Алла елшісі (с.а.с.): «Адам достарымен жеген тамақтан жауапқа тартылмайды», – деген. Тіпті кейбір кісілер осы себептен жамағатпен отырғанда көп тамақ ішкен.
Тағы бір хадисте: «Құл үш тамақ үшін жауапқа тартылмайды. Сәресі, ауызашар және достарымен жеген тамағы»²¹ – делінген.
Әли (р.а.): «Бір сағ²² мөлшеріндегі тамақты достарыммен бірге жеу – мен үшін құл азат еткеннен артық», – дейтін.
Абдулла ибн Омар: «Дастарқанда адал астың болуы және жолдастарына ұсыну – адамның абыройы мен мәрттігінен», – деген.
Сахабалар: «Бір дастархан басына жиналу – көркем мінезден», – дейтін. Олар Құран оқу үшін бір жерге жиналып, артынан бір нәрсенің дәмін татпай, яғни жеңіл бір нәрсе жемей қайтпайтын. Кейбір достардың осылай шынайы сезіммен тамақтану үшін бас қосуы – дүниелік емес, ақыреттік іс деген сөз бар. Сондай-ақ бір хадисте былай делінген:
Қиямет күні Алла Тағала құлына:
– Уа, Адам баласы! Мен аш едім, маған тамақ бермедің, – дейді. Әлгі адам:
– Сен әлемдердің Раббысы Алланың ғой. Мен сені қалай тамақтандырамын? – дейді.
Сонда Алла Тағала:
– Аш қалған бір бауырың саған келгенде, сен оны тамақтандырмадың. Егер оны тамақтандырғаныңда, мені тамақтандырғанмен бірдей болар едің, – дейді.²³
Тағы бірде Алла елшісі (с.а.с.): «Сендерге бір адам қонақ болып келсе, оған құрмет көрсетіңдер», – деген.²⁴
«Жұмақта сыртынан іші, ішінен сырты көрінетін сарайлар болады. Олар тәтті және жұмсақ сөйлеген, өзгелерді тамақтандырған және адамдар ұйқыда жатқанда намаз оқыған адамдарға арналған», – деген.²⁵
«Сендердің жақсыларың – өзгелерге ас бергендерің»²⁶
«Бауырың әбден тойғанша тамақтандырғанды, шөлі қанғанша сусын бергенді Алла Тағала арасы бес жүз жылдық жеті шұңқырмен жәннаттан алыстатады».²⁷
___________________________________________________
²¹ Әдди «Дуафа» атты жинағында Жәбирден риуаят еткен.
²² 1040 дирхам.
²³ Муслим Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен.
²⁴ Хараити «Макарими Ахлақ» кітабында Әнастан (р.а.) риуаят еткен. Ибн Әбу Хатам «Иләл» кітабында әкесінен риуаят еткен.
²⁵ Термези Әлиден (р.а.) риуаят еткен.
²⁶ Ахмад ибн Хаким Сухайбтен (р.а.) риуаят еткен. Хаким тізбегінің сахих екендігін айтқан.
²⁷ Табарәни Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят еткен.
материал Имам Ғазалидің «Тамақтану әдептері» кітабынан алынды,
ummet.kz