23 Қазан 2026, Жұма 12 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 05:19
Күн 06:46
Бесін 12:04
Шам 17:11
Құптан 18:37

Пайғамбардан (с.ғ.с.) бізге жеткен сүннет намаздар

Пайғамбардан (с.ғ.с.) бізге жеткен сүннет намаздар

Пайғамбарымыздан (с.а.с.) бізге жеткен сүннет намаздар «рауатиб» және «рауатиб емес» деп екіге бөлінеді.


1. Рауатиб дегеніміз – Пайғамбар (с.а.с.) парыз намаздардың алдында және содан кейін оқыған сүннет намаздар. Ол намаздардың өзі іштей «муаккада» және «муаккада емес» деп екіге бөлінеді.

а) Муаккада сүннеттерін Пайғамбар (с.а.с.) үнемі тастамай оқыған, тек кей кездерде ғана мұсылмандар ол намаздардың парыз емес екендігін білсін, сезінсін деген ниетпен оқымаған. Бұл намаздар жайлы жоғарыда имам әт-Тирмизи Айша анамыздан риуаят еткен хадисте айтылған. Олар:

– Таң намазының екі ракағат сүннеті; Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерінде көрсетілгендей, таң намазының екі ракағат сүннеті – ең маңызды сүннет намазы. Тіпті кейбір ғалымдар оны үзірсіз отырып оқуға болмайды деген. Сонымен қатар ол намаздың қазасы түске дейін өтеледі.

Айша (Алла оған разы болсын). «Пайғамбар (с.а.с.): «Таңның екі ракағаты бұл дүниеден және ондағыдан қайырлы», – деді», – деген.

– Бесін намазының алдындағы төрт ракағат – сүннет. Бұл – таң намазынан кейінгі орында тұратын маңызды сүннет намаз. Жалпы, сүннет намаздарды екі-екі ракағаттан немесе төрт ракағаттан бір сәлеммен оқуға болады.

Айша (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) бесіннің алдындағы төрт ракағатты және таңертеңге дейінгі екі ракағатты (яғни таң намазының екі ракағаты) тастамайтын», – деген¹.

Егер намазхан бесін намазының алдындағы төрт ракағатты сүннетті ұмытып кетсе, оны парыз намаздан кейін оқиды.

Осы екі сүннеттен басқа сүннет намаздардың дәрежелері тең. Олар:

– бесін намазының парызынан кейінгі оқылатын екі ракағат сүннет намаз;
– шам намазынан кейінгі екі ракағат сүннет;
– құптан намазынан кейінгі екі ракағат сүннет.

Бұл сүннет намаздар туралы жоғарыда имам әт-Тирмизи Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте айтылған.

ә) Муаккада емес сүннеттер. Бұл намаздарды Пайғамбар (с.а.с.) бірде оқып, бірде оқымаған. Оған төмендегі намаздар жатады:

– Бесін намазының екі ракағат сүннетінен кейін қосымша тағы екі ракағат сүннет намазы.

Умму Хабиба (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Кімде-кім бесінге дейін төрт және одан кейін төрт ракағат оқыса, оған от (яғни тозақ оты) тимейді», – деді», – деген².

– Екінті намазының парызына дейінгі төрт ракағат – сүннет.

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Алла екінтіге дейін төрт ракағат оқыған адамды мейіріміне бөлесін», – деді», – деген³.

Басқа риуаятта: «Алла екінтіге дейін төрт ракағат оқыған адамға жаннаттан үй салады», – делінген.

Тағы бір риуаятта: «Оны тозаққа харам етті (яғни тозаққа түспейді)», – деген.

– Ханафи мазһабынан басқа мазһабтарда шам намазының парызына дейін жеңіл екі ракағат нәпіл намазы оқылады. Ханафи мазһабында шамның парызын кешіктіруге себепкер болмаса, екі ракағат нәпіл намазын оқудың оқасы жоқ.

– Құптан намазының парызына дейінгі төрт ракағат – сүннет.

2. Рауатиб емес сүннеттер: күнделікті бес уақыт оқылатын парыз намаздарға қатыссыз жеке оқылатын намаздар. Бұл намаздар да өз ішінен «муаккада» және «муаккада емес» деп бөлінеді. Олар:

Тарауих намазы: Тарауих намазы ер мен әйел кісілер үшін бірдей суннә муаккада (бекітілген сүннет). Оны кейде «қиямул-ләйл» деп те атайды. Себебі ол рамазаннан басқа уақытта оқылатын түнгі намаздың орнына жүреді.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім рамазанда иманмен және сауаптан үміт етіп (намаз) тұрса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деді», – деген¹.

Тарауих намазын мұсылмандар Омардың (Алла оған разы болсын) заманынан бері жиырма ракағат қылып оқиды. Омар тарауих намазын жиырма ракағат етіп бекіткенде, оған ешқандай сахаба қарсы келместен, бірауыздан мақұлдаған. Яғни бүкіл сахабалар тарауихты Омармен бірге жиырма ракағатты етіп оқыған. Төрт мазһабтың ғалымдары да сахабаларға ілесіп, тарауих намазын жиырма ракағат қылып оқуға келіскен. Бірақ әркімнің оны сегіз, он не он екі ракағат етіп оқуға хақы бар. Ол адам оқыған әрбір ракағаты үшін сауап алады. Кәмәл ибн әл-Һумәм «тарауих намазының алғашқы сегіз ракағаты – сүннет, қалған он екі ракағаты – мұстахаб» деген пікірді ұстанған².

Тарауих намазының уақыты – құптан намазы мен үтір намазының арасы. Кейде тарауих намазын үтір намазынан кейін де оқуға болады. Жалпы, тарауихтың уақыты құптан намазынан таң атқанға дейін созылады.


¹ Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-жумға, 1110.
² Сунән ән-Нәсәи, Китәб қиям әл-ләйл, 1794.
³ Сунән әт-Тирмизи, Китәб әс-салаһ, 390.

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz