Алла елшісі (с.а.с.) жоғарыда ғұсыл алуды талап ететін жағдайлардан басқа кезде де ғұсыл алуды сүннет етіп кеткен. Егер Алла елшісіне (с.а.с.) еліктеу мақсатымен осы ғұсылдарды құйынатын болсақ, сауапқа кенелеміз.
1. Жұма күні ғұсыл алу.
Абдуллаһ ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын), Алла елшісі (с.а.с.): «Біреулерің жұмаға келсе, ғұсыл құйынсын», – деген (2).
2. Екі айтта да ғұсыл алу.
Пайғамбардан (с.а.с.) айт күндері ғұсыл алуға қатысты жеткен хадистердің барлығы дағиф болғанымен, фақиһ ғалымдар сол хадистерді фиқһ кітаптарында бұл күндері ғұсыл алудың сүннет екендігіне дәлел етіп алған. Сонымен қатар имам Мәлик Пайғамбардың (с.а.с.) сахабасы Ибн Омардың (Алла әкесі екеуіне разы болсын) айт күні ғұсыл алатындығы туралы сахих хадисті риуаят еткен. Ал Алла елшісі (с.а.с.) бізге сахабаларды үлгі тұтуға шақырған. Сондықтан біз сахабалардың амалдарын дәлел ретінде қабылдаймыз.
Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) ораза айт күні намаз оқитын жерге (мусаллаға) шықпастан бұрын ғұсыл құйынатын болған (3).
3. Мәйітті жуған адамның ғұсыл алуы.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім мәйітті жуса, ғұсыл алсын. Ал кімде-кім көтерсе, дәрет алсын», – деді», – деп айтқан (4) .
4. Қажылық немесе умра амалдарын бастарда ихрам киімін киюден бұрын ғұсыл құйыну.
Зәид ибн Сәбит (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың (с.а.с.) ихрам (халіне өту) үшін шешінгенін (яғни тігісі бар киімдерін шешкенін) және ғұсыл алғанын көрген (5) .
5-6. Меккеге кіру мен Арафатта тұру үшін.
Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) ихрамға кірерден бұрын сол ихрамы үшін, Меккеге кіруі үшін және Арафатта тұру үшін ғұсыл құйынатын (6) .
________________________________________________________
2. Сахих әл-Бұхари, Китәб әл-жумға, 828.
3 Муатта, Китәб ән-нидә лис-салаһ, 384.
4. Сунән Әбу Дауд, Китәб әл-жәнәзә, 2749. Муснәд Ахмад, Китәб муснәд бәқи әл-муксирин, 9485.
5. Сунән әт-Тирмизи, Китәб әл-хажж, 760. Имам әт-Тирмизи: «Бұл хасан ғариб хадис және бір топ ғылым иелері ихрам үшін ғұсыл алуды мустахаб санаған. Бұл пікірді Шафиғи де қолдайды», – деген.
6. Муатта, Китәб әл-хажж, 619.
материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,
ummet.kz