. Намазды бітірген соң:

– Пайғамбарым! Сырқаттанып қалдыңыз ба? - деп сұрадым.

– Жоқ, аштық! Әбу Һурайра, - деді. Мен шыдай алмай, жылап жібердім. Менің жылағанымды көріп:

– «Жылама, Әбу Һурайра! Бұл дүниеде аштық азабын тартқан, арғы жақта Алланың азабын тартпайды»[6], - деп жұбатты.

 

[1] Мүдәссір, 74/3.

[2] Тирмизи, Мауақит, 62.

[3] Әбу Дәәуд, Салат, 144

[4] Бақара, 2/138.

[5] Бухари, Таксир, 19.

[6] Кәнзу,л-Уммал, 7/199.

Бөлісу: