19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Қыз алып қашудың үкімі

Қыз алып қашудың үкімі

Пәтуа

Қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат берген. Енді қоғамдағы қыз алып қашудың көріністері мен шариғаттағы үкімін атап өтсек.

Қыз алып қашудың негізгі көріністері мыналар:

1) Қызды бір көріп, оның еркінен тыс қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу;

2) Алып қашу қыздың келісімімен болады, бірақ қыздың әке-шешесі оған қарсы.

3) Құдалық шараларын атқаруға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат береді.

Бұлардың шариғаттағы үкімі:

  1. Қызды еркінен тыс зорлықпен алып қашу шариғатқа қайшы.

Оған дәлел: Біріншіден, некелесіп отбасын құру – аса жауапты қадам. Ол адам баласының ұрпағы қияметке дейін жалғасу үшін шариғаттың бекітіп қойған заңдарының бірі. Неке қиюды Алла Тағала Қасиетті Құранда ауыр серт, берік уәде деп атаған: «Екеуің ең баста өзара келіссеңдер және әйел сендерден берік уәде алса (некеге отырса), одан қалай ғана қалыңмал қайтарып аласыңдар?»[1].

Неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы тиіс. Рүкіні - ижаб пен қабул  (жігіт пен қыздың ризалықпен үйленуі). Некенің дұрыс болуының шарттары - уәлидің келісімі (қыздың әкесі немесе аға-інілері т.б.), екі куәгер және мәһір (қыздың сыйақысы) берілуі.

Қыздың разылығы некенің басты рөлін атқарады. Ол жәйлі Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Қыз келісімін бермейінше тұрмысқа шықпайды», –  деді[2]. Сонымен қоса уәлидің (әкесінің, аға-інісінің) рұқсатынсыз неке де дұрыс болмайды. Міне, осы нұсқауларға байланысты қызды бір көре салып қалыңдық етемін деп зорлықпен алып қашу некенің негізгі рүкіндері мен шарттарына қайшы келеді. 

Екіншіден, бойжеткен уәлиге аманат. Ата-анасы оны өзгеден қорғап, жауапкершілігіне мұқият қарауы, ойы жаман, ниет-пиғылы теріс адамдардан, тілдейтіндерден, сұқ көздерден қорғауы тиіс. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «...Ер кісі өзінің отбасына басшы және оларға жауапты...» – деген[3]. Ал қызды алып қашу – біреудің аманатына қол сұғу.

Үшіншіден, Ислам әйелдің дәрежесін көтеріп, құқықтарын қорғайды. Мұсылман қыз баласы сәби кезінде  ана сүтін ему, бауырларының қамқорлығын көру, тәрбие алу құқығына ие. Тұрмысқа шықса, шариғатымыз еріне оның материалдық шығынын қамтамасыз етуді міндеттеді. Әйел сауда-саттық жасауға, білім алып, тәлім беру т.б. құқығына ие. Ал қыз алып қашу – оның құқығын, ар-намысын аяқасты етіп, еркіндігін шектеу. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қоштасу қажылығында Арафа күні  Мина жазығында тұрып: «Расында, сендердің қандарың, мал-мүліктерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (Арафа) күніндей қастерлі (қол сұғуға тыйым салынды)», – деген[4].

Төртіншіден, ҚР Атазаңымыз және ҚР қылмыстық кодексі бойынша да мұндай әрекет қылмыс саналады. Адам ұрлағаны үшін заңмен жазаланып, бас бостандығынан айырылады.

  1. Жігіт қыздың келісімін ала отырып, алып қашады. Егер қыздың ата-анасы екі жастың үйленуіне орынды қарсылық танытса, бұлай үйлену шариғатқа қайшы.

Оған дәлел: Бірінші; ата-анаға бойұсыну, олардың разылығын алу парыз. Алла Тағала былай дейді:  «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті»[5]. Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Алланың разылығы – әке-шешенің разылығында, ал Алланың қаһары әке-шешенің ашуында», – деген. Ендеше, ата-анаға бойұсыну, олардың разылығын табу үйленуден жоғары тұрады.

Екіншіден, біреудің аманатына қол сұғу. Жоғарыда баяндағанымыздай қыз отағасының аманаты. Оның рұқсатынсыз, разылығынсыз қызды алып қашу біреудің аманатына қол сұғу болып есептеледі. Үшінші; неке шарттарының бірі болып саналатын уәлидің рұқсатының болмауы.

  1. Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып

қашуға рұқсат береді. Бұл қызды алып қашуға болады дегенді білдірмейді. Бәлкім, ол екі жақтың өзара келісімі. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей бұл көріністің шариғатқа қайшылығы жоқ. Өсиеттер: 1) Алайда екі жақ өзара келісіп, қызды алып қашуға жол-жоралғы жасағаннан гөрі, құда түсіп алудың жөн-жоралғысы мен салт-сипатын өзара тиімді етіп жеңілдету керек. Негізінде шариғатымыз жеңілдікке құрылған. Алла Құранда былай дейді: «Алла сендерге жеңілдікті қалайды, қиындықты қаламайды» («Бақара» сүресі, 185). Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай дейді: «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар...».  

Үкім:

  1. Қызды еркінен тыс алып қашу харам.
  2. Әке-шешесінің разылығынсыз қызды алып қашу шариғатқа қайшы.
  3. Құдалық шараларын атқаруға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуына рұқсат етеді.  

والله اعلم بالصدق و الصواب  

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі


[1] Ниса сүресі 21-аят.

[2] Насаии риуаяты.

[3] Бу­ха­ри риуаяты

[4] Бухари мен Муслим риуаяты

[5] Исра сүресі 23-24.

Бөлісу: