12 Қараша 2026, Бейсенбі 2 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:20
Бесін 12:03
Екінті 14:48
Шам 16:36
Құптан 18:06

Намаз барысында намазды бұзатын сөздер

Намаз барысында намазды бұзатын сөздер

Намаз барысында айтылған намаздан тыс сөздерді төмендегідей топтастыруға болады:


1. Әдейі, біле тұра намаздың ішінде намаздан тыс сөз айту барлық мазһабтарда намазды бұзады. Сөз, ең кемінде, жеке мағына беретін бір әріптен тұруы керек. Мысалы, қазақ тіліндегі «у» немесе жеке мағына беретін не бермейтін, екі не одан да көп әріптерден тұратын сөз, мәселен, «қи», «ми» және «кр» «гн» сөздері намазда айтылса, намаз бұзылады. Ал жеке мағына бермейтін бір әріп және анық әріпті шығармаған дыбыс (дауыс) намазды бұзбайды.

2. Қателесіп не жаңылып айтылған намаздың амалдарынан тыс сөздер намазды бұзады.

3. Намазда сөйлеуге болмайтынын білмей сөйлеу. Шафиғи мазһабынан басқа үш мазһабта намазда сөйлеуге болмайтынын білмей сөйлеген адамның намазы кез келген жағдайда бұзылады. Ол адамның діни мағлұматқа бай, ғалымдар бар ортада өмір сүргені яки ондай ортадан алыс жерлерде өмір сүргені есепке алынбайды.

4. Намазда тұрған адам біреудің мәжбүрлеуінің нәтижесінде сөйлесе, оның намазы бұзылады.

Намазды бұзатын сөзге мыналар да жатады:

а) Ауру, қиналыс және т.б. себептердің салдарынан ыңқылдау, аһылау, үһілеу. «Аһ», «уһ» және «уф» деген сияқты ауырған кезде шығаратын дыбыстарды шығару намазды бұзады.

Бірақ бұл дыбыстарды Алланы еске алып, істеген күнәларының ауырлығын сезінгеннен шығарса, намазы бұзылмайды.

ә) Себепсіз жөтеліп, тамақты қырнау үшін екі не одан да көп әріп шығарса, намазы бұзылады. Ал Құран оқығанда дауысты түзеу үшін тамақты қырнағанда намаз бұзылмайды.

б) Басқаға тіл қату ниетімен Құран оқу. Яғни Құранның кей аяттарында екінші жаққа қарата айтылған сөздер бар. Осы аяттарды Құран оқу ниетімен емес, біреуге тіл қату мақсатында оқыса, намазы бұзылады. Мысалы:

«Ей, Яхия! Кітапты күшпен ал» («Мәриям» сүресі, 12-аят) аятын араб тілін ұғынатын бір жанға «кітапты ал» деген ниетпен намаз оқып тұрып айтса, оның намазы бұзылады. Егер Құранды, тасбихты не тәкбірді, басқалар оның намаз оқып тұрғанын аңғарсын деген ниетпен даусын көтеріп оқыса, намазы бұзылмайды.

Сәһл ибн Сағд (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.а.с.) адамдарға: «Егер сендерге бір жағдай болса (яғни имамның жаңылысқанын байқасаңдар), ерлер тәсбих айтсын, әйелдер қолын ұрсын» хадистегі «қолды ұру» деген – бір қолдың ішімен екінші қолдың сыртын ұру., – деді», – деген (Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-имама, 785).

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz