03 Қараша 2026, Сейсенбі 23 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:05
Бесін 12:03
Екінті 15:02
Шам 16:50
Құптан 18:19

Пайғамбардың (с.ғ.с) отбасы мен бала-шағасына деген мейірімі

Пайғамбардың (с.ғ.с) отбасы мен бала-шағасына деген мейірімі

Муслим өзінің «Сахих» хадис жинағында Амр ибн Сағидтен, ол Әнәстан мына хадисті риуаятетеді.


Әнәс: «Мен бала-шағасына Алла Елшісінен (с.ғ.с) артық мейірімді болған ешкімді көрмедім», — деп, былай жалғастырады: «Ибраһим Мәдинаның шетіндегі сүт анасының қолында еді. Алла Елшісі (с.ғ.с)  сол жаққа баратын, біз де онымен бірге баратынбыз. Оның сүт емізушісі темір ұстасы болатын. Үйге кіргенде пештің түтініне қарамастан, баласын Ибраһимді қолына алып, сүйетін де, кейін қайтатын».

Амр былай дейді: Ибраһим қайтыс болған кезде Алла Елшісі (с.ғ.с): «Расында, Ибраһим — менің ұлым. Ол емізулі кезінде қайтыс болды. Жәннатта оның емізу мерзімін толықтыратын екі сүт анасы бар», — деді.

Имам ән-Нәуауидің шархында Ибраһимнің емізу мерзімі толық екі жылға жетпей, он алты немесе он жеті айлығында қайтыс болғаны айтылған. «ән-Ниһая» кітабында الﻘَﻴْن сөзі «ұста, шебер» деген мағынада түсіндірілген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) отбасына деген мейірімінің тағы бір көрінісі — үй шаруасында оларға көмектесуі. Әл-Асуад Айшадан (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйінде не істейтін еді?» — деп сұрады. Айша р.а «Ол отбасының қызметінде, үй шаруасына көмектесіп жүретін. Ал намаз уақыты кіргенде, намазға тұратын», — деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер адамдардың өзін өзгелерге қызмет еткізетін тәкаппар мінезінен аулақ еді. Керісінше, көптеген істерін өзі атқаратын.

Имам Ахмадтың «Муснадында» және басқа еңбектерде Айшадан (р.а) риуаят етіледі. Ол: «Алла Елшісі (с.ғ.с) киімін өзі тігетін, аяқ киімін өзі жөндейтін және ер адамдардың үйлерінде істейтін күнделікті жұмыстарын өзі атқаратын», — деген.

материал Бағлан Шежімбайдың «Merci» кітабынан алынды, 

ummet.kz