Кәлима таухид:
Оқылуы: «Лә иләһә иллаллаһ Мухаммәдун расулуллаһ»
Мағынасы: «Алладан басқа құдай жоқ және Мухаммед (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) Оның Расулы»
Кәлима шаһадат:
Оқылуы: «Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әнна Мухаммәдан ‘абдуһу уә расулуһ».
Мағынасы: «Мен Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мухаммед (саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) Оның құлы және пайғамбары екеніне куәлік етемін».
Иман – ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Алла тағаладан жеткізгендерінің барлығын жүрегімен қабылдап, тілімен бекіту. Иманның негізі жүрегімен сену. Алайда пендеге осы өмірінде және бақилық болған соң мұсылманша қарым-қатынас жасалуы үшін кәлима шаһадатты тілімен де айтуы шарт.¹³⁸
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім шынайы түрде “лә иләһә иллаллаһ мухаммәдун расулуллаһ”, деп куәлік келтірсе, Алла тағала оның денесін тозақ отына харам қылады».¹³⁹
«Кімде-кім Алладан басқа құдай жоқ екенін біліп дүниеден өтсе, (яғни “лә иләһә иллаллаһ мухаммәдун расулуллаһ” кәлима таухидін жүрегімен растаса) жәннатқа кіреді».¹⁴⁰
«Жәннаттың кілті “лә иләһә иллаллаһ мухаммәдун расулуллаһ” куәлігі».¹⁴¹
Алла Тағала перғауынды теңізге батырып, Мұса (а.с.) пайғамбарды құтқарғанда Мұса (а.с.) пайғамбар Хақ тағалаға былай деп жалбарынады:
– Уа, Раббым! Осы нығметіңе шүкірлік болу үшін маған бір амал үйрет. Алла тағала:
– Уа, Мұса! «Лә иләһә иллаллаһ», деп айт.
– Уа, Раббым! Құлдарыңның түгелі осыны айтады.
– Уа, Мұса! «Лә иләһә иллаллаһ», деп айт – деді тағы да. Мұса (а.с.):
– Лә иләһә иллә әнтә. Уа, Раббым! Өзіңнен маған арналған бір амал сұраймын – деді. Алла тағала:
– Уа, Мұса! Жеті қабат аспан мен оның ішіндегілер: Күн, Ай, жұлдыздар, жәннаттар, Арш, Күрсі, періштелер, жеті қабат жер мен жердегілер: таулар, теңіздер, өзендер, ағаштар, адамдар, жындар және жануарлар таразының бір жағына, ал «лә иләһә иллаллаһ» сөзі екінші жағына қойылса еш шүбәсіз «лә иләһә иллаллаһ» сөзі ауыр тартады».¹⁴²
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Зікірдің ең абзалы “лә иләһә иллаллаһ”, дұғаның ең абзалы “әл-хамду лилләһ”»¹⁴³ – дейді.
Расында, Алла тағала барлық пайғамбарына үмметінің осы дұғаны үзбей жасауын әмір етті. «Лә иләһә иллаллаһтан» асқан ұлы сөз түскен жоқ. Аспан мен жер соның құрметімен тұр. Бұл – ықылас сөзі. Бұл – Ислам сөзі. Бұл – тақуа сөзі. Бұл сөз – нұр, игілік пен рақым сөзі. Бұл Алланың ең ұлы сөзі. Кім бұл сөзді бір рет айтар болса, күнәлары теңіз көбігіндей көп болса да кешіріледі.¹⁴⁴
Иманның шарты алтау. Бұл алты шарт төмендегі арабша және мағынасымен жазылған «әмәнтуде» баяндалған:
Оқылуы: «Әмәнту билләһи уә мәлә’икәтиһи уә кутубиһи уә русулиһи уәл-иәумил-әхири уә бил қадари хаириһи уә шәрриһи миналлаһи та‘алә уәл-ба‘су ба‘дал-мәути хаққун. Әшһәду ән-лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әнна Мухаммәдән ‘абдуһу уә расулуһ».¹⁴⁵
Кәлима таухид хатымы
Бір хадис шәрифте былай айтылады: «Кімде-кім жетпіс мың рет “лә иләһә иллаллаһ” деп айтса, өлім келмей тұрып жұмақпен сүйіншіленеді».¹⁴⁶
Кәлима таухид «лә иләһә иллаллаһты» жетпіс мың рет оқып дүниеден өткен марқұмның рухына бағыштауға болады. Имам Раббани (қ.с.) екі мүридінің бақилық болғанын естігенде әрбіреуіне жеке-жеке жетпіс мың рет кәлима таухид хатымын оқып, олардың рухтарына жеке-жеке бағыштауларын шәкірттеріне тапсырған.¹⁴⁷
Әулие Шейх Әбу Рабиғ (қ.с.) былай дейді: «Жетпіс мың рет “лә иләһә иллаллаһты” оқып, сауабын ешкімге бағыштамай қойып қойған едім. Бір жерде қонаққа бардым. Арамызда жүрек көзі ашық бір бала бар болатын. Ас ішіп отырғанда әлгі бала жылай бастады. Неге жылап отырғанын сұрағанда: “Анамның тозаққа түскенін көрдім”, – деді. Мен сол кезде оқып қойған кәлима таухид хатымының сауабын әлгі баланың анасының рухына бағыштадым. Баланың жүзі бал-бұл жайнап кетті: “Анамның тозақтан шығарылғанын көрдім”, – деді. Осылайша әлгі баланың жүрек көзі ашық екеніне һәм осыны баян еткен хадис шәрифтің де растығына көзім жетті».¹⁴⁸
Иманды жаңарту (тәждид иман)
Имам Раббани (қ.с.) былай дейді: «Нәпсі, азғындығы мен қырсықтығын жасап және Алла тағалаға берген уәдесін бұзып, адамдарды үнемі азғыратындықтан, әр адамның кәлима таухидты қайталап, иманын жаңартып отыруы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Имандарыңды ‘лә иләһә иллаллаһ’ кәлима таухидымен жаңалаңдар” – дейді. Расында, кәлима таухидты үнемі қайталап отыру ләзім. Өйткені нәпсі үздіксіз жамандық, азғындық жолында».¹⁴⁹
___________________________________________________________________________________
¹³⁸ Мұхтасар ғылымхал, 13-бет.
¹³⁹ Сахих Бухари, № 128.
¹⁴⁰ Сахих Муслим, № 26.
¹⁴¹ Әли әл-Муттақи әл-Хинди, Кәнз ул-уммал, 4-том, 325-бет.
¹⁴² Нәсәи, әс-Сунән ул-кубра, № 10670.
¹⁴³ Ибн Мәжә, әс-Сунән, № 3800.
¹⁴⁴ Мухаммед ән-Назили, Хазинат ул-асрар, 212-бет.
¹⁴⁵ Мағынасы: «Мен Алла Тағалаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне және өлгеннен соң тірілудің хақ екеніне иман еттім. Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мухаммед (Мустафа саллаллаһу ‘аләйһи уә сәлләм) Оның құлы әрі расулы екеніне куәлік еттім».
¹⁴⁶ Мухаммед ән-Назили, Хазинат ул-асрар, 212-бет.
¹⁴⁷ Имам Раббани, Мәктубат, 2-том, 14-хат.
¹⁴⁸ Мунауи, Фәйз ул-қадир, 6-том, 245-бет.
¹⁴⁹ Имам Раббани, Мәктубат, 1-том, 52-хат.
материал «Дұғалар жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz