Намазда рұқсат етілген амалдар:
1. Алладан қорқып жылау.
Абдуллаһ ибн әш-Шиххир (Алла оған разы болсын): «Аллаһ елшісінің (с.а.с.) намаз оқып тұрғанын көрдім. Оның көкірегінде жылағаннан қол диірменінің дауысындай өксік бар тұғын», – деген¹.
2. Күлімсіреу (жымию).
3. Аяқкиіммен намаз оқу.
Егер аяқкиім таза болса, онымен намаз оқуға болады. Бірақ мешіттерде төселген кілемдерде аяқкиіммен жүру мешіттің тазалығына кедергі келтіретіндіктен, мешітке аяқкиім таза болса да, кірмеген дұрыс. Ал сыртта намаз оқығанда таза аяқкиімді шешпестен намаз оқи беруге болады.
4. Жайнамазға намаз оқу.
Мәймуна (Алла оған разы болсын): «Аллаһ елшісі (с.а.с.) төсеніштің үстінде намаз оқитын», – деген². Бұл хадистен жайнамаздың үстінде намаз оқудың шариғатта бар екендігі көрінеді.
5. Намазда аздап қозғалу.
Мысалы, алдыңғы сапты толтыру үшін арасын үзіп бір-екі қадам жасау.
Әбу Қатада әл-Әнсари (Алла оған разы болсын): «Мен Пайғамбардың (с.а.с.) адамдарға имам болып тұрғанда, Умама бинт Әбу Уаққасты³ мойнына көтеріп, рукуғке барса, оны түсіріп және сәждеден тұрса, қайтаратынын (мойнына көтеретін) көрдім», – деген⁴.
6. Көздің бір заттарға түсіп кетуі.
Икрима: «Алла елшісі (с.а.с.) намазда (жан-жаққа) көзінің қырымен мойнын бұрмастан қарайтын», – деген⁵.
⸻
¹ Сунән Әбу Дауд, Китәб әс-салаһ, 769.
² Сахих әл-Бұхари, Китәб әс-салаһ, 366.
³ Яғни Пайғамбардың (с.а.с.) қызы Зәйнәбтің қызы.
⁴ Сахих Муслим, Китәб әл-мәсәжид, 845.
⁵ Муснәд Ахмад, Китәб муснәд бәну Һәшим, 2356. Осы мағынадағы хадисті Абдуллаһ ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) әт-Тирмизи де риуаят еткен.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz