05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Нумерология, феншуйге сену діннен шығара ма?

Нумерология, феншуйге сену діннен шығара ма?

Пәтуа all

Нумерология ілімі толық сиқырға жатпаса да, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айқындайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген.

Ибн Халдун сандармен қандай да бір болжам жасау туралы: «Бұның барлығы қате тұжырымдар ғана. Олар (нумерологтар) бұл әдісті ой-санасы толық жетілмегендерді алдап-арбау үшін қолданады», – деген.

Тарихта аталған іліммен айналысқан кейбір шейіттік және шектен шыққан сопылық бағыттар жайында келген. «Муқаддима» кітабында мұның жоғарыдағы топтардың ғайыпқа қол жеткізуге құштарлығынан пайда болғаны айтылады.

Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдыретіне, тағдырына шәк келтіру үлкен күнә саналады.

Ал, фен-шуйдің мистикалық тұжырымдамаларының ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ. Сол себепті, фен-шуй ілімін әлемдегі ғылыми қоғамдастықтар «жалған ғылымға» (лженаука) жатқызады.

Ислами тұрғыда айтар болсақ: адамдардың соқыр сенімділіктің соңынан кетіп, бейне бір мүсіндерді тұмар қылып алулары харам. Пайғамбарымыз бірнеше сахих хадистерінде жақсылықты шақырады немесе жамандықты қайтарады дейтін сенімге негізделген тұмарларды тағудан тыйған. Бір хадисте: «Кім тұмар тақса Аллаға серік қосқаны» делінеді. Тек, Құран аяттары мен хадистегі дұғалар жазылған тұмарға рұқсат дейді кей ғалымдар. Одан өзгелеріне рұқсат жоқ. Ешқандай ғылыми не шариғи негізі жоқ, әлдебіреудің мистикалық тұжырымдамаларының негізінде жасалған мүсіндерді құдайдай көріп, олардың ақша шақыратындығына имандай сену – үлкен адасушылық. Сондай-ақ, «аңқау елге арамза молда» демекші, қарапайым халықтың сенгіштігін пайдаланып, пайда не зияны тимейтін мүсіндерді сатып, қалтасын қалындатқысы келетіндердің бұл әрекеттері де күнә, тіпті, әділетсіздік деуге болады.

ummet.kz

Бөлісу: